• Иранның танымал тұлғалары (105)

Бүгінгі бағдарламада Әмір Әлішер Науаидің өлеңдеріндегі ирандық болмыстың ерекшеліктерін талдайтын боламыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

К. Роджерс болмыс-бітімді «өзі мен өзгелердің арасында тепе-теңдік орнату» деп атаған. Ұлттық болмыс бір қоғамдағы ортақ белгілер мен ерекшеліктерге  тиесілік пен адалдық сезімі деген мағынаны білдіреді. Айырмашылық пен танымалдылықтың себебі болатын бұл белгілер мен элементтерге әлеуметтік, мәдени және тілдік, тарихи және географиялық, саяси және діни ерекшеліктер жатады. Болмыс осы ерекшеліктерге негізделіп, уақыт барысында өзгеріп тұратындықтан шарықтаулар мен құлдырауларға ұшырайды.  

Ұлттық болмыс

Ұлттық болмыс – бір ұлтты екінші ұлттан  ерекшелендіретін құрал. Осы айырмашылықтың басты шарты – түйсік. Өзіңді өзгеден бөліп алу түйсігі болмаса, ұлттық болмыс қалыптаспайды. Ойшылдардың көбі негізі болмыс адамдардың өз-өзін өзгеше бір тіршілік иесі ретінде түсінуіне қатысты болады деп санайды. Болмыс адамның өз-өзін сипаттап, қайта танитын тәсілі саналатындықтан өзін-өзі тану және өзін өзгелерге таныстыру үшін қажет.  Кез-келген ұлттың болмысы бірінші кезекте сол ұлттың географиялық ортасынан туындайды. Сондықтан  Иран үстірті ирандық болмыстың пайда болып, дамуының бесігі болып табылады.

Иранның болмысы мифологиялық заманнан бастап қалыптасқан. Иран өркениетінің болмысы мен өркениетінің ең маңызды белгісі және Иранның тарихы мен мифологиясын баяндайтын Фердоусидің «Шахнамасының»  мифологиялық бөлімі мен тарихи бөлімінде де Иран ел ретінде, Иран халқы  ұлт ретінде аталған. Ирантанушылардың әртүрлі мәдени, әдеби және көркемдік салаларда зерттеулерінің молдығы Иранның бағзы замандардан бері әрдайым мәдениет пен өркениеттің бесігі болғандығын, ежелгі замандағы ең жоғары өркениеттердің бірі саналғанын және жоғары әрі құнды болмыстық тақырыптарға ие болғанын көрсетеді.

Ирандық болмыс

Иран географиялық тұрғыдан байланыс жолдарының қиылысында орналасып, шабуыл жасап, басқа елдерді жаулап алып отырғандықтан әрқашан әртүрлі ұлттардың ой-пікірлерінің тоғысқан жері болған. Алайда мәдени тұрғыдан осы жерлерді бағындырып, өзінің мәдениеті мен өркениетін соларға мұраға қалдырған. Тарихи деректер бойынша, бұл жер бөгделердің шабуылына ұшыраған кезде де ирандықтар өздерінің болмысын барлық басқыншылықтардан аман сақтап, ирандық болмысты басқыншы қауымға таңа білген. Ирандық болмыстың осы қауымдарға үстемдігінің зор болғандығы соншалықты бұл патшалардың тағы Иранның мәдениеті, өркениеті мен өнерінің көрініс тапқан жеріне айналған.  

Парсы тілі мен әдебиеті, әсіресе парсы поэзиясы Иран мәдениетінің негізгі және тұрақты элементі болып табылады. Тимурилер дәуірі Иран мәдениеті мен әдебиетінің жарқын дәуірлерінің бірі саналады. Бұл заманда парсы әдебиетінің тарихында атақты ұстаздар пайда болып, олар Иранның болмысы мен мәдениетін өздерінің туындыларында баяндаған. Әмір Әлішер Науаи өз өлеңдерімен Иранның мәдениеті мен болмысының тақырыптары және элементтерін таратқан  ақындардың бірі болған.

Иранның мәдениеті мен болмысының келесі тақырыбы – әділет. Әділеттің ирандық болмыста терең тамыры бар. Теңдік Ахеменилер заманынан бастап Иран халқының үлкен арманы болған. Ал ислам дәуірінде әділет тоухид, ақырзаман мен пайғамбарлықпен бірге солтүстікте діни принцип ретінде қабылданып, Иранның ислам тарихы бойында мистиктер, ойшылдар мен ақындар әрдайым шахтар мен билеушілерді әділдік пен әділетке шақырған. Иранның мифологиясында ұста Каве әділетсіздікпен күрес символы, ал Феридун Иранның шахы ретінде әділет символы болып табылады. Әмір Әлішер Науаи өзінің өлеңдерінде ирандық болмыстың маңызды элементін өзінің рухына сәйкес пайдаланған. Ол әділетке шақырумен қоса, зұлымдық пен әділетсіздіктің зиянды салдарларын өз оқырманына жеткізген.

