• Иранға сапар(219)

Теһран қаласының көрнекті жерлерімен таныстыруды жалғастыра келіп, бүгінгі бағдарламаның бірінші бөлігін Теһранның ең маңызды ән-күй және қойылым орталықтарының бірі «Вахдат» концерт залы мен Қала театрын таныстыруға арнаймыз.

«Рудаки» кешені екі залдан тұрады: бірі – Рудаки, екіншісі – кіші зал.  Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін үлкенірек зал «Вахдат»-«Бірлік аптасы» мен Исламның ардақты пайғамбарының туған күнін тойлауға орай «Вахдат» залы деп аталып, кіші залға х.қ.ж.с.б. үшінші ғасырда өмір сүрген Иранның атақты ақыны Рудакидің аты берілді.

«Вахдат» концерт залы қойылымдар мен концерттер өткізуге арналған ең үлкен залдардың бірі болып табылады. Ол Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің қарамағында жұмыс істейді.

Бұл кешен х.ш.ж.с.б. 1346 жылы (1967 жылы) тегі армян ирандық сәулетші Ужен Афтанделианас тарапынан Венаның «Опера Холл» ғимаратын үлгіге алып салынған. Ғимараттың құрылысы 10 жылға созылды. «Вахдат» концерт залының инфрақұрылымы шамамен 15700 шаршы метрді алып жатыр. Онда 1 зал мен айнала келген үш қабатта балкон бар. Жалпы сыйымдылығы – 900 адам. Бұл зал үш қабатта салынған. Олардың кіреберісі екі жақта –шығыс пен батыста орналасқан. Есіктердің саны әрбір қабаттың сыйымдылығына сәйкес салынған. Залда бір негізгі сахна мен 4 қозғалмалы сахна бар. Сахнаның артында соған қатысты кеңістіктер – грим жасап, дайындалатын бөлмелер орналасқан.

Сахна бір-бірінен бөлек 4 бөліктен тұрады. Сахнаның алды балет пен опера қойылымдарын қоюға арналған, оны 3 метрге дейін төмендетуге болады. Сахнаның екі жағындағы бөліктерді 6 метрге дейін көтеруге болады. Сахнаның артқы бөлігі айналмалы, яғни сахнаның бұл бөлігі горизонталды бағытта қозғалып, биіктігін өзгерте алады.

Сахнаның артында 7 қабатты әкімшілік ғимараты салынған. Онда әкімшілік жұмыстар бөлімі, Рудаки залы, қойылымды дайындау залдары мен мейрамхана орналасқан. Бұл зал ирандық ұлы өнер иелері мен кейбір әлемдік тұлғалардың өнеріне тәнті болған.

Рудаки залын салу «Вахдат» залын салумен қатар басталып, іске қосылды. Оның үшінші қабатында негізгі зал, ал төртінші қабатында жалпы 200 адам сыятын балкон салынған. Рудаки залының сахнасы тұрақты. Ол тек оркестр  дайындығы мен музыкалық топтардың бағдарламаларын орындау үшін ғана жоспарланған. Сонымен қатар сахнаның түп жағы оркестрлік топтар мен хор ансамбльдерінің бағдарламаларын орындауға арналған.

Бұл зал бейнекамералар, жарық көпірлері, окустикалық жүйе, қозғалмалы перде, видеопрожектормен жарақталған. Сондай-ақ, төбеге дыбыс рефлекторлары орнатылған. Бұл әртістерді микрофонға қажеттіліктен арылтады.  

Рудаки залында дәстүрлі, классикалық және оркестрлік музыкалық топтардың концерттері өткізіледі. Заманауи, синтезді, дәстүрлі, пианино, скрипка, сыбызғы, классикалық гитара, жиындық оркестр, филармониялық хордың концерттері мен басқа да бағдарламалар Рудаки залында өткізіледі.

40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейтін Ирандағы ең белсенді кешен –  Қала театрының ғимараты Студенттер паркінің  батыс жағында Теһранның ең танымал қиылыстарының бірі «Чаһарраһ-е Валиаср» қиылысында  орналасқан.

Х.ш.ж.с.б. 1346 жылы сардар Афхамидің инженерлік компаниясы Қала театрын салудың бастамасын жасады. х.ш.ж.с.б. 1351 жылы 7 бахманда (1972 жылы) бұл ғимарат бір театр залымен өз жұмысын бастады. Цилиндр пішіндес ғимараттың сырты кірпішпен қапталып, әдемі де есте қаларлық бағандармен қоршалған. Иранның дәстүрлі безендірулері заманауи стильмен салынған цилиндр ғимараттың қабырғасына салынған. Алайда осы ғимараттағы көңіл аударуға тұрарлық нәрсе бақ салу өнерінің пайдаланылуы болды. Бұл бақ кешеннің тас төселген кең аумағына ерекше сұлулық сыйлады.

Иранның архитектуралық ғимараттарында ұдайы табиғат пен ашық кеңістік назарға алынады. Қала театры да сәулет өнеріндегі осы принципті сақтап, тұрғындар мақтан тұтарлықтай қоғамдық орынға айналған. Көрермендер оның әртүрлі бөліктерінде тыныштық пен қауіпсіздікті сезінеді.

Қала театрында, сондай-ақ, бір мамандандырылған  өнер кітапханасы бар.  Өнер иелері, мамандар мен театр бөлімінің студенттері, киім тігу шеберханаларының  оқушылары осы кітапхананы қолданады.

