• Иранға сапар (214)

Иран кең аумағы, жер бедерінің әртүрлілігі, таулар мен ойпаттардың болуы және ерекше климаттық жағдайына байланысты құнды табиғи тіршілік орталарының бірі болып табылады. Онда жабайы жан-жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін алуан түрі бар.

Бұл климаттық жағдай өсіміктердің 8000-ға жуық түрінің, жануарлардың 1141-ге жуық түрінің, соның ішінде  құстардың 517-ден астам түрі мен жорғалаушылардың 234-тен астам түрінің, балықтардың 174 түрі мен сүтқоректілердің 194 түрінің, қосмекенділердің  22 түрі мен омыртқасыздардың айтарлықтай санының осы қоршаған ортада өз тіршілігін жалғастыруына себеп болды. Осы өсімдіктер мен жануарлардың арасында бірнеше түр жойылып кету қаупінің алдында тұр. Бүгінгі бағдарламада Теһранның ең әдемі табиғи кешендерінің бірі «Иранның табиғи ескерткіштері мен жабайы жануарлары» атты мұражаймен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

«Иранның табиғи ескерткіштері мен жабайы жануарлары» мұражайы Альборз таулы сілемінің етегінде Теһранның солтүстік-шығыс жағында «Дарабад» деп аталатын әдемі де ауа райы жайлы ауданда орналасқан. Бұл мұражай табиғат тарихы мұражайлары мен әлемнің жабайы жануарлар паркінде және аймақтық деңгейде сирек кездесетін мұражайларда бар үлгілердің қосындысынан тұрады. «Иранның табиғи ескерткіштері мен жабайы жануарлары» мұражайы х.ш.ж.с.б. 1372 жылы (1993 жылы) Теһран әкімшілігі тарапынан қала тұрғындарын мәдени және табиғи мұралармен таныстырып, қоршаған орта мен жабайы тіршілікті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында ашылды.

Мұражай 12000 шаршы метр аудандағы екі қабатты әдемі ғимаратта, инфрақұрылымы 2500 шаршы метр ауданды алып жатқан жерде ашылды. Бұл аумақтан Теһранның басым бөлігін тамашалауға болады. «Иранның табиғи ескерткіштері мен жабайы жануарлары» мұражайы х.ш.ж.с.б. 1376 жылы (1997 жылы) Мұражайлардың халықаралық кеңесі (ICOM) мен Дүниежүзілік табиғатты қорғау ұйымының байланыстар және білім беру комиссиясына (IUCN-CEC) мүше болып, дәл сол жылы дүниежүзілік ғаламтор желісіне қосылды.

Мұражайда әртүрлі бөлімдер мен залдар бар. Кейбір залдар жан‑жануарлардың тұлыбынан тұрады. Олар топтасқан немесе жекелей  түрде көрмеге қойылған. Басқа бөліктерде тірі жануарлар сақталынады. Мұражайдың тірі жануарларға арналған бес бөлігінде сүтқоректілер, құстар, су жануарлары, жорғалаушылар мен жәндіктер бар. Мұражайдың бірінші қабатында көптеген зал орналасқан. Оның шеңбер пішіндес ауласының ортасында әдемі де әнші құстардың түр-түрі көзге түседі. Құстардың көбі  өзінің табиғи ортасын көрсететін жерде орналастырылған. Оны «диорама» деп атайды.

Мұражайдың жан-жануарларды көрсетуге арналған бірінің ішіне бірі кіріп жатқан залдарынан әртүрлі жануарлардың көз тартарлық көрінісіне куә боламыз. Бір жағында қабылан маралдардың табынына шабуыл жасаған, ал екінші жағында фламинголардың бір тобы ұшуға қанат жайған. Бір бұрышта қасқыр шабуыл жасауға дайын тұр. Басқа бір бұрышта алып денелі аю көрсетілген. Азия, Еуропа және Солтүстік Америка деп аталған бірінші залда әлемдегі ең ұзын жылан – питонның жанында Үндістан мен Шри-Ланканың еркек және ұрғашы тауыстары, бенгалдық жолбарыс пен Азия елдерінің басқа да таңдаулы үлгілері жұрт назарына ұсынылған. Еуропа мен Солтүстік Америка бөлімінде қойылған сүтқоректілерге әлемдегі ең үлкен бұғы «мус», еуропалық сары бұғы, Солтүстік Американың қоңыр аюы, Сібірдің жолбарысы жатады. Азия мен Еуропа құрлықтарының құстары бір залға қойылған.

