• «ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ СӨЗ ЭНЕРГИЯСЫ»  атты Еуразиялық әдеби форум өтеді

Адам санасы мен ой-өрісінің мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиеттің адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз.

Қадым заманнан бері өмір шындығының көркем бейнесі болып, адамзат мәдениетінің негізі ретінде халықтық мәселелерді қозғап, қай ұлттың болмасын жанына айналды.

Бүгінгі таңда әдебиеттің поэтикасы байып, тәжірибесі молығып, қоғам мен әдебиет аралығындағы байланыс барынша айқын сипат алды. Бұл ретте халықтардың да бір-бірімен мәдени һәм әдеби байланыс орнатуы да әдебиеттің жаңа сипаттармен толысуына жол ашпақ.

Осы мақсатта Қазақстан Жазушылар одағы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың 19-22 қыркүйек күндері аралығында «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өткізуді жоспарлап отыр.

Форум Еуразия халықтарының көркем әдебиетін танымал ету, ұлттық мәдениет өкілдері арасындағы байланысты нығайту, бірыңғай еуразиялық әдеби кеңістік қалыптастыру, қазақстандық авторлардың аймақтардағы шығармашылығына қолдау көрсету, сондай-ақ, жастар арасында таланттарды анықтау мақсатында өткізіледі.

Дәл осындай ауқымды форум 1973 жылдан бері араға 45 жыл салып Елордамыз Астана қаласында өтпек. Бұл  интеллектуалдық ресурстарды жинақтайтын және халықаралық ынтымақтастық пен мәдени сұқбаттарды дамытуға арналған ең ірі әдеби жоба болмақ.

XXI ғасырдағы жаһандық мәдениеттің күн тәртібіндегі мәселелері сөз қозғалатын форумға Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен 50-ден астам шетел қаламгерлері қатысады.

Форум аясында белгілі жазушылар һәм әдебиет сыншыларымен топтасқан конференциялар, дөңгелек үстелдер және шығармашылық кездесулер, оқырмандармен кездесулер, кітап көрмелері және шеберлік сыныптары өткізіледі.

Әдебиет тынысын зерделеуге арналған форумды өткізу еліміздің әлемдік әдеби кеңістіктегі интеграциясына мол септігін тигізіп, мәдени байланыстың өрістеуіне жол ашпақ.

 

 

Sep 12, 2018 23:33 Asia/Almaty
Сараптама