• Теһранда Иран мен Қазақстанның ғылыми-мәдени орталығы ашылды

Мамырдың алтысы күні Қазақстанның Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Иранның Алламе Табатабаи университетінің мұрындық болуымен аталмыш ирандық университеттің мамандандырылған білім орталығында Иран мен Қазақстанның ғылыми-мәдени орталығы ашылды.

ИИР Телерадио бірлестігі  әлемдік қызмет торабының қазақ тіліндегі радиосының хабарлауы бойынша, Иран мен Қазақстанның ғылыми-мәдени орталығының ашылу рәсіміне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Батташұлы мен Алламе Табатабаи университетінің ректоры доктор Хосейн Салими қатысты.

Доктор Хосейн Салими Иран-Қазақстан ғылыми және мәдени орталығының  ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстаннан келген ғылыми-университтеттік делегацияға қошемет білдіріп: «Қазақ халқының Фирдоуси, Хафиз бен Сағди сынды ақын‑жазушылардың туындыларымен таныс болғаны сияқты Иранның ойшылдары да Қазақстанда «ясауия» сопылық тариқатының негізін қалаушы  Қожа Ахмет Ясауи мен ұлы ақын, философ Абайдың ойлары мен туындыларын таниды. Қазақстан Кеңес одағынан бөлініп, тәуелсіздік алған кезде Иран бұл елді алғашқылардың бірі болып ресми түрде таныды. Сол кезден бастап екі елдің қарым‑қатынасы жоғары деңгейде дамып келеді. Осы күнге дейін Иран мен Қазақстанның басшылары екі елдің астаналарына бірнеше рет барды. Иран өзінің аймақтық саясатында Қазақстанмен байланысын дамытуға айрықша маңызылық беріп келеді. Әсіресе, «Ортақ қадам» жан‑жақты бағдарламасынан кейін экономикалық салада өзара байланыстың кеңеюі екі елде мол әлеуеттердің бар екендігін көрсетеді.  Біз Қазақстанның Иран мен «алтылық» елдері арасындағы ядролық келіссөздерді өткізген ел болғанын ұмытпаймыз. Осы арада ғылыми дипломатия мен университетаралық қарым‑қатынас ирандық және қазақ ұстаздар мен зерттеушілер арасындағы әріптестікті дамытуда ерекше орынға ие бола алады. Екі елдің ұлы тұлғаларының гуманитарлық ғылымдар саласындағы ойлары мен көзқарастарымен танысуды арттыру Иран мен Қазақстанның саяси‑экономикалық және мәдени салалардағы байланысын тереңдетуге көмектесе алатыны сөзсіз. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Алламе Табатабаи университеті арасындағы ғылыми әріптестіктің дамуы осындай ынтымақтастықтың сәтті үлгісі бола алады. Бұл әріптестік екі университеттің ұстаздары мен студенттері арасында ғылыми достықтың қалыптасуына септігін тигізіп келеді. Алламе Табатабаи университетінде Иран‑Қазақстан ғылыми‑мәдени орталығының ашылуы – осы байланысты жүйелендіру үшін жасалған қадам. Бұл орталық тек екі елдің өркениет және мәдениет тұрғысынан ортақтастықтарын таныстырып қана қоймайды, сонымен қатар ғылымның әртүрлі салаларындағы әріптестікті дамытатын жер болады. Екі университеттің экономика саласындағы мамандарының қос елдің экономикалық әріптестігінің әлеуеттерін зерттеуі екі ел басшылары үшін әсерлі шешім жолдарын табуда пайдалы болады. Иран мен Қазақстанның басқару үлгілері, әлеуметтік құрылымдар, тәлім-тәрбие беру және саяси‑құқықтық жүйелерін зерттеу және осы үлгілерді университеттерге таныстыру тиімді әріптестікке жағдай жасауда өте пайдалы. Екі елде де философия мен әдебиет саласында ортақ зерттеу жобаларын орындау және сопылық ойлардың тарихи тамырларын зерттеу өте маңызды болмақ. Ақпараттық байланыс және журналистика саласындағы әріптестік те екі университеттің ұстаздары арасындағы ықпалдастықта маңызды орын алады. Сондықтан бұл орталықтың қолданыс аясы ауқымды болмақ»,‑деді.  

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Батташұлы Иран мен Қазақстанның байырғы Ұлы жібек жолының бойында орналасқандықтан барыс-келісі мен алыс-берісі көп болғанын айтып, ортақ тарихи жәдігерлердің көптігіне байланысты бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыруға болатынын айтты. Сыдықов, сонымен қатар, 20 ғасырдың басында Иранға көшіп келген қазақтардың салт-дәстүрді жақсы сақтап қалғанына тоқталып,  бұл жаққа этнографтардан тұратын ғылыми делегацияны жіберіп, зерттеулер жүргізуге болатынын айтты. Сондай-ақ, ирандықтардың орыс тілін үйренуге деген қызығушылығын ескере отырып, Сыдықов Еуразия Ұлттық университетінде Ресеймен салыстырғанда арзанырақ орыс тілін меңгеруге болатынын айтты.

Иран мен Қазақстан ғылыми‑мәдени орталығының ашылу рәсімінде тараптар сыйлық алмасып, суретке түсті. 

 

 

 

 

Мамыр 08, 2018 16:37 Asia/Almaty
Сараптама