Екінші зал Иранның солтүстігіне арналған. Армениялық арқар, марал, альборздық арқар,  тауешкі, үкі, қырғауыл, фламинго мен т.б. жануарлар мен құстар Иранның солтүстік‑батысындағы фаунаны көрсетеді. Иранның солтүстік бөлігінде Каспий теңізінің ұзындығы 4 метр ақсеркесі мен орманда тіршілік ететін жануарлардың түрлері көрсетілген.

Марал, доңыз, ілбісін, орман мысығы, қара құлақ мысық сияқты мысық тектестер мен қорқау қасқыр, түлкі мен қасқыр сияқты ит тектестер де қойылған. Бұл залдан, сондай-ақ, солтүстік-шығыс аймақтарға жататын арқарлар мен шығыс пен батыс аймақтарға жататын арқарларды көруге болады.  Екінші залда тұлыптары қойылған құстар Иранның жергілікті және жыл құстары болып табылады.

Иранның орталығы мен оңтүстігі деп аталған үшінші залға кіре берісте Иран мен әлемде сирек кездесетін ең әдемі екі сүтқоректіні, яғни  жойылып кету алдында тұрған және қорғауға алынған ирандық құлан мен ирандық қабыланды көруге болады. Жоғарыға бас көтергенде күшігендердің бір түрі «дал»-ды байқауға болады. Бұл залдағы үлгілер Иранның орталығы мен оңтүстігінде жануарлар түрлерінің шашырай орналасқанын көрсетеді. Қарақал, қорқау қасқыр, түлкі сияқты сүтқоректілер мен жыландар мен кесірткелерге жататын жорғалаушыларды көрсету осы сөзіміздің дәлелі бола алады. Үшінші залда тұлыпталған құстар Ираннның жергілікті және жыл құстары болып табылады.

Төртінші залда Африканың кейбір сүтқоректілері мен осы құрлық пен Иранның жыл құстары көрсетілген. Залдың кіреберісінде африкалық жабайы сиырдың мүйізі мен бас сүйегі, африкалық пілдің сүйегі, қара су сиыры, жабайы ит, қабылан мен африкалық қабан жұрт назарына ұсынылған.

Залдың оң жағына осы құрлықтың антилопа сияқты сиыр тектестерінің алуан түрі қойылған.

Мұражайдың көруге тұрарлық бөлімдерінен балықтар мен жорғалаушылар бөлімінде орналасқан аквариумды айтуға болады. Бұл залдың тірі жануарлары балықтар мен жорғалаушылар түріне жатады. Су жануарлары бөліміндегі аквариумда Азия, Африка мен Оңтүстік Америкадағы тұщы суларда тіршілік ететін балықтар мен Парсы шығанағының ащы суында өмір сүретін балықтар көрсетілген. Бұл балықтардың түрлі түстілігі олардың әдемі қозғалысымен бірге көзді қызықтырады. Бұл бөлімдегі балықтар әлемдік деңгейде сирек кездесетін құнды түрлер саналады.

Жорғалаушылар бөлімінде әртүрлі улы және жартылай улы жыландар сақталынады. Онда Иранда кездесетін түрлер де қамтылған. Бұл залда, сондай‑ақ, тұлыпталған жорғалаушылар мен су жануарларының үлгілері  қойылған.

Жетінші залда немесе географияға арналған бөлімде әртүрлі географиялық дәуірлер схема және диорама түрінде көрсетілген. Құран аяттарына сүйену ислам дәуірлері бөлігінің маңыздылығын көрсетеді. Кейбір диорамалар жерде тіршілік ету дәуірлерінің әрбіріне тән жануарлар мен өсімдіктердің ерекшеліктерін жұрт назарына ұсынған.

