Отбасылардың кіріс мөлшерімен салыстырғанда күнкөріс шығындарының артуы мәселесінің Иранның ақпарат орталары мен экономикалық мәселелер жөніндегі мамандардың сын-пікірлерінің басты тақырыбына айналғанына біраз уақыт болды.

Күнкөріс және экономика мәселелері – жалғыз Иранда пайда болған қиыншылық емес. Бұл мәселенің әлемдік қыры бар. АҚШ пен Еуропадан бастап араб әлеміне дейін көптеген елдер осындай мәселеге тап болып отыр.

Соңғы жылдары әлемнің түрлі елдерінде көптеген себептермен бейберекеттіктер орын алып жатыр. Экономикалық мәселе – осындай бейберекеттіктердің себептерінің бірі. АҚШ-та табыс теңсіздігі мен кемсітушілік, Таяу Шығыста мұнай кірістерінің азаюы мен халықтың әл-ауқатына қатысты мәселелер, кейбір еуропалық елдерде үкіметтердің бюджет жетіспеушілігін азайтудағы дәрменсіздігі экономикалық тоқырау мен халықтың наразылықтарына себеп болып отыр.

2007-2008 жылдардағы әлемдік экономикалық тоқырау мен дағдарыс АҚШ пен көптеген еуропалық елдердің экономикалық жүйелеріндегі кемшіліктерді айқындады. Дағдарыстан кейінгі жылдары бұл кемшіліктердің орнын толтыру үшін көптеген талпыныс жасалды. Дегенмен, әлі де кейбір еуропалық елдер қаржы саласында ауыр қиындықтарға тап болып отыр. Үкіметтер қатаң үнемдеу саясатын нашар экономикалық жағдайдан шығудың жолы ретінде таңдады.

Кейбір Таяу Шығыс елдерінде соңғы үш жылда мұнай бағасының күрт төмендеуі осы аймақтағы елдердің экономикалық құрылымдарындағы қиындықтарын арттырып, халықтық наразылықтар мен ауқымды бейберекеттіктердің бой көрсетуіне себеп болды.

2014 жылы мұнай бағасы күрт төмендегеннен кейін Сауд Арабиясы мен БАӘ үкіметтері 5 пайыздық мөлшерде қосылма құн салығы салынған тауарлар мен қызмет түрлерін арттыратынын мәлімдеді. Бұл бағдарлама жуырда жүзеге асырыла бастады.

Өткен аптада Сауд Арабиясының патшасы Салман бен Абдолазиз осы елдің тақ мұрагері Мұхаммад бен Салманның кеңесімен экономикалық шешімдердің теріс салдарларын азайту үшін бір үкім шығарды. Сол үкімге сәйкес, әскери және мемлекеттік қызметкерлердің барлығына 1000 арабстандық риал (264 АҚШ доллары) көлемінде жәрдемақы берілетін болады.

Халықаралық Еңбек ұйымының мәліметі бойынша, 2017 жылы осы елдегі 15-24 жас аралығындағы азаматтардың жұмыссыздық деңгейі 32,6 пайыз болған.

 Өткен аптада Тунисте де 2018 жылдың бюджетінде кейбір тауарлардың, соның ішінде, нан бағасының артуына байланысты наразылықтар өтті.

Тунис президенті Беджи Каид әс-Себси бағалардың көтерілуін қажеттілік деп атады.

АҚШ-та да әлеуметтік теңсіздік пен табыс теңсіздігі соңғы жылдары артып келеді. БҰҰ-ның кедейшілік пен адам құқығын бақылаушы ұйымы өткен жылы АҚШ-тың қоғамы туралы есеп жариялап, онда Трамп пен АҚШ Конгресіндегі республикашылдар партиясы өкілдерінің АҚШ-ты теңсіздік қаһарманына айналдыру талпыныстарын әшкере етіп, оны қатаң сынға алды. БҰҰ-ның кедейшілік пен адам құқығын бақылаушы ұйымының баяндамашысы Филип Алстон екі апталық ресми сапарында АҚШ-тың түрлі аймақтарын аралап, өз есебінде үкіметтің кедейшілікті жою бөліміндегі негізгі бағыты туралы алаңдаушылық тудыратын шындықтарды жария етті.

Алстон өзінің есебінде: «АҚШ-тың түрлі салаларда қатардан тыс болуын көптеген жағдайлар  бойынша қабылдауға болады. Алайда бүгінгі күнгі АҚШ-тың кейбір салаларда қатардан шығуға тырысуы алаңдаушылық тудырады. Еуро аймағындағы экономикалық көрсеткіштер біршама жақсарғанымен, АҚШ-тың салықтық кірістерді азайту үшін емдік қызмет көрсету және денсаулық сақтау қызметтерін азайтуы осы елдің көптеген адамдардың өмірмен қоштасуына себеп болады» деп жазды.

