"Илаһи жетекшілер" атты топтамамыздың бүгінгі бөлімінде сіздерді әлем шиіттерінің бесінші имамы хазірет Мұхаммад Бағердің (ғ.с) өмірімен таныстырамыз.

Назарларыңызға "Илаһи жетекшілер" топтамасының кезекті бөлімін ұсынамыз. Бүгінгі бағдарлама барысында имамат пен велаяттың бесінші жарық жұлдызы хазірет имам Мұхаммад Бағердің (ғ.с) өмірін қарастырып, талдауды мақсат тұттық. Ол х.қ.ж.с.б 57 жылдың режеп айының бірінші жұлдызында тазалық пен пәктіктің, ғылым мен даналықтың ошағы Медине қаласында дүние есігін ашқан. Есімі – Мұхаммад, күниесі – Абу Джафар, лақабы – «білімнің есіктерін ашушы» деген мағынаны білдіретін «Бағер әл-Улум» болған. Шафиилік үлем және заңгер Ибн Хаджар Хайтами "Әл-Сауайеқ әл-мұхриқа" (الصواعق المحریقه) кітабында былай деп жазған: "Оны "Бағер" деп атады. Бұл есім "Бағр әл-Арз" деген сөзден алынған. Яғни, жердің қыр-сырын ашатын деген мағынаны білдіреді. Себебі, ол ойлары таяз, арам ниетті адамдардың назарынан жасырын болған ахкам ілімі мен ислам тағылымдарының жасырын қазыналарын ашқан".

Ол хазірет барлық тұрғыдан үздік әулетте дүниеге келді. Себебі, ұлы тұлғаның әкесі имам Хусейннің (ғ.с) ұлы имам Саджад (ғ.с), анасы имам Хасанның (ғ.с) қызы, ғұлама әрі әулие әйел Фатеме болды. Сол себепті былай деген:وَ هَاشِمِیٌّ مِنْ هَاشِمِیَّیْنِ   عَلَوِیٌّ مِنْ عَلَوِیَّیْنِ وَ فَاطِمِیٌّ مِنْ فَاطِمِیَّیْنِ, яғни екі жақтан да алавилер (нұсайрилер) әулетінен тараған алави, екі жағынан да фатемилер әулетінен тараған фатеми және екі жақтан да һашеми әулетінен шыққан һашеми". Имам Садықтан (ғ.с) жеткен хадис бойынша бір күні исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с) өзінің сүйікті әрі тақуа сахабаларының бірі Джабер ибн Абдулла Ансариге: "Уа, Джабер! Құдай саған Тауратта есімі «Бағер» деп аталатын менің ұрпағым Мұхаммад ибн Әли ибн әл-Хусейнді көргенде сәлемімді оған жеткізуің үшін ұзақ ғұмырды нәсіп етеді деп айтқан.

Пайғамбар (с.ғ.с) болжағандай Джабер Әли (ғ.с) имам Моджтаба (ғ.с) мен имам Хусейннің (ғ.с) имаматтық кезеңдерінен соң имам Саджад (ғ.с) жетекшілік еткенде ол хазіретке барып, ол кезде кішкентай бала болған имам Бағерді (ғ.с) көріп, оның мінез-құлқына тәнті болады. Сол кезде Пайғамбардың (ғ.с) айтқан сөзі есіне түсіп, имам Саджадтан (ғ.с): "Мына бала кім?",- деп сұрайды. Имам: "Бұл – менің ұлым Мұхаммад Бағер",- деп жауап береді. Джабердің тұла бойын шаттық кернеп, орнынан тұрып, имам Бағерді (ғ.с) құшағына алып, маңдайынан сүйіп, былай дейді: "Құрбаның болайын, бабаң ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) сәлемін қабыл ал. Себебі, ол хазірет саған сәлем жолдаған болатын". Имам Бағердің (ғ.с) көзі жасқа толып: "Аспандар мен жер аман тұрғанда ұлы бабам Пайғамбарға (с.ғ.с) Құдайдың сәлемі мен игілігі болсын! Пайғамбардың (с.ғ.с) сәлемін жеткізген сізге, уа Джабер, Аланың сәлемі болсын!",- дейді.

