Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде имам Хусейн (ғ.с) өміріндегі келесі жетістіктері мен хазіреттің озбыр билеушілерге қарсы көтерілісін талдаймыз.

Имам Хусейн (ғ.с) өмірін қарастыру барысында ол хазіреттің Умәйя әулеті билік еткен кезеңдерімен күресу үшін діни және саяси тұлғаларға хат жазып, құтпалар айтып, олармен жеке кездесулер өткізіп, Язид билігінің болмысын әшкерелеп, қоғамда ағартушылық жұмыстарын жүргізу арқылы ауыр соғыстың алдын алу үшін көп күш салғанын айттық. Алайда хазіреттің бұл талпыныстары нәтиже бермей, илаһи ерікпен бұл нұрдың сөнбейтінін, күпірлердің қалауына қарамастан күн сайын артып, кемелдене түсетіндігінен хабары болмаған Язид пен оның жалдамалылары алданған мұсылмандардың бір тобымен бірге имам Хусейн (ғ.с) мен оның адал серіктерімен соғысып, саяз түсініктері бойынша Құдайдың нұрын өшіруге шешім қабылдайды. Құранда бұл мәселе жайлы былай деп жазылған: "Олар Алланың нұрын өшіруді қалайды. Кәпірлер жек көрсе де Алла нұрын тамамдайды" («Сафф» сүресі, 8-аят). "Олар Алланың нұрын (дінін) ауыздарымен өшіруді қалайды. Егер кәпірлер жек көрсе де, Алла (Т.) мұны ұнатпайды да өз нұрын толықтайды" («Тәубә» сүресі, 32-аят).

Язидтің жолдастары мен алданған мұсылмандардың үлкен тобы ол кезде діннен безу үшін х.қ.ж.с.б 61 жылы Ашура күні күндіз адамгершілікке ие кез келген адамның түсінігіне жат апат тудырды. Бұл апат он мыңдаған әскердің шәһидтердің көшбасшысы Хусейн ибн Әли (ғ.с) бастаған ең игі, ең ізгі әрі ең пәк 72 адамдық топқа қарсы сап түзеген апат болды. Олар сол адамдарды қатыгездікпен жаппай қырып-жоюмен қатар Хусейн (ғ.с) мен оның адал жолдастарының бастарын кесіп, әйелдер мен балалар орналасқан шатырларға шабуыл жасап, өртеп, қорқыныш пен үрей тудырып, кешірілмейтін ауыр қылмыстар жасады. Хусейн өзінің мазлұмдықпен шәһид болуының соңғы сәттерінде Язид әскерінің қатыгез шабуылын көріп, қаншама ғасырлар өтсе де азат адамдардың құлағына шалынатын тарихта қалған жанайқайымен: "Уа, Абу Суфиан әулетінің соңынан ерушілер, егер дінсіз болып, қиямет күнінен қорықпасаңдар, кем дегенде дүниелік өмірде қайырымды болыңдар",- деп мәлімдейді.

Алайда діндерін сатып, билік пен материалды байлықтың соңына түскен адамдар бұл жанайқайға мән берместен, қылмыстарын жүзеге асыруды жалғастыра берді. Жақындарынан айрылған әйелдер мен балаларды тұтқынға алып, оларды адамгершіліксіз түрде Шам мен Куфаға апарып, биліктің иісіне мас болып отырған Убайдулла мен Язидтің сарайына алып келеді. Язид пен оның жандайшаптарыы адамдарды арқандау арқылы олардың ұлы да азат рухтарын да түсіре аламыз деп ойлады. Бірақ, кенет хазірет Зейнеп (ғ.с) пен имам Саджад (ғ.с) сөзбен айтып жеткізуге болмайтын батылдықпен, түйсікті шайқалтып, сананы оятатын құтпаларымен Куфа мен Шам тұрғындарының ұйқыда жатқан сезімдері мен ар-ұждандарын оятып, өздерін жеңімпаз сезінген Язид пен Убайдуллаға қарсы сарайдағы қызметкерлер наразылық білдіріп, Умәйя әулетінің билігінің іргетасын шайқалтқан, айғай-шу көтерді.

