• Зариф Йеменде тез арада атысты тоқтату бітімін орнату қажеттігін қуаттады

Үш жылға жуық уақыттан бері Йемен Сауд Арабиясының үздіксіз шабуылдарына душар болып отыр. Шабуылдардың жалғасуы бұл елдің адами апатқа ұшырауына соқтырды.

БҰҰ Бас хатшысының айтуынша, әрбір 10 минут сайын бір йемендік бала Йеменнің қоршауға алынуы салдарынан тырысқақ ауруы мен азық-түлік тапшылығына байланысты жан тапсырып жатады.

Әлемдік Қызыл Крест ұйымының халықаралық комитет басшысы Петер Маурер жексенбі күні Теһранда Йемендегі ауыр жағдайға қатты алаңдаушылық білдірді.

Әлемдік Қызыл Крест ұйымының халықаралық комитет басшысының Иран СІМ-мен кездесуі кезінде қуатталған маңызды мәселелердің бірі Йеменде тез арада атысты тоқтату бітімін орнатып, соғысты бастан кешіп, қоршауға алынған бұл елге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберу қажеттігі болды.

Мұхаммад Джавад Зариф кездесуде: "ИИР Сирия мен Йеменнің соғысты бастан кешіп жатқан халықтарының бақытсыздықтарын азайту және бұл халықтарға гуманитарлық көмек жіберуге ықпалдастық таныту үшін бар күшін салады",- деді.

Саудия режимі АҚШ-тың қолдауымен 2015 жылдың наурыз айынан бастап Йеменге әскери басқыншылық жасап, бұл елді құрлық, теңіз және әуе кеңістігі бойынша қоршауға алған болатын. Бірақ Сауд Арабиясы кімдер үшін қызмет жасайды? Осыншама қатігездіктер соғыс отын өршіту кімдер үшін пайдалы?

Ұлыбританиялық The Guardian газеті Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммад бин Салманның Лондонға сапары қарсаңында: "Ұлыбритания саудиялықтардың қылмыстарына көз жұмып, адам құқықтарының бұзылуы мен Женева конвенциясына мән бермей отыр. Себебі, Ұлыбритания Риядпен сауда қатынастарына басымдық беруде",- деп жазды.

The Guardian газетінің бір мақаласында: "Мұхаммад бин Салман – Женева конвенциясын бұзып, Йемендегі ауылшаруышылығының инфрақұрылымдарын жойып, азық-түлік және сүт өнімдерін өндіретін зауыттар мен егістіктерді бомбалаған адам. Бейбіт тұрғындарға қарсы әуе шабуылдары салдарынан осы уақытқа дейін арасында балалар бар көптеген йемендік азамат қаза болып, жараланды",- деп жазды.

Шындығында, Сауд Арабиясының Йеменге қарсы соғысының түбінде АҚШ, Ұлыбритания мен Израильдің лас мүдделері, әсіресе олардың Сауд Арабиясына қару-жарақ сатуы мен сауда жүргізуден түсетін пайдасы жатыр.

Бин Салманның жуырдағы Лондонға сапары барысында екі ел арасында құны 100 миллиард доллар көлеміндегі келісімге қол қойылды.

АҚШ президенті Дональд Трамптың өткен жылы Риядқа сапарын кезінде де құны 100 миллиард доларды құрайтын қару-жарақ сату туралы келісімге қол қойылған болатын.

Najmo Sageb ақпарат агенттігі: "Йемендегі тырысқақ және менингит ауруларының таралуы Йеменнің панасыз халқына қарсы әскери амалдарында тығырыққа тірелген АҚШ пен оның жалдамалыларының қаруы саналады",- деп хабарлады.

Саяси мәселелер жөніндегі сарапшы Мэтью Мурджа өкініш тудыратын ащы шындыққа сілтеме жасап: "Сауд Арабиясы йемендік балаларға қарсы қылмыс жасап, бұл елдегі мектептер мен ауруханаларды бомбалап жатыр. БҰҰ болса бұған қатысты сындарлы шара қолданып жатқан жоқ. Себебі, ол АҚШ-қа қызмет етеді",- деді.

Йемендегі адами апат саудиялық режимнің бұл елді қоршауға алуының жалғасуына байланысты шиеленісуде. Егер осы шабуылдарды тоқтатып, Йеменге көмек жіберу үшін нақты шара жүзеге асырылмайтын болса, бұдан да үлкенірек апатты күткеніміз жөн.

 

 

Mar 12, 2018 17:38 Asia/Almaty
Сараптама