Адамға өмір бойы жетекшілік ететін және тыныштық сыйлайтын діни ой-пікірлер мен наным-сенімдер ирандық дүниетаным мен болмыстың негізгі діңгектері болып табылады. Парсы тіліндегі әдеби туындылардың кіріспесі Құдайды еске алып, діни тұлғаларды мадақтаумен басталады. Әмір Әлішердің өлеңдер жинағындағы діндарлығы Алладан рақым сұрап, дұға оқып, хаққа тәуекел еткеннен көрініс тапқан.   

Шектен тыс қылмысың болса да, ей, фәнилік

Дос мейірімділіктің символы болғандықтан, ұялма.

Ұлттық болмыс

Ирандықтар әрдайым о дүние туралы ойлап, осындай ажырағысыз ақиқаттан хабардарлықпен өмір сүру үшін тереңірек мән-мағына мен философия қалыптастыруға тырысқан.  Өмірдің қысқалығы мен өтпелі болуына сену ирандықтардың арасында мүмкіндікті бағалау көзқарасының пайда болуына себеп болды. Бұл көзқарас Хайямның атымен тіркеліп, парсы тілді ақындар мен жазушылардың туындыларынан көрініс тапты. Әлемнің тұрлаусыздығына негізделген көзқарас әсіресе моңғол шапқыншылығынан кейінгі мистикалық ойлардың негізгі өзегіне айналды. Осы ойлардың жанында ирандық мәдениет пен болмыстың келесі бір тірегі шаттық болды. Ирандықтар жыл бойында 12 мереке, яғни әр айда бір мереке өткізіп тұрған. Мұнымен қоса, Наурыз, Мехрган, Сәдде мен басқа да мерекелерді тойлаған. Құдайшылық, даналық, әділет пен шаттық осы мерекелердің басты принципі болып табылады. Университет ұстазы әрі парсы әдебиетіндегі мәңгілік тұлға Растгар Фасаидың пікірі бойынша, шын мәнінде сауық-сайран құру тілектерді орындау, әділет пен даналыққа шақыру және илаһи нығметтерді қолдану ұғымын білдіреді. Соның бір бөлігін  қол соғу, билеу, күлу мен шаттану құрайды.

Әмір Әлішер Науаи шаттану және жүректен қам-қайғыны шығаруды әр сәттің маңыздылығын білу және бүгінгі қуанышты ертеңге қалдырмау, әлемнің тұрлаусыздығынан хабардар болу, сонымен қатар  дүниедегі оқиғаларға иек артпауға байланысты деп санайды.

Заман тұрлаусыз болғандықтан,

Өмірге сенім жоқ, шарап іш.

Осы қам-қайғының сарайында кінә тақпа,

Шамаң келсе, өзіңді қуанышқа бөле.

Әмір Әлішер Науаи

Адамдар адамның болмыстық және тұлғалық маңыздылығына ғасырлар барысында әрдайым көңіл бөлген. Адамның болмысы мен адамгершілік қасиеттері жөніндегі пікірталас діни және әдеби тұлғалардың сөздерінде үнемі қайталанған. Жақсы атқа ие болу және ізгі істі қалау, айыпты жасыруға ынталандыру, дүниенің тұрлаусыздығын баса айту, одан бас тартуға шақыру, несібенің алдын ала бөлінгенін мойындау, шыншылдық пен дұрыстықты ұстану – Әмір Әлішердің өз өлеңдерінде тоқталған ақлақтық және мәдени ерекшеліктердің бірі саналады.

Ирандықтардың дүниетанымында оқиғалар тағдыр негізінде орын алады. Адам жазмышқа бас июі керек.  Нақшбандия тариқатын ұстанып, осы ағымның тағылымдарынан әсер алған Әмір Әлішер адамды тағдырдың алдында қауқарсыз санап, адамдарды жазмышқа көнуге шақырып, оларды шағымданудан  бас тартқызған.

Бір тал шаштай ықтияр болмаған соң, ей, фәни

Ризалық ет те, жүре бер, жауласып қайтесің.

Ирандық болмыс пен мәдениеттің келесі бір ерекшелігі – парсы тілі.  Тіл – мәдениеттің басты өзегі. Әрбір ұлттың мәдениеті келесі ұрпаққа сол ұлттың тілі арқылы беріледі. Парсы тілі мен әдебиеті де тіл мен тарих тұрғысынан ұлттық және мәдени болмысты сақтауда маңызды орынға ие. Ирандық болмыс парсы тілі және әдебиетімен ажырағысыз байланыста. Оны ұлықтау Иранның ұлттық болмысын қадірлеу болып табылады. Әмір Әлішер парсыша және түрікше жырлаған. Ол өзінің парсы және түрік тіліндегі өлеңдері жайлы қыта шығарған. Онда өзінің түрік тілін мақтағанымен, оны парсы тілімен салыстырғанда алтынның жанындағы қантқа теңеп, парсы тілінің орнын жоғары бағалаған:

Түркі тіліндегі тәтті мен түстің мағынасы шексіз.

Парсы да асыл лағыл мен інжу іспеттес, қарасаң.

Базардың қақ ортасында сөйлеп тұрғандаймын:

Бір жағымда тәтті-дәмділер дүкені; екінші жағымда зергерлер дүкені.

Бұл дүкендерден қайыршы қайтіп тауар алсын?

Өйткені мұндай тауарлардың тұтынушысы – байлар.

Mar 08, 2017 23:03 Asia/Almaty
Сараптама