Бүгінгі бағдарламада Аухедидің «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабын талдаймыз.

Айтып өткеніміздей, Тақиеддин Мұхаммад Аухеди Даққақи Белиани Казеруни х.қ.ж.с.б. 973 жылдың мұхаррам айының 3-ші жұлдызында Исфаханда дүниеге келген. Атақты Белиани әулеті адамдарының бәрі тариқат пен сопылық жолын ұстанған әулиелер мен шейхтер болған. Аухеди өз заманында оқытылған дәрістерді, соның ішінде араб тілінің синтаксисі мен морфологиясын, қисынды, математика мен Құранды 12 жасына дейін меңгеріп алған. Содан соң хикмет пен ақлақ үйренуге бет бұрған. Аухедидің жеткіншек және жастық шағының бір бөлігі Йезд пен Шираз қалаларда сол замандағы ұлы ұстаздардан ғылым-білім үйренумен өткен. Сол кезде ол сопылық пен мистикаға көңіл аударды. Аухеди шах Аббастың өзбектерді жеңуін тойлау рәсімінде шығарған рубаиы арқылы "Шахпәсәнд"-«Шахтың қалаулысы» деген лақапқа ие болды. Х.қ.ж.с.б. 1014 жылдың аяғында достарымен бірге Үндістанға аттануға бел байлады. Парсытілді ақындардың бір тобы қосылған осы сапарда Шираз, Керман мен Лахор арқылы Қандағарға жетті. Оның өмірінің соңғы жылдары мен жерленген жері жайлы дұрыс мәлімет жоқ. Тек оның х.қ.ж.с.б. 1038-39 жылдарға дейін өмір сүргенін білеміз. Тақиеддин Аухедидің ең құнды туындыларының бірі – «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы. Ол зерттеушілер арасында толық тазкере‑өмірбаяндар жинағы ретінде танылған. Автор 3500‑ге жуық парсытілді ақындардың өмірбаяндары мен өлеңдерін 8 томда жинақтаған. «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы парсы өлеңі жырлана бастаған заманнан бастап, автордың өмір сүрген уақытына, яғни х.қ.ж.с.б. 11 ғасырдың ортасына дейінгі парсытілді ақындардың ең үлкенөмірбаяннамасы болып табылады. Ол – көлем тұрғысынан да, мазмұн тұрғысынан да парсы әдебиетіндегі ең маңызды тазкерелердің бірі. «Арафат ул-ашеқин» кітабының жазылу стилі біркелкі емес, бұл көлемді туындының бөлімдері арасында айырмашылықтар бар. Проза тұрғысынан әсіресе ақындарды сипаттауда «мұсаджа»‑ұйқасты көркем тілді қолданған.

«Арафат ул-ашеқин» тазкересі

Тақиеддин Аухедидің «Арафат ул-ашеқин» кітабын жазудағы тәсілі сыни сипатқа ие. Кейбір тұстарда ғылыми көзқарас білдіреді. Ол мүмкіндігінше жақтасудан бас тартуға тырысып, әрбір ақынның әралуан туындыларынан таңдап келтірген. Аухеди, сондай‑ақ, басқаларға ащы тілмен тиісіп, сын айтудан аулақ болған, бірақ кей тұстарда тура айтудан бас тартпаған. Мысалы,  Моулана Әли Моғанидің өмірбаянында «Поэзияда, әсіресе қасида жазуға шебер. Бірақ, қалыптас тыс сөздерді таңдап, қолданады» деп жазған. Немесе Моулана Амр Кермани жайлы «Оның өлеңдер жинағын көрген кезде өлеңдерінің тегіс дұрыс әрі төгілмелі екенін байқадым» деп жазған.

Тақиеддин Аухеди «Арафат ул-ашеқин» кітабында араб тіліндегі өлеңдер келтіруден бас тартқан, бірақ кіріспеде мүмкін жағдайда арабтілді ақындардың тазкере‑өмірбаяндарын жазуға уәде берген. Ол, сондай‑ақ, өз кітабына ақындардың сопылық және ғашықтық сарындағы өлеңдерінен таңдап енгізген.

«Арафат ул-ашеқин» құнды кітабында ақындардың өмірбаяндарын жазу және аударма жасау сияқты әдеби маңыздылықпен қоса басқа да құнды мәліметтер бар. Бұл кітаптың мазмұнынан Үндістан мен Иранда Сефевилер заманындағы әдебиет өкілдерінің, әдет‑ғұрып, өмір салты мен қоғамдағы жағдайдың шынайы бейнесін көруге болады. Аухедидің «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы оқырманға Сефевилер заманындағы әдеби кеңістікті ашық та сезілетіндей көрсететін ең маңызды дереккөздердің бірі болып табылады.  Мұнымен қоса Аухеди басқа дереккөздерінде азырақ айтылған немесе мүлдем айтылмаған ақындар мен Исфаханның махаллалары жайлы сөз қозғаған. Көптеген зерттеушілер осы құнды туындысыз сол заманың әдеби және әлеуметтік жағдайын зерттеу жеткіліксіз болар еді деп санайды. Бұл кітапта тарихи хикаялар мен рауаяттар көп. Осындай тарихи деректердің бірі ретінде шах Аббастың нақтавиандармен (Әмір Темір заманында Махмуд Пасихани Гилани негізін қалаған ағым) күрестерін атауға болады. Ол бірнеше жерде және бәрінен бұрын осы ағымды ұстанған Мұхаммад Бақер Хорде Кашанидің өмірбаянының астында аталған оқиға мен шах Аббастың осы ағымды ұстанушыларды жаппай қырғанына тоқталған.

