• Түркістанда шетелдегі қазақтардың қатысуымен «Туған жерге тағзым» атты шара өтті

2018 жылдың 21 қарашасында Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» атты кең ауқымды жоба аясында алыс-жақын шетелдерден арнайы шақырылған қазақтарға Қазақстанның Түркістан өңірінің киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсия өткізілді. Осы шараға Ираннан барған этникалық қазақ Жапарбай Шадкамды әңгімеге тарттық.

Сәлеметсіз бе! Алдымен өзіңізді таныстырып, Қазақстан сапарыңыздың мақсаты мен егжей-тегжейін баяндап берсеңіз.

Мен, Жафар Шадкам Ирандағы қазақ диаспорасының өкілі ретінде Қазақстан республикасының Түркістан облысында өткен "Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым" атты жиынға қатысып келдім. Осы жиынды «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірігіп өткізді. Жиынға 25 алыс-жақын шетелден келген қонақтар қатысты. Шараның бағдарламасы тығыз болды. Бәрі бір күнде өтті. Бір күннің ішінде қонақтар Отырар ауданынан бастап, Шәуілдір елді мекенін аралап, сол жерде Арыстан баб кесенесін зиярат етіп, құран бағыштадық. Сосын сол жердің мұражайларын араладық. Одан кейін Түркістан қаласына барып, Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне зиярат жасадық. Соның төңірегіндегі мұражайларды аралап, біраз мәліметтер алдық. Одан кейін қонақтар Түркістан облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен кесененің төңірегінде құрылған киіз үйлерге барып, облыс әкімінің дастарханында бірге дәмдес болып, сол жерде біраз әңгіме айтылды. Түскі астан кейін Қожа Ахмет Иасауи атындағы Түркі-қазақ университетінің 8-қабатында үлкен дөңгелек үстел болды. Сол дөңгелек үстелде біраз мәселелер талқыланды. Қауымдастық пен «Отандастар» қоры осыған дейін қандай шаруа бітіргенін, келешекке құрған жобаларымен таныстырып, шетелдегі қазақтардың мұң-мұқтажымен танысып, олардың мәселелері мен қиыншылықтарын тыңдап, оларды шешуге уәде берді. Сонымен сол бір күннің ішінде жиын аяқталып, кешкі астан кейін қонақтар өз елдеріне қайта бастады.

 

Арыстан баб кесенесі

Сіз дөңгелек үстелде сөйлеген сөзіңізде Ирандағы қазақтарға қатысты қандай мәселелерді қозғадыңыз?

Мен дөңгелек үстелде Ирандағы қазақтарға қатысты біраз мәселені көтердім. Уақыт шектеулі болғандықтан, әр адамға 2-3 минуттан ғана берілді. Мен Иранда қазақтардың қай аймақта тұратынын, олардың жағдайы туралы біраз айтып, негізгі мәселелердің қатарында ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтау екенін айттым.

Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы нығайып жатыр. Қазір Қазақстан университеттерінде екі ел үшін де пайдалы болатын қолжазба түрінде сақталған сөздік бар. Сондайларды қолға алып, қаржылай демеушілік жасап, басып шығарса деген ойымды айттым. Түркістан облысының өзіне қатысты айтсам, өз нағашымыздың Қожа Ахмет Иасауидің хикметтерін аударған еңбегін кітап қып басып шығарса деген ойыммен бөлістім. Қазақтардың көш мәселесі де сол жерде талқыланды. Тіл мәселесіне қатысты Мемлекеттік тілді қолдау комитетінің өкілі де отырды.  Сол жиында ол кісі қандай жобаларды қазір қолға алып жатқандарын, қандай шаруаларды бітіргендерін айтты. Түрлі сайттар ашылыпты. Сол сайттар арқылы шетелдегі қазақтар қазір онлайн режимінде қазақ тілін үйрене алады екен. Балаларға арналған да әртүрлі сайттар бар. Шетелдердегі қазақтарға кітап таратуға мүмкіндік аз. Заман талабына сай осындай сайттарды қолданып, тілді үйренуге, дамытуға болатынын айтты. Мен сол сайттардың атауларын жазып алдым. Кейін Ирандағы қазақтарға хабарлап, осындай сайттар бар екен, көріп, пайдаланыңыздар деп айтамын.  

Жиынға Қазақстанның жоғары лауазымды қай тұлғалары қатысты?

Жиында «Отандастар» қорының Президенті Нұртай Әбіқаев, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары  Зауытбек Тұрысбеков  пен тағы басқа лауазымды тұлғалар болды. Мемлекеттік тілді қолдау комитетінің өкілдері мен басқа да ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.   

 

Зауытбек Тұрысбеков

25 елден өкіл келді дедіңіз. Сол елдердің біразын атап өтсеңіз.

Қонақтар алыс-жақын шетелдерден, соның ішінде Түркия, Франция, Швеция, Аустрия, Украина, Беларусь пен Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия мен Ираннан келді.

Осындай жиындардың сырттағы қазақтарға маңызы бар деп ойлайсыз ба?

Әрине, сырттағы қазақтарға маңызы бар екені белгілі ғой. Мұндай жиындар жүйелі түрде өтіп тұрса, сырттағы қазақтардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғаны айтылып, талқыланып, олардың шешім жолдарын тапса, одан кейін сол мәселелерді шешуге жоспар құрса, өте пайдалы болады. Түркістан облысының мұндай жиынды бірінші болып бастап өткізуінің бір үлкен маңызы бар сияқты. Өйткені, Түркістан облысы Қазақстанның рухани астанасы саналады. Алда Түркістан облысы мен Түркістан қаласын күллі түркі әлемінің рухани орталығы ететін бір жоспар бар сияқты.

Сіз Шымкентте бұрын да болған екенсіз. Осы жолғы сапарыңыздан алған әсеріңізді қалай сипаттайсыз?.

Шымкентке 2001 жылы жеке сапармен барсам, 2002 жылы Түркістанда өткен құрылтайға қатыстым. Содан бері арада 16-17 жыл өтіпті. Осы жолы барғанда бір таң қалғаным, өте үлкен өзгерістер болып, қала өсіп, өркендеп, көркейіп жатыр екен. Мысалы, баяғыда кесененің төңірегі маң дала еді. Қазір оның төңірегіне үлкен мұражайлар салыныпты. Түркияның көмегімен үлкен зәулім мешіттер бой көтеріпті. Көшелердің бәрі көркейіп, кеңейіп жатыр екен. Соларды жақыннан көріп, қуанып келдік.

Сұхбатыңызға рахмет!      

 

 

 

Тегтер

Dec 01, 2018 18:37 Asia/Almaty
Сараптама