5-6 қараша аралығында Қазақстанның үш университетінің өкілдері Теһрандағы Иран университеттерін аралап қайтты.

5 қарашада Теһрандағы Шәһид Беһешти университетінің Халықаралық конференциялар орталығында Қазақстанның Ирандағы елшілігі мен Иранның Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрлігінің ұйымдастыруымен Иранның университеттері және таңдаулы ғылыми институттары мен Қазақстанның үш университеті, атап айтқанда Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ және Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университеті (ОҚПУ) арасында ғылыми ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылауға арналған ортақ отырыс өтті. Бір күндік отырысқа Қазақстан жағынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ирантану орталығының директоры əрі парсы тілінің аға оқытушысы Жұмаділова Ғайни, Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ-дың Халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы Болатова Жанел, Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Əлімбаев Мырзахан, осы университеттің Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық орталығының үйлестірушісі Елтаева Аида қатысса, Иран жағынан Теһран университеті, Алламе Табатабаи университеті, Санат-е Шариф пен Амир Кабир политехникалық университеттері, Шəһид Беһешти университеті, Хорезми педагогикалық университеті, Ғылым жəне технология университеті, Өнер университеті, Гендік инженерия жəне биотехнология ұлттық институты мен Иранның Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрлігінің өкілдері қатысты. Тараптар өз университеттерін таныстырғаннан кейін ортақ ғылыми ынтымақтастық салаларын талқылап, пікір алмасты.

Сонымен қатар, Қазақстан жағы екі ел университеттері арасындағы ғылыми байланысты жеңілдету мақсатында әл-Фараби университетінің әріптестігімен Шәһид Беһешти университетінде Фараби орталығын ашу туралы ұсыныс жасады. Отырыстан кейін Қазақстан университеттерінің өкілдері Шәһид Беһешти университетінің ректоры доктор  Сейіт Хасан Саддуқпен кездесті. Доктор Саддуқ Иран мен Қазақстан  арасындағы өте бай тарихи және мәдени байланыстарға тоқталып, Қазақстанның аймақтық мәселелерде, атап айтқанда Сирия дағдарысын шешуге арналған Сыртқы Істер Министрлері мен мемлекет басшылары деңгейіндегі Алматы және Астана келіссөздерін өткізудегі маңызды да ықпалды рөліне ризашылық білдіріп, бұл шараның Қазақстанның аймақтағы озық ел екенін білдіретінін айтты. Ол, сондай-ақ, Астанада өткен Ислам елдерінің Білім министрлерінің отырысы аясында  "EXPO-2017" көрмесін тамашалағанын айтып: "Екі ел де Ислам әлеміне тиесілі болғандықтан, Қазақстанның абырой-беделінің көтерілуі біз үшін де мақтаныш. Ғылыми және университеттік қатынастарды дамыту Қазақстанда осындай маңызды аймақтық және халықаралық отырыстарды кеңейтуге негіз бола алады. Шәһид Беһешти университеті мен Қазақстан университеттері арасындағы қарым-қатынасты кеңейту – өте маңызды жоба. Бұл жоба саяси ерік-жігермен ілгерілетілетін болады. Шәһид Беһешти университеті Ресеймен арадағы жұмыс тобын басқарғандай, Қазақстанмен де ғылыми ынтымақтастық саласындағы жұмыс тобын басқаруды өз мойнына алады",-деді. Қазақстан университеттерінің өкілдері Шәһид Беһешти университеті басшылығына ортақ отырыс ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, доктор Саддуқты ресми түрде Қазақстан университеттерімен танысу мақсатында осы елге сапармен келуге шақырды. Кездесу соңында Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университеті мен Шәһид Беһешти университеті арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан университеттерінің өкілдері Шәһид Беһешти университетіндегі Парсы тілін үйрету орталығы мен Дәрілік өсімдіктерді зерттеу орталығын аралады.

Осы сапар аясында Қазақстан университеттерінің өкілдері Тарбиат-е модаррес, Амир Кабир, Алламе Табатабаи мен әз-Захра университеттеріне барып, олардың ғылым және білім саласындағы әлеуеттерімен танысып, магистратура мен докторантура деңгейіндегі студенттер және оқытушылармен алмасу, ортақ ғылыми жобалар орындау және ортақ ғылыми конференциялар өткізу мүмкіндіктерін талқылады. Сапардың екінші күні, яғни 6 қарашада Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университеті мен Алламе Табатабаи университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

 

Nov 08, 2017 10:52 Asia/Almaty
Сараптама