• Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музейінде «Фирдоуси әлемінен» атты көрме ашылды

Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәдени өкілдігінің ұйымдастыруымен ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, ЖОО-ның оқытушылары мен студенттері және мәдениет сүйер қауым мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысқан «Фирдоуси Абай елінде» атты мәдени шара жұмысын бастады.

Шараның бірінші күні музейде «Фирдоуси әлемінен» атты Иран миниатюрасы мен декоративті-қолданбалы өнерінің көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген музейдің директоры Болат Жүнісбеков Иран Ислам республикасының Қазақстанның егемендігін ресми түрде таныған алғашқы елдердің бірі болғанын атап, екі ел байланыстарының қазіргі таңдағы жақсы деңгейіне тоқталып, мәдени байланыстардың кеңейе түсуіне мүдделік танытты. Музей директоры осындай көрмелерді өткізу арқылы екі елдің халқын бір-бірінің мәдениеті және өнерімен көбірек таныстыруға үміт білдірді.

Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мәдени кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин де Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі екі ел арасында орнатылған рухани-мәдени байланыстарды оң бағалап, көрменің өткізілуін екі ел арасындағы мәдени байланыстарды кеңейту бағытындағы шара ретінде атап: «Бір халықтың мәдениеті оның әдебиетіне қарыздар. Ол әдебиет жазбаша болса, оның әсері мәңгілік болады. Фирдоуси мың жыл бұрын жазған үздік шығармасы арқылы парсы тілі мен ирандықтардың даналығын  келесі ұрпақтарға жеткізіп, мәңгілікке қалдырды» деді.  

Ол сөзінің жалғасында Фирдоуси мен Абай сынды ұлылар шығармаларында адамгершілікті ту етіп көтергендіктен, олардың мұраларының бір халықпен шектелмейтінін, бүкіл адамзатқа тиесілі екендігін қуаттады.

Көрмеге Фирдоусидің Шаһнамесіне қатысты 47 картина мен Иранның қолөнер туындылары қойылды. Көрменің жұмысы  шілденің біріне дейін жалғасады.

 

 

Jun 17, 2017 21:12 Asia/Almaty
Сараптама