• ҚазҰУ-де «Қазақстан мен Ирандағы ғылым және білім саласындағы зерттеулердің жаңа әдістері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті

2016 жылдың қарашаның жиырма сегізі мен желтоқсанның үші аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде «Қазақстан мен Ирандағы ғылым және білім саласындағы зерттеулердің жаңа әдістері» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Семинарға ирандық ғалымдар мен Алматы қаласы ЖОО-ның парсы тілінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Алматы қаласындағы ИИР-ы консулдығына қарасты Мәдени өкілдіктің басшысы Сейед Джавад Джалали Киасари мырза мен шығыстану факультетінің деканы Б.Н. Жұбатова семинарға қатысушылардың алдында құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы ғылым-білім саласындағы байланыстарды кеңейту жолдарына тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ғылыми семинар барысында Мазендаран университетінің профессоры Мостафа Рустами мырза «Орта Азияның кітап иллюстрациясына тән ерекшеліктер» тақырыбында онлайн баяндама жасаса, Шахид Бехешти университетінің  профессоры Амир Ченари мырзаның «Қазіргі Иран поэзиясындағы сатира мәселесі» атты баяндамасы семинарға қатысушылардың көңілінен шықты. Қазақстандық ирантанушы ғалымдар да семинар барысында Иран мен Қазақстан арасындағы қатынастар мен тарих, әдебиет және тіл және т.б. тақырыптар төңірегінде баяндама жасады. Атап, айтқанда, доцент Ғ.Қамбарбекова «ҚР Ұлттық кітапханада сақталған сирек кездесетін кітаптар: қысқаша тарихы, тақырыптық ерекшеліктері және каталог жасау мәселесі», доцент Т. Қыдыр «Иран-Тұран әдеби-мәдени байланыстары: Алтын Орда тұсындағы көркем аудармалар негізінде»  деген  тақырыптарда баяндама жасады. Көтерілген өзекті мәселелерге қатысты семинарға қатысушы ғалымдар өз пікірлерін білдіріп, ғылыми талқыға салып, ғылыми тәжірибелерімен бөлісті. 

 

Dec 06, 2016 20:48 Asia/Almaty
Сараптама