• Астанада

Қарашаның 17-19 күндері Астанада шетелдік туроператорлар, тиісті мемлекеттік органдар мен ақпарат өкілдеріне арналған "Welcome to Astana" атты туризм саласындағы ақпараттық шара өтеді.

Шараның мақсаты – Қазақстанның елордасы Астананың туристік әлеуетімен таныстыру. Шараны ұйымдастырушы – Астана қаласының әкімшілігі мен "Астана Конвеншн Бюро" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ақпараттық турға Иран, Қытай мен ТМД елдерінің туристік қоғамының өкілдері қатысады. Бағдарлама аясында Астананың туристік орындары мен көрнекті жерлері, медициналық, ғылыми және оқу орталықтары, көрме және спорт кешендері таныстырылады. Шараға қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, фольклоры, тұрмыс салты, ұлттық тағамдары және мәдениетімен, сонымен қатар Астананың заманауи мейманханалық индустриясының мүмкіндіктері және "Recommended by Astana" бағдарламасының серіктестерімен танысады. Ақпараттық турдың аясында шетелдік туроператорлар мен туристерге қызмет көрсетуге мамандандырылған қазақстандық туроператорлардың қатысуымен дөңгелек үстел (Workshop) өткізіледі.

Бұл шара "Астана Конвеншн Бюро" компаниясының шетелдік серіктестерімен ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылып отыр. Соның аясында ағымдағы жылдың тамыз айынан қыркүйек айына дейін бұл бюро Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Киев, Минск, Баку, Тбилиси, Теһран, Бейжің мен Сучжоу қалаларында таныстырылым (Roadshow) өткізіп, онда Астананың туроператорлары өздерінің туристік пакеттерін ұсынды.

 

 

Nov 15, 2017 13:44 Asia/Almaty
Сараптама