Dec 19, 2018 08:40 Asia/Almaty
  • Иранның Алламе Табатабаи университетінде қазақ тілі курсы аяқталды

Бүгін, сейсенбі күні Теһрандағы Алламе Табатабаи университетінің Парсы әдебиеті және шет тілдері факультетінің Түрік тілі кафедрасында қазақ тілі курсы аяқталды. Курстың жабылу рәсімінде оқушыларға қазақ тілінің бастауыш деңгейін аяқтағаны туралы сертификат берілді.

Түрік тілі кафедрасының жетекшісі Сохраб Резаи жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде: "Қазақ тілі курсын жүргізген докторант Ақмарал Тюлюбаева мен курсқа қатысқан оқушыларға сәттілік тілеймін. Бұл Түрік тілі кафедрасы үшін жақсы тәжірибе болды. Бірінші рет кафедрада түркі тілінің диалектілерімен танысу пәні аясында қазақ тілі курсын өткіздік. Құдайға шүкір, жақсы қабылданды. Оқушылар сан жағынан аз болғанымен, курстың өткізілу сапасы жоғары болып, әріптестер мен студенттердің ризалығына бөленді. Осы курстар жалғасын тауып, Түрік тілі кафедрасында қазақстандық достардың көмегін одан ары пайдаланатынымызға үміттенеміз",-деді.

Қазақ тілі курсына қатысқан магистрант Хамид Джалили Иран Телерадио бірлестігі Pars Today ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында: "Біз 5 апта бойы қазақ тілін үйрендік. Сабақ жақсы өтті" десе, келесі оқушы Беһруз Бейкбабаи да курсы туралы пікірін білдіріп: "Біз үшін өте жақсы мүмкіндік болды. Семестрдың басынан осы күнге дейін Ақмарал ханым аптасына екі рет дәріс берді. Қазақстанның мәдениетімен таныстық, қазақ тілін қалай қолдану керегін түсіндік" десе, Түрік кафедрасының ұстазы  Мұса Рахими "Ақмарал ұстазға алғысымызды айтамыз. 21 сағат дәріс берді. Қазақша сөйлеуді біраз үйреніп қалдық",-деді.

Қазақстанның Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті мен Иранның Әлламе Табатабаи Университеті арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес, Иранның аталмыш университетінде 2018 жылдың 14 қыркүйегі мен 18 желтоқсан аралығында қазақ тілі курсы өткізілді.

 

Сараптама