Компаниялар мен жеке тұлғаларға салынатын салық мөлшерінің азайтылуын қамтитын салықтар туралы жаңа заңның жүзеге асырылуы үкіметтік қарыздардың мөлшерін алдағы 10 жылда 1500 миллиард долларға артуына соқтырады. Республикашылдар бұрынғы үкімет кезінде іске асырылған емдеу және денсаулық сақтау бағдарламаларын шектеп, қарыздардың бір бөлігін қайтаруды көздеп отыр.

Еуропаның оңтүстігіндегі елдердің де экономикалық жағдайы мәз емес.

2010-2012 жылдары қатаң үнемдеу саясатын жүзеге асыру барысында Еуропа одағына мүше бірнеше ел, соның ішінде, Грекия, Италия мен Испания бұрынғы жағдайларына қайта оралып, қатаң үнемдеу саясаты халықтың наразылығын тудырды.

Сол себепті Ирандағы жуырдағы оқиғалар мен олардың экономикалық мәселелермен байланысын түрлі қырдан қарастыру керек.

Дегенмен, күнкөріс қиындықтары мен қоғамның түрлі топтарының экономикалық кемшіліктерге наразылықтарына шынайы қарап, қиындықтарды шешуге талыныс жасау керек.

Иранның экономикасында құрылымдық қиындықтар бар. Оларды шешу мақсаттарды жүзеге асыруға және қарсыласу экономикасының көрсеткіштеріне қол жеткізуге, яғни, экономикалық негіздерді нығайтумен байланысты.

Осы аяда соңғы бірнеше жылда үкімет қайраткерлері мен экономика жобалаушыларының бар назарын өзіне аударып отырған маңызды қадам мұнайға тәуелділікті азайтып, кірістің басты көзі ретінде шикі мұнай саудасына сүйенуді тоқтату болып отыр.

Иранның Кеден қызметінің хабарлауынша, Иранның мұнайдан тыс экспорты ағымдағы жылдың (шамси күнтізбесі бойынша 1396 жыл) алғашқы 9 айында 31 миллиард 640 миллион долларға жеткен. Алайда, экономикадағы басты мақсатқа жету үшін әлі де біршама қашықтық бар.

Президент әкімшілігі жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы «Иранның болашағына шолу-96» атты есебінде экономикалық мәселелерді елдің көкейтесті мәселелерінің қатарына қосты.

Бұл зерттеу жұмысы экономикалық реформалар жүргізу, жұмыссыздық және су тапшылығын елдің 1396 жылғы ең басты үш мәселесі ретінде атады. Жастық және географиялық топтардың алаңдаушылықтарын сараптау нәтижесінде ирандық азаматтардың көкейіндегі ең басты мәселе экономикалық қиыншылықтар екенін көрсетті.

ИИР президенті Хасан Рухани жексенбі күні Иранның мұнайдан тыс тауарларын көтерме түрде экспорттайтын мекемелердің өкілдерімен отырысында Иран халқына көрсетілетін ең басты қызметтердің бірін Исламдық Иранның жастары үшін жұмыс орындарын қалыптастырып, тауар өндірісі саласындағы талпыныстар деп атады.

Иран президенті үкіметтің көбірек өндіріп, жұмыс орындарын ашуы мен Иранда өндірілген тауар белгілерін әлемдіктерге таныстыруды қуаттап: «Иранның экспорттық тауарларына сенім арту қажет әрі құнды әрекет болып табылады» деді.

Осындай шаралар және ұлттық өндіріс пен мұнайдан тыс экспортты нығайтуға бетбұрыс Иран экономикасының әлсіздігін азайтады. Алайда бұл жолда әрекет етудің қарқынын жылдамдатып, оның қоғамның әл-ауқатына әсері де байқалуы тиіс.

Дегенмен, осы саланың ілгерілеуінің бәсеңдігіне бірқатар фактор әсер етті. Кейбіреулер санкциялардың әсерін айтса, тағы біреулер ішкі жүйенің әлсіздіктері мен нақты жоспардың болмауын алға тартады. Келесі біреулер экономикалық бөлімдердің тиімсіздігін, жемқорлық, қаржы-валюталық ұйымдардағы бақылаудың әлсіздігін факторлардың қатарына қосып отыр. Кез келген жағдайда экономикалық қиыншылықтардың туындауында осы факторлардың әрқайсысының азды-көпті үлесінің болғанын айту қажет.

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи бірнеше жылдан бері жүйе басшыларымен кездесулерінде экономика және халықтың әл-ауқаты мәселелерін әрдайым ел саясатының басты бағдары ретінде атап, қиындықтардан шығудың басты жолының қарсыласу экономикасы жолында әрекет ету екенін және бұл аяда елдің экономикалық  бағытын жалдамалы және мұнайға тәуелді экономикадан «өндіруші және халықтық экономикаға қарай ауыстыру керек екенін қуаттап келеді.

 

 

 

Jan 17, 2018 11:01 Asia/Almaty
Сараптама