Алдымен негізгі залда қойылым өткізу үшін ғана салынған Қала театры кешені қазіргі таңда 5 залмен жұмыс істейді. Сыйымдылығы 579 адамды құрайтын негізгі зал, декорация мен сахнаны өзгертуге байланысты 120-дан 400-ге дейін адамды сыйдыра алатын «Чаһарсу» залы, Қашқай залы, Сая залы мен қойылым шеберханасын атауға болады. Қала театрының кешенінде басқа екі зал – Кіші зал мен Екінші зал бар, бірақ олар соңғы бірнеше жылда жөндеуді қажет еткен соң жабылды.

Ардақты ағайын, музыкалық бағдарламаларды орындауға арналған залдар жайлы сөз болған соң бүгінгі бағдарламаның екінші бөлігінде ұстаз Саба мұражайын таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Абулхасан Саба – Ираннның музыка саласындағы ұлы ұстаз. Ол х.ш.ж.с.б. 1281 жылы (1902 жылы)  Теһранда дүниеге келген. Оның әкесі Абулқасым Камал ас-Салтане – Мұхаммад Джафархан Садр әл-Хокаманың ұлы. Ол Насери дәуіріндегі танымал ақын әрі суретші және өз заманындағы өнерсүйер зиялы адамдардың бірі Мұхаммадхан Сабаның баласы. Камал ас-Салтане дәрігер, әдебиетші әрі музыканы сүйетін адам  болған. Ол ситарда шебер ойнайтын, сондықтан ұлының бірінші ұстазы болған. Саба аспапта ойнаумен қоса, кейде күй шығаратын. Ол музыкамен қоса, Иранның классикалық әдебиеті мен ағылшын тілін де жақсы білген, Иранның жаңа заман әдебиетінен де хабардар болған. Бұл ұлы музыкант Нима Юшидждің туындыларына ерекше ықыласпен қараған. Атақты ақын ұстаз Шахриярмен достық қарым-қатынаста болған.

Сабаның негізгі мущыкалық аспабы скрипка болғанымен басқа аспаптарда, соның ішінде сантур, тар, ситар, каманче (скрипканың бір түрі), дабыл мен сырнай ойнауда ұстаздық дәрежеге жеткен. Саба композитор Хасанханнан скрипканы, Әлиакбар Шаһи мен Хабиб Самаидан сантурды, Хосейнхан Исмаилзадеден каманчені, Хаджи хан Зарбиден дабылды, Ахбарханнан  сырнайды,  ұстаз Әлинақи Уәзириден тарды, ұстаз Мырза Абдулла мен Ғұламхосейн Дәруіштің мектебінен ситарды толық меңгерген.

Жас кезінде ол Камал ул-Мүлктің мектебіне барып, одан сурет салуды үйренген. Саба мұражайында панорама, гүлдер, құстар мен  хайуанаттар бейнеленген майлы бояумен салынған бірнеше түрлі түсті картина көрмеге қойылған.

Сонымен қатар, ол егеп өрнек салу, ағаш қашау, құйып бұйым жасау, ағаш бөлшектерінен өрнек жасау, инкрустация жасау өнерлеріне де шебер болды. Кейін мұны музалық аспаптарды жасауда пайдаланды.

Ұстаз Саба х.ш.ж.с.б. 1306 жылы  (1927 жылы) ұстаз Әлинақи Вазири тарапынан Иранның солтүстігіндегі Рәшт қаласында арнайы музыкалық мектеп ашуға жіберілді.

Ол екі жылға жуық уақыт бойы Рәштте өмір сүріп, сонда музыкадан сабақ берумен қоса, солтүстіктегі ауылдар мен тау етегін аралап, жергілікті ән-күйлерді жинастырып, осы сапарда өте әдемі музыкалық туындылардан тұратын теңдессіз сыйлықтарды өзімен бірге алып келді.  

Х.ш.ж.с.б. 1318 жылы (1939 жылы) Теһран радиосы ашылды. Саба радиода аспапта ойнайтын болды, бірақ әрдайым музыка мектептерінде сабақ беріп, музыкалық зерттеумен айналысуды жалғастырды. Өмірінің соңғы жылдарында да өз үйінде қызығушыларға музыкадан сабақ берді.

Иранның ең әйгілі музыка ұстаздарының кейбіреулері ұстаз Сабадан тәлім алған. Оның ең атақты шәкірттерінің қатарында Әли Таджвиди, Фарамарз Пайвар, Хосейн Теһрани, Хосейн Малек, Хасан Касаи, Ғұламхосейн Баннан, Рахматулла Бадии, Мехди Халеди, Атаулла Хоррам, Хомаюн Хоррам, Дариуш Сафуат, Лутфолла Мофхам және  тағы басқаларды атауға болады.

Саба х.ш.ж.с.б. 1336 жылы 29 азарда (1957 жылы) 55 жаста жүрек сырқатынан қайтыс болды. Ұстаз қайтыс болған соң оның өсиеті бойынша осы атақты өнер иесін ұлықтау мақсатында оның үйі х.ш.ж.с.б. 1353 жылы 29 абанда  (1974 жылы) мұражайға айналдырылды. Жұбайы балаларының көмегімен  ұстазға тиесілі заттарды жинастырып, мұражайға тапсырды.

Жалпы алғанда Саба мұражайы екіге бөлімнен тұрады: бірінші бөлім  аспаптар, кітаптар, жеке заттар мен ұстаздың туындылары, соның ішінде музыкалық үзінділерден тұрады; екінші бөлім  ұстаз Сабаның жұбайының қолөнер бұйымдары, соның ішінде балауыздан жасалған мүсіндер, ежелгі Иранның жергілікті және дәстүрлі киімдерінен тұрады. Ұстаз Сабаның мұражайы Теһранның Бахарестан алаңына жақын жердегі Захир ул-Ислам көшесінде  орналасқан.  

Apr 22, 2017 17:14 Asia/Almaty
Сараптама