Муавие мектебінің тәрбиесін көрген Язид имам Хусейнмен (ғ.с) күресу үшін адамгершілікке жатпайтын пасық құралды пайдаланады. Ол имам Хусейннің (ғ.с) тұлғалық бейнесін бұзып, қоғамдық пікірді өзінің мүміндердің әміршісі әрі мұсылмандардың халифі екендігіне, ал пайғамбардың пәк ұрпағы Хусейн (ғ.с) билікке қол жеткізу үшін мұсылмандардың халифіне қарсы көтеріліске шыққан, сондықтан оны өлтіру керек деген шешімге сендіруге талпыныс жасады. Алайда, имам Хусейн (ғ.с) Язидтің жалған әрі негізсіз уәждері мен үкіметтің жалған жарнамалық сөздеріне қайшы өз көтерілісін сипаттап, былай дейді: "Мен өзімшілдіктен немесе жеке мақсатта, рақат өмірге қол жеткізіп, жемқорлық пен езгіге жол беру үшін көтеріліске шыққан жоқпын. Керісінше, менің мақсатым жақсылыққа шақырып, құндылықтарды сақтап, жаман істерден тыйып, құндылықтарға қарсы ұғымдармен күресу болды. Мен сенім, әлеуметтік, ахлақтық және саяси салалардағы бүлінушілік пен жемқорлықтың көзін жойып, түзететін әрекетті жүзеге асырғым келеді. Бұл салада өз атам пайғамбар (с.ғ.с) мен әкем Әли ибн Абуталибтің өмірлік салты мен сүнеттін ұстанамын. Менің осы үндеуімді қабылдап, оны ұстанған кез келген адам Құдайдың жолына түскенмен, жолдауымды қабылдамаған кез келген адам одан теріс айналғанмен тең. Мен Құдай бізге төрелік жасағанға дейін сабыр және табандылықпен өз жолымда қадам басуды жалғастыра беремін. Себебі, Ол ең игі төреші".

Алайда имам Хусейн (ғ.с) осындай айқын әрі кесімді ұстанымы арқылы өз заманының адамдары мен келешек ұрпақ үшін бүлінушіліктің түп-тамыры саналатын және өз орындарын сақтап қалу үшін қылмысқа баратын озбыр әрі қанаушы билеушілердің халыққа билік етіп, басқаруда біліксіз саналатынын, бұл орынды лайық, білікті әрі жауапты адамдарға тапсыру керектігін дәлелдеді. Сонымен қатар Құран Кәрімде бұл мәселеге қатысты былай деп жазылған: "Негізінен Алла (Т.) сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді" («Ниса» сүресі, 58-аят). Өз әулеті секілді билікке қол жеткізу үшін кез келген дінге қарсы әрі адамгершілікке жатпайтын іске барған Язидке керісінше Хусейн (ғ.с) билікті құрал ретінде пайдалануды мақсат тұтпады. Ол қоғамды негізгі жолға қайтаруды көздеді.

Жылнамашылар мен тарихшылар және сарапшылардың бір тобы шәһидтердің көшбасшысы Хусейн ибн Әлидің (ғ.с) Умәйя әулетімен қарсыласуын көптеген тарихи оқиғалар сияқты уақыты өткен, ешбір жолдауы жоқ қарапайым тарихи оқиға ретінде бағалады. Бірақ шындық мынада: Хусейн (ғ.с) бастаған Ашура көтерілісі тарих бойында азат адамдар мен қаналған және көтеріліске шыққан халықтарды жігерлендіріп келеді. Көптеген көтерілістер мен қозғалыстар, соның ішінде Иран Ислам революциясы содан бастау алған. Сондықтан, егер Ашура оқиғасы жай ғана оқиға болғанда қазірге дейін көптеген тарихи оқиғалар секілді ұмытылып қалар еді. Алайда, Ашура оқиғасының орын алғанына шамамен 14 ғасырдай уақыт өткенімен ол күн сайын серпіндірек әрі жарқынырақ түрде көрініс тауып жатыр.

Ашура оқиғасына қатысты айтатын тағы бір мәселеге хазірет Хусейннің (ғ.с) өзінің шәһид болатындығынан хабардар болғаны жатады. Сондықтан ол осы жайтты біле тұра күрес жолында қадам басқан. Бұл оның қозғалысы мен көтерілісіндегі құндылықтарының бірі саналады. Себебі, билік басындағылармен шайқасып, күресу кезінде оның бойына ықтиярмен үйлескен қасиет пен пәктік дарыды.

