• Иранға сапар (216)

Теһран әлемнің ең ірі қалаларының бірі ретінде көрнекті тартымдылықтарымен қоса, ауыр кептеліс мәселесімен де бетпе-бет келіп отыр. Шын мәнінде, Теһран қаласының бұрыннан келе жатқан қиындықтарының бірі – көшелердегі ығы-жығылық пен қаланың орталық бөлігіндегі кептелістер. Алайда, Теһранда 12 млн адамның тұратынын ескерсек, мұның табиғи нәрсе екендігі айқын.

Өткен бірнеше онжылдық ішінде Теһран қаласының күн сайын дамуы тұрғындар санының артуымен бірге сыйымдылығы жоғары, қауіпсіз әрі  жылдам тасымал жүйесін қалыптастыруға қажеттілік тудырды. Өйткені  қоғамдық көліктердің күн сайын артуы қала деңгейінде ауаны ластаумен қоса, тұрғындардың уақыттарының зая кетуіне себеп болды. Айтылған себептердің барлығы жауапты тұлғаларды жерасты жүрдек тасымал желісін салуды қолға алуға итермеледі. Метро деп барлығы немесе бір бөлігі жер астында салынып, бір немесе бірнеше бағыттар арқылы  жолаушыларды қала ішінде жылдам тасымалдауға мүмкіндік беретін қатынас тәсілі аталады. Барлық бағыттарда жер бетінен қолжетімді тұрақты стансалар бар. Бүгінгі бағдарламаны Теһран метросын таныстыруға арнауды жөн көрдік.   

Теһранда қалалық темір жол салу тарихы шамамен 120 жыл бұрын басталған. Қалалық трамвайды іске қосу Насыреддин шах Қаджардың кезінде қол қойылған «Барон Джулиус Доройтердің» артықшылық алу хатында белгіленген жайттардың бірі болды. Содан соң белгиялықтар Рей қаласының қақпасынан сол заманда атақты болған «Хор» алаңына дейін бір темір жол желісін тартты. Ол «Ат вагон» атымен танымал болған. Темір жол х.ш.ж.с.б. 1331 жылға дейін (1952 жылға дейін) жұмыс істеп тұрды. Теһран қаласы дамып, кейінгі жылдары көптеген күре жолдар салынған соң қаладағы кептеліс мәселесін шешу үшін жүргізілген барлық зерттеулер қалалық метро желісі мен жүрдек пойыз салу ұсынысына ұласты.  Х.ш.ж.с.б. 1354 жылы (1975 жылы) Теһран мен оның атырабындағы қалалық темір жол компаниясы метро желісін салу және қызмет көрсету үшін құрылды. Жүргізілген зерттеулер бойынша Теһран үшін 8 метро желісі қарастырылды. «Соферто» француз компаниясымен келісім жасау үшін бастапқы шаралар атқарылды. Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткен соң «Соферто» компаниясымен келісімнің баптары қайта қарастырылды. Ондағы жалпы мақсаттар мен принциптер ИИР-ның ұлттық мүддесіне қайшы деп танылып, осы келісімге қатысты протокол күшін жойды.

Х.ш.ж.с.б. 1364 жылы (1985 жылы) ирандық мамандар тарапынан жүргізілген зерттеулерден кейін метро салу жобасы бекітіліп, х.ш.ж.с.б. 1365 жылы жаздың басында (1986 жылы) ирандық мамандардың бақылауымен Теһран метросының жобасы қайта жүзеге асырыла бастады.

Х.ш.ж.с.б. 1394 жылдың шахривар айының соңынан бастап (2015 жылдың қыркүйек айында) Теһран метросы 4 қалаішілік желі және 1 қаладан тыс желі қалыбында тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. 

Бірінші желінің ұзындығы – 39 км. Онда 29 станса бар. Ол Теһранның солтүстігіндегі Шарияти көшесінің басында орналасқан «Таджриш» стансасынан қаланың оңтүстігіндегі «Бехешт-е Захра» зиратының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан «Кахризак» стансасына дейін қызмет көрсетеді.

Екінші желінің ұзындығы – 24 км. Онда 22 станса бар. Ол Теһранның шығысындағы «Ешрақ» мәдениет үйінің жанындағы Джашнваре көшесінде орналасқан «Фархангсарай» стансасынан қаланың батысындағы «Садеқие» стансасына дейін қызмет көрсетеді.

Үшінші желінің ұзындығы – 37 км. Онда 14 станса бар. Ол Теһранның солтүстік-шығысындағы «Қаем» қалашығындағы «Қаем» стансасынан басталып, қаланың солтүстігі мен орталық бөлігін кесіп өтіп, оңтүстігіне қарай жол тартып, «Темір жол» алаңына дейін жетіп, содан соң Теһранның оңтүстік-батысындағы «Қале Морғи» әуежайы мен «Азадеган» күре жолына қарай тартып, «Азадеган» стансасымен аяқталады.

Төртінші желінің ұзындығы – 21 км. Онда 18 станса бар. Ол Теһранның оңтүстік-шығысындағы Асбдавани күре жолының маңындағы Пирузи көшесінің соңында орналасқан «Шәһид Кулахдуз» стансасынан қаланың батысындағы Фердоус бульвары, Оңтүстік Шақаеқ көшесінің соңында орналасқан «Экбатан» (Эрам-е сабз) стансасына дейін қызмет көрсетеді. Теһран метросы желілерінің көбісі, соның ішінде төртінші желісінде жаңа бағыттарда дамытылу мүмкіндігі қарастырылған.