Исфахан университетінің ұстазы доктор Шафииун былай дейді: «Исфахан Хорасан, тіпті әжамдық-ирандықтардың Ирагының кейбір жерлерінен парсы әдебиетінің, соның ішінде поэзияның беделді орталығына айналғанымен кешірек Сефевилер заманында және бір ғасыр кейінірек парсы поэзиясының орталығы болып, көптеген әдеби ағымдар тудырып, басқарды. Әсіресе моңғолдар келгенге дейінгі кезеңмен салыстырғандағы жағдайда бұл өлеңдердің әдеби беделінен бөлек, ешбір заманда өлең мұншалықты халықтың өміріне енген жоқ деп сеніммен айтуға болады. Қуанышымызға орай, осыған қатысты көптеген құжаттар даввавин, әдеби тазкерелер мен тарихи деректер арқылы бізге жетті. Авторы әдістану тұрғысынан қарап, жазған алғашқы тазкере – Аухедидің кітабы. Ол өзінің дереккөздері мен жазбалары негізінде кейбір ақындарды орта буын өкілдері деп санағанымен өлеңдерін кейінгі буынға жатқызған. Аухедиден бұрын алдыңғы, ортаңғы және кейінгі буын деп бөліп, топтастырғанды көрген емеспін».

«Арафат ул-ашеқин» кітабы жан‑жақтылық пен автордың заманына дейін баяндау тұрғысынан теңдессіз. Қазір де оны парсы тіліндегі екі‑үш көлемді тазкеренің бірі санауға болады. Бұл тазкере жазылған күнінен бастап көпшіліктің назарына ілінген. «Арафат ул-ашеқин» кітабымен бір мезгілде Жаһангир сарайының ақындары жайлы тазкере жазып, 103 жасында қайтыс болған Моллақатеи Херави алғаш рет осы кітап жайлы пікір білдірген. Оның айтуынша,  «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы – жақсы әрі маңызды кітап, бірақ танылмалдыққа ие болмаған. Әрине, Херавидің х.қ.ж.с.б. 1024  жылы, яғни аталған кітап жазылып біткен кезде қайтыс болғанын және оның аталмыш кітап жайлы ойының бірнеше жыл бұрын айтылғанын ескерту керек. Осындай ауқымды тақырыпты арқау етіп алған туындының толығымен жазылып біткенге дейін шынайы беделге ие болмайтыны айқын, бірақ Герман Этенің айтуынша, парсы әдебиетін зерттеумен айналысатын шығыстанушылар мен ирантанушылар ұзақ уақыт бойы «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабының барын білмеген. Мұның бір себебі қолжазба нұсқалардың аздығы, туындының көлемдігіне байланысты оның нұсқасын жасаудың қиындығы болуы мүмкін.

«Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы Тақиеддин Аухедиден кейін  ескі тазкере жазушылар мен қазіргі заманғызерттеушілер тарапынан сан рет қолданылды. Бірінші рет Әли Қолихан Вале Дағестани «Рияз уш‑Шуара» кітабын жазу үшін осы кітапты қолданған. «Арафат ул-ашеқин» кітабындағы мәліметтер толық болғандықтан ол көптеген ақындар жайлы мағлұматтарды тұтастай алып, өз кітабында қолданған. Одан кейін осы кітаптың жалғыз нұсқасы қолында болған Реза Қолихан Хедаят «Маджма ул‑Фусаха» мен «Тазкере Рияз ул‑Арефин» атты кітаптарын жазуда оны молынан пайдаланған. Бірақ, ол да Әли Қолихан секілді өзінің дереккөзін атамаған. Олардан кейін х.қ.ж.с.б. 1300 жылы «Рияз ул‑Арефин» атты тазкере жазған Афтаб Рай Лакханви Аухедидің туындысын көп қолданған. Ол өзі пайдаланған дереккөзіне, «Арафат ул-ашеқин» кітабына сан рет сілтеме жасаған. Қазіргі заманда Ахмад Голчин Маани мен Забихулла Сафа осы кітапты кең түрде пайдаланған.

Jul 11, 2018 09:53 Asia/Almaty
Сараптама