Dec 13, 2018 12:29 Asia/Almaty
  • Тәуелсіздік күніне орай Теһранда «Қазақстан мен Иран байланыстарының жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Кеше, 11 желтоқсанда Теһранның Алламе Табатабаи университетінің ЭКО жоғары оқу институтында Қазақстанның Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Иранның Алламе Табатабаи университетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан мен Иран қарым-қатынасының қазіргі жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға ИИР-дағы ҚР Елшілігінің өкілдері, атап айтқанда, кеңесші уәкіл Ербол Ахметов пен консул Бекмұрат Хайдаров қатысты.

Дөңгелек үстелде ЭКО жоғары оқу институтының басшысы Гударзи ханым қонақтарға қошемет сөз айтып, Алламе Табатабаи университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасындағы ғылыми-практикалық әріптестіктерге, Қазақстан-Иран ғылыми және мәдени орталығының құрылу тарихы мен атқарылған іс-шараларды атап өтті. ИИР-дағы ҚР Елшісінің орынбасары Ербол Ахметов Иран мен Қазақстан қарым-қатынасының сонау Ежелгі Иран мен Тұран заманынан басталатынын, Фирдоуси «Шахнамасының» қазақ арасында төл туындыдай қабылданатынын, Иранның Қазақстанның егемендігін мойындаған алғашқы елдердің бірі екенін айтып, 27 жыл бойғы екіжақты қатынаста түйткіл туындатқан мәселелердің болмағанын мақтанышпен атап өтті.

Дөңгелек үстелде, сондай-ақ, Алламе Табатабаи университетіне қарасты ЭКО жоғары оқу институтының ұстазы, Теһран университетінің әлемдік зерттеулер факультетінің Еуразия мәселелерін зерттеу кафедрасының профессоры, саяси ғылымдардың докторы Бахрам Амир Ахмадиан «Иран мен Қазақстанның тасымал мен транзит саласындағы қарым-қатынасы және Қытай Президентінің Ұлы Жібек жолындағы «Бір белбеу – бір жол» атты бастамасы» тақырыбында сөз сөйледі. Ол Иранның Өзбекстанмен байланысының жақсарғанын ескере отырып, осы ел арқылы темір жол желісін салып, оны Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жол желісіне қосудың тиімділігін айтты. Сонымен қатар, Орта Азия мәселелері бойынша сарапшы доктор Бехруз Қызыл «Иранның солтүстік-шығысындағы Гүлстан шекаралық облысының әлеуеттерін назарға ала отырып,  «Иран мен Қазақстан сауда байланысын дамыту жолындағы мүмкіндіктер мен кедергілерді саралау» тақырыбында сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныс, соның ішінде Горган мен Ақтау арасында тікелей әуе рейсін ашу, Каспий теңізіндегі Амирабад пен Ақтау айлақтары арасында жолаушы тасымалдайтын туристік кеме қатынасын іске қосу, мәдени іс-шаралар арқылы халықтардың бір-бірін тануына жағдай жасау, өзара тауар алмасып, айшықты брендтер тудыру, Қазақстанда Иран банкінің филиалын ашу туралы ұсыныс жасады. Ол Иранның Түркиямен көптеген сала бойынша бәсекелес болғанымен, Қазақстанмен қатынаста бір-бірін толықтыратын елдер екенін айтты. Бехруз Қызыл Гүлістан облысында қазақтардың тұратынын еске салып, олардың әлеуеттері мен осындай мәдени-әлеуметтік ортақтықтарды өзара қарым-қатынасты дамытуға қолдану қажеттігін қуаттады.

 

Дөңгелек үстел

Дөңгелек үстелде Еуразия Ұлттық Университетінің Интернационализациялау және имидж орталығының басшысы түркиялық профессор Сейт Әли Абджу бейне жолдау арқылы Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ, Еуразия Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, ғылымдарының докторы  Есдәулетова Ардақ Мэлсқызы бейнеконференция арқылы «Қазақстан мен Иран арасындағы көліктік дәліздер және инфрақұрылым» тақырыбында сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел соңында Алламе Табатабаи университетінің Шет тілдері факультетінде өтіп жатқан қазақ тілі курсының студенттері өнер көрсетіп, «Қазақ тілі» әнін орындады.

 

Қазақ тілі курсының студенттері

 

Тегтер

Сараптама