Бұл күмәнды жайтқа жауап ретінде жоғары адами әрі илаһи мақсаттарды көздеген ұлы, азат әрі тақуа тұлғалардың шәһид болатындықтарын білген жағдайда өлімді қарсы алуға асығып, соңғы сәтке дейін өздерінің асқақ армандары мен принциптеріне берік болып қалған тарихтағы көптеген мысалдарды дәлел ретінде келтіруге болады. Мысалы Құранда расталған сиқыршылардың Перғауынға қарсы табандылық танытуына сілтеме жасауға болады. "Сонда Перғауын бұрылып кетті де сиқыршыларын жинап келді.... Сиқыршылар сәждеге жығылды. Олар: «Бүкіл әлемнің Раббына сендік» деді. «Мұса мен һарунның Раббына…». (Перғауын): «Мен сендерге рұқсат беруден бұрын оған иман келтірдіңдер ме? Расында бұл қала халқын шығару үшін жасаған бір әдістерің. Бәлем, жақында көресіңдер» деді. «Әрине қол-аяқтарыңды шадырлата кестіремін, соңсоң түгелдей астырамын». (Сиқыршылар): Сөзсіз, Раббымызға айналамыз!,- деді. «Сен бізден Раббымыздың аяттары келгенде иман келтірді деп қана өш аласың. Раббымыз! Бізге сабыр бер әрі бізді мұсылман болған күйде өлтір!….» («Таһа» сүресі, 60-аят және «Ағраф» сүресі, 120-126 аяттар).

Келесі бір мысал ретінде мына жайтты келтіруге болады: Перғауынның мансапқұмарлығын терең түсінген және егер хазірет Мұсаның (ғ.с) таухидтік үндеуіне иман келтірсе, өлтірілетінін жақсы білген Перғауынның жұбайы Әсия Перғауынның қоқан-лоққыларының алдында әлсіздік көрсетпей, өмірінің соңына дейін жанын пида етіп, табандылық танытып, тарихта өзінің ізгі есімін әлемнің ең игі әйелдерінің бірі ретінде қалдырды. Бұл екі жағдай мен ондаған, тіпті жүздеген осындай басқа мысалдардан анық ерік-жігер байқалады. Бұл илаһи және адами құндылықтарды сақтау мәселесі көтерілген кез келген заманда өлім мен шәһид болуды саналы түрде таңдаудың мақтауға тұрарлық іс екендігін көрсетеді. Сол себепті имам Хусейн (ғ.с) ақиқат пен жалғанның, құрметті өлім мен масқара өмірдің жол айырығында шәһид болуды таңдап: "Мен өлім мен шәһид болуды бақыт, қанаушылармен бірге сүрген өмірді масқаралық пен зиян деп есептеймін",- деп айқай салды. Шәһидтердің көшбасшысы имам Хусейн ибн Әли (ғ.с) Язидтің билігін мойындау мен шәһид болудың жол айырығында тұрғанда, айқын дауыспен: "Зұлым адамның арам ұлы менің не оның билігін мойындап, қорланып, немесе өлім мен шәһид болудың арасынан біреуін таңдауымды сұрады. Бірақ, қорланудың біздің болмысымыздан алыс екенін білгендерің жөн. Қорлық – біздің әулетімізге жат нәрсе. Қорлық біздің пәк әрі биік рухымыздан алыс",- деді.

Хабардарлық, шәһид болу мен ықтиярдың бір-біріне қайшы келмейтінін көрсететін тағы бір айқын мысал ретінде имам Хусейннің серіктеріне: "Мен сендердің билігімді мойындағандарыңның күшін жоямын, сендер кете берсеңдер болады. Егер қалатын болсаңдар, өлетіндеріңді білгендерің жөн",- дегенде адал серіктерінің көздерінен жас ағып: "Егер 70 рет өлтірілсек те, саған серік болудан бас тартпаймыз",- деп жауап берген Ашура түнін айтуға болады.

 

Jun 28, 2018 13:12 Asia/Almaty
Сараптама