Бұл бөлімде кейбіреулерінің тарихы бір миллиард жылдан астам уақыттан басталатын әртүрлі тастар қойылған. Бұл үлгілер кембрийге дейінгі дәуірлерге  тиесілі. Палеозой дәуірі, яғни 542‑251млн жыл бұрынғы заманға тиесілі теңіздегі омыртқасыз көпжасушалы жануарлардың бір түрі, маржандар, тікентерілердің үлгісі және т.б. жинастырылған. Мезозой дәуірі, яғни 251-65 млн жыл бұрынғы заманға тиесілі тікентерілердің үлгісі мен гастроподтар жинастырылып, жұрт назарына ұсынылған. 65 млн жылдан осы күнге дейінгі аралықты қамтитын Кайнозой дәуіріне тиесілі әртүрлі тармақтардан көптеген үлгілер жинастырылған. 

Бұл залдан фармацевтикалық, өнеркәсіптік және құрылыс саласында кең қолданылатын көптеген кендер мен тастарды көруге болады.

Жәндіктер бөліміне арналған зал мұражай ауласының солтүстігінде орналасқан. Бұл зал ең әдемі жәндіктерге жататын көбелектердің жергілікті және жергілікті емес түрлерімен таныстыру мақсатында ашылған. Залдан көбелектермен қоса, қоңыздар,  шаяндар мен тарантулдарды көруге болады.

Тұлып жасау мен тері илеу шеберханасы – мұражайдың көңіл аударуға тұрарлық бөлімдерінің бірі. Бұл шеберханада жануарлар әлемнің ең соңғы ғылыми жетістіктері негізінде кептіріліп, көрмеге қоюға даярланады. Тұлып жасау шеберханасының залы көрермендер жануарларды дайындау үдерісін тамашалай алатындай салынған. Айта кету қажет, мұражайдағы тұлыпталған жануарлардың жартысынан көбі аңшылар мен табиғатты сүюшілер тарапынан мұражайға тарту етілген. Олар сыйға берушінің атымен сақталынады.

Мұражайдың кітапханасы қоршаған орта саласында мамандандырылған 15 мыңнан астам том кітапқа ие болғандықтан Теһрандағы өсімдік, жануар, география ғылымдары бойынша ең беделді  кітапханалардың бірі саналады. Бұл кітапхана жалпы халыққа қолжетімді болу үшін мұражайға кіреберісте орналасқан. Кітапхана х.ш.ж.с.б. 1376 жылдан бері оқырмандарды интернет желісімен қамтамасыз еткен Ирандағы алғашқы қоғамдық кітапхана болып табылады. 70 адамдық амфитеатр қоршаған ортаға қатысты танымдық фильмдерді көрсету, әртүрлі жастағы топтарға сабақ беру және қоршаған ортаға қатысты семинарлар өткізуге арналған. Мұражайдың ашық аспан астындағы кинотеатры да жыл сайын жаз кезінде жұмыс істейді. Мұражайдың жанындағы ветеринарлық емхана әртүрлі үй жануарларын тексеру мен емдеуге арналған. Сонымен қатар, осы емхананың дүкенінде әртүрлі үй жануарлары, соның ішінде әртүрлі құстар, тиіндер, қояндар, иттер, мысықтар, тасбақалар мен т.б.  сатылады.

Мұражайдың дәстүрлі шайханасы Теһранның солтүстік аудандарындағы жанға жайлы ауада демалуға арналған. Мұражайдың әдемі де жасыл ауласынан Теһран қаласының панорамасын көру – тамашалаушыларды осы мұражайға шақыратын келесі бір дәлелдердің бірі.  Шын мәнінде, Иранның ең бай табиғат тарихы мұражайы тамашалаушылар үшін көңіл көтеру және серуендеу орталығы ғана емес, толық мәндегі оқу орталығы болып табылады. Жалпы мұражай басшылығы өнер мен технологияны біріктіру арқылы көрермендерге мән-мағынаға толы жақсы сағаттар сыйлап, оларды Жаратқанның шетсіз-шексіз әлемінің бір бөлігімен таныстыра алды деп айтуға болады.

Тегтер

Mar 14, 2017 20:59 Asia/Almaty
Сараптама