• Иран Қорғаныс министрінің Бейжіңдегі келіссөздері – әскери-экономикалық ынтымақтастықты қуаттау

Иран Қорғаныс министрі бригада генералы Амир Хатами қытайлық әріптесінің шақыруымен әскери-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бейжіңге сапар шекті. Ол осы қалада Қытай Қорғаныс министрі Вей Фынгимен кездесіп, аймақтық тақырыптар және әскери-қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастық төңірегінде пікір алмасты.

Иран мен Қытайдың Қорғаныс министрлері келіссөздерінде аймақтағы жағдайға, әсіресе АҚШ-тың Оңтүстік-шығыс және Батыс Азияда дағдарыс тудыру әрекеттеріне қатысты тиісті үйлестіру жұмыстарын атқарды.

Бригада генералы Амир Хатами, сондай-ақ, Қытайдың Орталық әскери комиссиясы басшысының орынбасары Жанг Юшиямен кездесуінде әлемнің, әсіресе Батыс Азия аймағының күрделі жағдайына тоқталып, Иран мен Қытайдың аймақтық ынтымақтастығын бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік тудыру үшін аса қажет іс деп атады.

ИИР қоқан-лоққыларға төтеп беруге қажет тежегіш күшке ие. Бұған қарамастан,  Иран әскери салада екі мақсатты жіті көздеп отыр:

бірінші мақсат – тиісті салаларда, әсіресе зымырандық қорғаныс саласында күш-қуатты арттыру. Бұл тежегіш қуат саласында стратегиялық маңыздылыққа ие;

екінші мақсат – көзделген  мақсатқа жету жолындағы қозғалысты жылдамдату үшін тәуелсіз елдермен әскери әріптестік жасау әлеуеттерін пайдалану.

Осы аяда Бейжің-Теһран арасындағы қарым-қатынастың артып бара жатқан үдерісі тараптардың аймақтық және халықаралық интеграцияға қарай қадам басатынын көрсетеді.

Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі сарапшы әрі бұрынғы ирандық дипломат сейед Хади Афқахи: "Мұндай әріптестіктер қарым-қатынас деңгейін әскери ынтымақтастық деңгейінен жоғарылатып, тіпті экономикалық ынтымақтастық жағдайын нығайта алады",-деді.

Бұл тақырып мына тұрғыдан маңызды: Иран мен Қытай әріптестігінің айтарлықтай бөлігін экономика құрайды. Аймақтағы қауіпсіздік экономикалық қатынастағы тұрақтылықты кепілдендіреді. Бір жағынан ИИР әскери қуатының аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік орнатып, лаңкестік және ДАИШ-пен күресте қолданылуы Бейжің-Теһран қарым-қатынасының жаңа тарауының қалыптасуына әсер етті. Қазіргі таңда Бейжің-Теһран әскери саладағы ортақ стратегияларды ілгерілету арқылы бұл әріптестікті екі ел байланысындағы мықты тұсқа айналдыруға шешім қабылдап отыр. Бұл шешім АҚШ-тың біржақты саясат ұстанып, аймақты бейберекеттік пен тұрақсыздыққа жеткізіп, аймақтағы ұжымдық мүдделер мен әріптестіктерге соққы беру жолында әрекет еткен жағдайда қабылданып отыр.

Лаңкестік топтардың Таяу Шығыстың қауіпсіздігін түйткілге ұшыратқанына бірнеше жыл болды. ИИР өзінің стратегиялық принципі негізінде әрдайым әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің болуын көздеп келеді. Бұл мәселе Иранның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласында белсенді ойыншыға айналуына себеп болды. Ираның осы ұстанымы аймақтағы ірі экономикалық ойыншы Бейжің үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды.

 

Тегтер

Sep 09, 2018 17:09 Asia/Almaty
Сараптама