• Қазақстан мен Иранның мәдени және тарихи байланыстарының тамыры тереңге бойлаған

Масуд Шейх Зейнеддин – Қазақстан Республикасындағы ИИР Елшілігі жанындағы Мәдени орталықтың директоры.

Қазақстандағы қызметінен бұрын Иранның Мәдени және исламдық байланыстар ұйымы кеңсесінің бас директоры, Хорватияның астанасы Загребте төрт жыл Иран мәдени орталығының басшысы, Ресейдің астанасы Мәскеуде 3 жыл Иран мәдени орталығы басшысының орынбасары болған.

Зейнеддин мырза, Иран мен Қазақстанның мәдени байланыстары деңгейін қалай бағалайсыз?

Қазақстан мұсылман елі болғандықтан Иранмен мәдени, тарихи байланыстарының тамыры тереңге бойлаған.

Қазақ тілінде парсы сөздері мен парсы тіліне тән адам аттары көптеп кездеседі. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстаннан екі ел арасындағы ортақтастықтар жақсы байқалады. Иасауи тариқатының негізін қалаған қожа Ахмет Иасауидің ұстазы шейх Иусеф Һамедани ирандық болған. Иасауи дүниеден өткеннен кейін екі ғасырдан соң Ақсақ Темір ирандық сәулетшілерді Исфаһан мен Шираз, Табриз қалаларынан шақыртып, кесенені жаңғыртып салдырған.

Кесененің есігінде жазылған араб-парсы сөздерінің арасында Сағдидің «Гүлстан» шығармасынан алынған нақыл сөздер бар.  

Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени ортақтастықтар тақырыбын қарастырғанда Наурыз мерекесі өте маңызды.

Биылғы Наурызда Семей қаласынан «Бабалар сазы» этно-фольклорлық тобы Иранға барып, өнер көрсетіп, ирандық көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп қайтты.

Қазақстан да Ирандағы түріктілдес халықтардың әр түрлі музыкалық шараларға қатысып, өнерлерін бауырлас қазақ халқына танытуына мүдделік танытып келеді. Мәселен, Қазақстандағы үш жылдық қызметім барысында ирандық қашқай тайпаларының өнерпаздары бірінші рет Қазақстанға келіп өнер көрсетті. Содан кейін ирандық басқа да топтар, соның ішінде Занджаннан, Урумиеден келген музыкалық топтар Қазақстанда өткен «Дешті қыпшақ» этникалық фестиваліне қатысты.

Астананың 20 жылдығының тойында «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің халықаралық фестивалінде ұстаз Фарһад Фаһреддин қатысқан Иранның этникалық музыкалық оркестрі де өнер көрсетті.

Cөзіңіз аузыңызда, Ирандағы қашқай тайпасын таныстырып өтіңізші.

Қашқайлар – көшпенді халық. Олар Иранның Фарс, Хузестан мен Исфаһан сияқты оңтүстік аймақтарын жайлаған түркітілдес ел. Ешбір тілге ұқсамайтын өздеріне ғана тән қашқаи тілінде сөйлейді. Халқының саны шамамен 1,7 млн.

Мәдени байланыстар тақырыбына оралсақ, Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасымен тығыс байланыс жасап отырмыз. Иранның Ұлттық кітапханасы біздің мұрындық болуымызбен Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасына Ұлыбритания сыйға тартқан Құран тәпсірінің көне нұсқасын жөндеуден өткізіп, қарағанда көз сүйсінетін күйде қайтарғанын айтуға болады. Үш жылдың ішінде кітапхананың көптеген қыметкерін Иранға біліктіліктерін арттырып, қолжазбаларды қалпына келтіру ісін үйрететін оқу курстарына жібердік.

Қазақстандағы парсы тілінің жағдайы мен осы мамандықты бітірген студенттерді жұмыспен қамту туралы не айтасыз?

Парсы тілі Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде ирантану және парсы тілі топтары түрде ресми оқытылады. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінде парсы тілі екінші тіл ретінде оқытылады.

Шымкентте 1997 жылы құрылған Иран этномәдени орталығы жұмыс істейді. Ол жерде де парсы тілі үйретіледі.

Қазақстанда парсы тілін оқып жатқан кейбір студенттерге материалдық көмек ретінде шәкіртақы тағайындадық. Студенттерді тіл жетілдіру курстарына, оқытушыларды біліктіліктерін арттыру курстарына жіберіп тұрамыз. Бакалавр дипломын алған ынталы студенттерді білімдерін жалғастыру үшін Теһран университеті мен Алламе Табатабаи, Шаһид Беһешти университеттері сияқты Иранның әртүрлі беделді университеттерінде магистартура мен докторантурада оқытып жатырмыз.  

«Парсы тілін бітірушілер жұмыс таба ала ма?» деген өте қиын сауал. Бүгінгі күнгі оның себептерінің бірін Иранға Америка тарапынан салынған заңсыз санкциялар сияқты экономикалық мәселелермен де байланыстыруға болады. Өйткені, соның салдарынан аудармашылар мен парсы тілінің мамандарын қажет ететін Қазақстанда жұмыс істейтін ирандық компаниялардың саны да айтарлықтай азайған. Ғылыммен, зерттеумен айналысуға құлқы бар парсы тілін бітірген мамандарға осы салада ұстаз, ғылыми жетекші ұсыну бойынша көмек көрсетуге әзірміз.

Өзара мәдени байланыс дегенде Қазақстанның мәдениетін ирандықтарға таныстыру саласында қандай қадамдар жасалып жатыр?

Ирандықтардың Орта Азия елдерімен таныстығы Самарқанд және Бұхарамен ғана шектеледі. Қазақстанды таныту үшін қазақ қаламгерлерінің шығармалары парсы тіліне аударылып, парсы тілдес оқырмандарға жол табуы керек. Осы ретте М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы, Сафар Абдулло аударған М.Әуезовтың әңгімелері мен Абайдың қара сөздерін атауға болады. Жуырда Астанада өткен әдеби форумда да осы мәселе көп айтылды.

Аударатын дүние өте көп. Бұл мәселенің маңыздылығы парсы тілін үйреніп, жақсы аудармашы дайындау ісінің өзектілігін арттыра түседі.

Ұлттық колориті басым қазақстандық фильмдер де Иранда көбірек көрсетілуі керек. Жыл сайын Иранда өтетін кинематография саласындағы халықаралық беделді «Фаджр» фестиваліне де соңғы кезде қазақстандық фильмдер қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр.

Сұқбатыңызға рақмет!

 

 

 

 

 

 

Nov 03, 2018 13:29 Asia/Almaty
Сараптама