Теһран метросының бесінші желісі қалааралық желілердің бірі болып табылады. Ол Теһранның батысын Альборз облысымен байланыстырады. Сол себепті ең көп қатынайтын негізгі желілердің бірі саналады. 43 км қашықтыққа созылып жатқан бұл желі – Теһран метросының ең негізгі желілерінің бірі. Ол Теһранның «Садеқие» стансасынан басталып, Карадж қаласының «Гүлшаһр» стансасымен аяқталады.

Теһран метросының бесінші желісінің ең маңызды ерекшелігі мынада: ондағы барлық стансалар жердің үстіне салынғандықтан, жолаушылар жол бойында әдемі табиғи панорамаларды тамашалай алады. 

Қаладағы көлік қатынасы туралы соңғы зерттеулер бойынша, Теһран қаласындағы қарапайым метро 1-ден 9-ға дейін нөмірленген 8 желіден тұрады.

Х.ш.ж.с.б. 1383 жылы Теһран қаласының Исламдық кеңесі осы 8 желіге жататын қалған алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы желілерді салуға рұқсат берді. Көлік қатынасы жоғары кеңесі  де метроның алтыншы және жетінші желілерін салуды бекітіп, сегізінші және тоғызыншы желілерін салуды «Теһранның темір жол қатынасын жан-жақты зерттеу» қажеттігімен  байланыстырып, кейінге қалдырды. Қазір алтыншы және жетінші желілер салынып жатыр. Алтыншы желінің ұзындығы  31 км болады. Ол Доулатабад күре жолынан басталып, Кан қалашығына дейін созылады. Жетінші желінің ұзындығы 27 км болады. Ол Хеджрат күре жолынан Саадатабадтағы «Бустан» алаңына дейінгі аралықты қамтитын болады.  Сегізінші желінің ұзындығы 26 км болады. Ол Ашрафи Исфахани күре жолының солтүстігінен Басидж алаңына дейін созылады. Тоғызыншы желінің ұзындығы 26 км болады. Ол Пунактан Басидж алаңына дейін салынады деп жоспарланған.

Теһран метросындағы жерасты және жерүсті стансаларын жобалауда ең жақсы құрылыс материалдары пайдаланылып, әдемі және жолаушыларға тыныштық сыйлайтын кеңістік жасауға талпыныс жасалған. Барлық жобалар ирандық инженер-кеңесшілер тарапынан дайындалған.

Бүгінде Теһранның шулы да түтінге толы көшелерінің астында әдемі, дамыған әрі кең стансалар бар. Стансалардың ішін безендіруде Иранның дәстүрлі сәулет өнері мен заманауи сәулет өнерінің қосындысы, әдемі түстегі құрылыс тастары, әралуан жасанды төбелер қолданылған. Құрылыс материалдарын пайдалануда отқа, химиялық заттар мен  соққы мен коррозияға төзімді және ылғал өткізбейтін материалдарды таңдауға көңіл аударылды. Стансаны жарықпен қамтамасыз ету және әдемі нұр шашуды қалыптастыру да көзді демалдырады.  Метрода қауіпсіздікті сақтау үшін, соның ішіне адамдардың жаны мен құрал-жабдықтарды сақтау және қалада тұрақты тасымал қызметін көрсету үшін халықаралық стандарттар бойынша тиісті шаралар атқарылған.  

Қаланың ерекше архитектуралық жағдайы, жердің қызыл топырақтан тұруы мен жер көшкіні және Теһранның орталық бөлігіндегі жерасты суларының жоғары орналасуын ескерсек, метроны салуда атқарылған істердің ауқымды болғаны одан сайын байқалады. Бұл аймақта туннель қазу үшін көптеген зерттеулер жүргізілді. Ақырында аустриялықтардың тәсілімен бұл жерде бұрғылау жұмыстары жасалды. Сол тәсілде алдымен қаннат-жерасты су жолдарын салуда қолданылған тәсілдегідей алдымен бір бақанды қажетті тереңдікке дейін жеткізіп, артынан туннель бұрғылана бастады. Туннельдің  төменгі және жоғары бөлігінен топырақ алынып, алдымен уақытша қоршалып,  ақырында  қалып жасалып, арматура тартылып, бетон құйылды.   

Көп жылдық талпыныстан кейін енді Теһран метросы іске қосылып,  шындыққа айналды. Метро жобасы Ислам революциясынан кейінгі Иран перзенттерінің жарқын жасампаздығы, қарым-қабілеттері, біліктілігі, білімі мен технологиясының нышаны болып табылады. Бұл абырой-беделмен  тәуелсіз ел болуға болатынын көрсетті. Біліп жүргендеріңіз жақсы, метроның үшінші желісінің солтүстік бөлігінің сәтті орындалуына байланысты Дүниежүзілік алтын кірпіш жүлдесінің төрешілер комитеті Теһран метросының үшінші желісінің солтүстік бөлігін «Алтын кірпіш» жүлдесіне лайық деп таныды. Дүниежүзілік қалалар күнін атап өту рәсімінде әлемдік деңгейде 24 қалалық жобаға «Алтын кірпіш» жүлдесі табыс етілді. Инфрақұрылым саласында Теһран метросының жобасы ғана қажетті көрсеткіштер ие және тиісті талаптарға сай болғандықтан осы жүлдеге лайық деп танылды.

Тегтер

Mar 25, 2017 18:05 Asia/Almaty
Сараптама