Sep 08, 2019 21:56 Asia/Almaty
  • Қазақстан Президенті Қытайға қарсы митингілер туралы пікір білдірді

Қазақстан Президенті елде Қытайға қарсы өткен митингілерге реакциясында: "Бұл жиындар – саяси ойындардың бір бөлігі",-деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда жуырда өткен Қытайға қарсы митингілерге тоқталып: "Патриоттық сезімге сызат түсіру арқылы наразылық сезімін тудыру – дұшпандардың халықтың бірлігін жойып, елді тұрақсыздандыру үшін жасап отырған әрекеттерінің бір бөлігі",-деді.

Қытайдан үркіту қазіргі таңда Орта Азия мемлекеттерінде көп талқыланатын тақырыптардың бірі екенінде күмән жоқ. Қытай үкіметі Орта Азия мемлекеттеріндегі әскери және экономикалық құрылымдарды жақсартуға бар күшін салып жатқан шақта Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан мен Түркіменстанның кейбір ақпарат құралдары бұл елдерде Қытайдан үркіту саясатын күшейтіп отыр. Бұған қатысты Қырғызстанның саяси істер жөніндегі сарапшысы Фикрет Шабанов: "Өзбекстанның ақпараттық кеңістігіне шолу жасасақ, соңғы жылдарда Қытайға қарсы материалдар санының айтарлықтай артқанын көруге болады. Қазақстанда Қытайдан үркіту – кең таралған тақырыптардың бірі. Бұл елде Қытай азаматтарына виза беруді тоқтату немесе оларға жер беруге тыйым салуға қатысты наразылық акциялары үнемі өткізіліп тұрады",-деді.

Шын мәнінде бұл жағдайлар Қытайдың Орта Азия мемлекеттерінде еркін әрекет етуде кедергілерге ұшырап отырғанын көрсетеді. Бұл кедергілер іс жүзінде аймақтық және жаһандық алпауыттардан туындап отыр. Мысалы, АҚШ, сионистік режим мен пантюркистік белсенділіктердің көшбасында тұрған Түркия – Қытайдың Орта Азия мемлекеттерінде жұмыс істеуіне кедергі болып отырған негізгі факторлардың бірі.  

Ал бұл жағдайда Қытай үкіметі Орта Азия мемлекеттерін әскери тұрғыдан нығайтуды өзінің әскери нығаюы санайды. Сол себепті ол Орта Азия мемлекеттері қиындыққа ұшыраған өңірлерде бұл елдерге көмектесуге асықты. Мысалы, ДАИШ лаңкестік тобы Сирия мен Иракта жеңіліске ұшырады, бірақ АҚШ пен Парсы шығанағындағы Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты кейбір араб елдерінің қолдауымен осы топтың қалған мүшелері Ауғанстанның солтүстігіне, осы ел мен Тәжікстан және Өзбекстанның шекараларына жақын аудандарға тасымалданды. Кейбір хабардар дереккөздерінің айтуынша, АҚШ пен оның одақтастарының саясаттары Сирия мен Иракта жеңіліс тапқаннан кейін Вашингтон ДАИШ тәкфирлік-лаңкестік тобын Орта Азия мемлекеттерінде орналастыруға талпынып жатыр.

Қытай Орта Азия мемлекеттерімен қауіпсіздік саласындағы әріптестіктерін нығайтуға мүдделі. Сондықтан бұған аса зор маңыздылық беріп отыр. Бейжің үкіметі мынадай шындыққа көз жеткізді: Орта Азия мемлекеттері мен Ауғанстанның шекараларындағы тынышсыздық Қытайға қауіп төндіретін басты факторлардың бірі саналады.

Тегтер

Сараптама