• Гүлстан провинциясы мен Маңғыстау облысы арасында экономикалық әріптестік артты

Иранның Гүлстан провинциясы делегациясының Қазақстанға жасаған біркүндік сапарының жетістігі Гүлстан мен Маңғыстау облысы арасында әртүрлі салаларда, әсіресе экономика саласында қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытып, нығайту туралы екі меморандумға қол қоюы болды.

 Гүлстан провинциясы әкімшілігінің экономикалық істерді үйлестіру кеңсесінің директоры Аббас Ағнами IRNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатта: "Гүлстан провинциясы мен Маңғыстау облысы арасында жуырда қол қойылған меморандумда 2016 жылы қабылданған меморандум баптарының орындалуын қадағалап, орындау жолындағы кедергілерді жоятын механизм ұсыну, әсіресе сауда-экономикалық салада өзара қарым-қатынасты дамытуды жылдамдату көзделді.

Мұнымен бірге, қос тараптан виза беру мерзімін азайту, денсаулық туризмін дамыту, банкаралық қатынас орнату, Маңғыстау облысы мен Гүлстан провинциясында сауда операцияларына қатысты валюта жөнелтімі үшін айырбастау пункттерін ашу, бір айдың ішінде екі облыста сауда үйлерін ашу, Қазақстанда егін шаруашылығымен айналысу, Горган-Ақтау әуе рейсін ашу осы сапар барысында талқыланып, орындалу қажеттігі қуатталған мәселелердің қатарын құрайды",-деді. Оның айтуынша,  облыс әкімдері қол қойған жаңа меморандум баптарының бірі қос тараптан қадағалаушы төтенше өкіл таныстыру арқылы қосымша меморандумның баптарын жүзеге асыру болды. Яғни, 6 айда бір рет атқарылған шаралардың нәтижелері екі жаққа хабарлануы тиіс. IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында Гүлстан провинциясының әкімі Сейіт Монаф Хашеми өткен жұмада осы облыстың мемлекеттік және жеке секторларындағы бірқатар белсендіні бастап Қазақстанның Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына іссапармен барды. Горган Сауда, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы палатасының басшысы осыған қатысты IRNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: "Екі жақтың Сауда палаталары басшылары арасында қол қойылған  меморандумның баптарына сауда-экономикалық делегациялармен алмасу, туризмді дамыту, Маңғыстау облысында қасапхана ашу, құс шаруашылықтарын құру, бекіре мен асшаян өсіру шаруашылықтарын ашу, сүт өнімдері зауыты мен жылыжай ашу және миуалы бақтар өсіру мәселелері енгізілген",-деді.

Гүлстан Сауда палатасының басшысы Әли Мұхаммад Чупани: "Екі облыс Сауда палаталары басшыларының отырысында биыл Горган мен Ақтау арасында сауда-экономикалық қатынасты бұрынғымен салыстырғанда жеңілдетіп, тараптар арасында сауда платформасын нығайту мақсатында сауда үйін ашу мәселесі талқыланды",-деді. Ол Горган-Ақтау әуе рейсінің ашылатындығына тоқталып: "Бұл жөнінде екі облыс (Гүлстан мен Маңғыстау) әуежайларының бас директорлары отырыс өткізіп, Гүлстан облысының бұл ұсынысы жеке компаниялар арқылы тез арада жүзеге асады деп келісілді",-деді.

Қазақстан мен Иран арасында әуе рейсі жоқ. Екі елдің экономика саласының белсенділері Теһран-Баку (Әзірбайжан), Баку-Алматы, Алматы-Ақтау бағыттары арқылы қатынап жүр. Горган-Ақтау әуе рейсі ашылған жағдайда тікелей байланыс орнап қана қоймайды, арақашықтық 15 сағатқа қысқарады. Чупанидің айтуынша, Ақтау сапары бағдарламасында Гүлстан провинциясының ауыл шаруашылығы, кен және өнеркәсіп, сауда-саттық, балық шаруашылығы, мәдени мұра, қолөнер кәсібі және туризм салаларындағы жауапты тұлғаларының қазақстандық әріптестерімен әртүрлі салалар, соның ішінде сүт өнімдері, балық шаруашылығы, банк, денсаулық туризмі бойынша келіссөздер өткізуі, қос жақтың Сауда палаталарының мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлерінің отырысын өткізу және Құрық теңіз айлағындағы терминалмен танысу да болды.

1 млн 869 мың тұрғыны бар Гүлстан провинциясы Маңғыстау облысымен "бауырлас облыс" аталуы және Горганда Қазақстан республикасы Бас консулдығының жұмыс істеуімен бірге басқа да жақындығы бар: 1500 қазақ жанұясы, яғни 6-8 мыңдай адам көп уақыттан бері Горганда өмір сүріп жатыр.  

 

Oct 31, 2018 18:03 Asia/Almaty
Сараптама