Имам Бағердің (ғ.с) дүниеге келгеніне 3-4 жыл толмай, Ашура апаты орын алды. Яғни, ол хазірет «балалық» деп аталатын өмірдегі ең сезімтал және барлық ащы да тәтті оқиғалар мен жайттар адамның санасында өшпес із қалдырып, әсер ететін кезеңде адамзат баласы тарихындағы ең ауыр және ең апатты оқиғалардың біріне куә болды. Ашура оқиғасындағы Хусейн (ғ.с) мен оның адал серіктерінің бастан кешкен жан түршіктірерлік оқиғалары әлі есінен кете қоймаған кезде Язид әскерінің Медине мен Меккеге жасаған қатыгез шабуылдары орын алды. Бұдан басқа өз әкесі имам Саджад (ғ.с) жетекшілік еткен 34 жылдық шым-шытырық оқиғаға толы жылдары бар күшімен мұхаммадтық (с.ғ.с) таза ислам дінін жойып, Алави әулетімен қош айтысу үшін майданға келген Умәйя әулеті билеушілерінің өзімшілдігіне куә болды.  Имам Бағер (ғ.с) өзінің ардақты әкесінің Язидтің діннен безген әулетінің арам болмысын әшкерелеумен қатар шамасы келгенше дұға арқылы қоғамға ақиқаттар мен негізгі әрі маңызды ислам тағылымдарын жеткізуде табысқа қол жеткізген имам Саджадтың (ғ.с) талпыныстары мен джихадтары және күрестеріне куә болды. Осы тәжірибелердің жиынтығы имам Бағердің (ғ.с) жетекшілік етуі үшін жаңа жағдайды, яғни, Умәйя әулетінің билігі әлсіреп, құлдырауға бет алып, кез келген жерден төңкерістер ұйымдастырылып, халифтер жиі  ауысып тұрған жағдайды тудырды. Имам Бағер (ғ.с) 19 жыл бойы имаматқа жетекшілік еткен кезеңде Уәлид ибн Абдулмалек, Солейман ибн Абдулмалек, Омар ибн Абдулазиз, Язид ибн Абдулмалек және Хишам ибн Абдулмалек деген бес халиф ауысты.

Бесінші имам мәдени революцияны жүзеге асыру үшін осы мұрсатты барынша пайдаланды. Ол түбегейлі мақсатын жүзеге асыруы үшін біріншіден, шиіттік тағылымдардың бетіндегі пердені алып тастау, екіншіден, таза шиіттік мәдениетті насихаттап, таратуда тиімді және әсерлі қадамдар жасау мақсатында көрнекті тұлғаларды тәрбиелеп шығару деген алғышарттар қажет болды. Шынайы шиіттік мазхабқа тән ерекшеліктермен таныстыру арқылы жалған шиіттік уәждердің, әсіресе екіжүзді, алдамшы ұрандарымен келген Аббаси әулетінің болмысын әшкерелеу керек болды. Осындай стратегиялық әрекеттерді жүзеге асырудың қажеттілігі шиіт мазхабының тарихына көз жүгіртіп, Пайғамбардың (с.ғ.с) өз дәуірінде хазірет Әлиді (ғ.с) имам ретінде таныстыру арқылы пайда болған шиіттік ағымның Умәйя және Абу Софиян әулетінің билікқұмар, өзімшіл билеушілерінің бидғаттарына байланысты танылмай қалғанын көрген кезде сезіледі. Олар мұсылмандарды жарты ғасырға жуық алдап, уәжіп намаздарын оқығаннан соң имам Әлиге (ғ.с) қарғыс айтып отырған. Имам Моджтабаны (ғ.с) ақиқатты айтып, пайғамбарлық әулет пен Алавилер әулетінің намысын қорғағаны үшін уландырып, оның пәк денесіне оқ жаудырған. Бұл адамдар имам Хусейннің (ғ.с) қанын төгіп, Умәйя әулетінің билік басына келуіне жол ашу мақсатында шынайы ислам дінін ұстанушылар мен ақиқатты талап етуші шиіттерді кез келген әрекет жасау мүмкіндігінен айыру үшін имам Саджадты (ғ.с) Ашура оқиғасынан соң тұтқындады.

Имам Бағер (ғ.с) Умәйя және Аббаси әулеттерінің билікқұмарлық сипаттағы қастандықтарының шарықтау шегінде мәдени революция арқылы шиіттік тағылымдарға жаңа дем беруді көздеді. Сол себепті имам бұл бағдарламасын жан-жақты және мақсатты түрде жоспарлап, өзінің негізгі әрекеттерін бастады. Ол хазірет  айналасына зиялы қауым мен қарапайым халықтың арасынан көрнекті тұлғаларды жинап, саны және сапасы тұрғысынан таза мұхаммадтық ислам дініне жаңа рух беріп, оның жойылуының алдын алу мақсатында исламның ақиқаттарын, өткір әрі нақты тұстары мен исламдық тағылымдарды таратты.

Имам Бағер (ғ.с) өмір сүрген кезеңдегі саяси кеңістікпен біршама таныс болдыңыздар. Ендігі кезекте ол хазіреттің таза мұхаммадтық (с.ғ.с) ислам дінін  сақтап қалуға бағытталған әрекеттеріне тоқталамыз. Умәйя әулеті билік еткен бір ғасырға жуық уақыт бойы хазірет Әли (ғ.с) мен оның пәк әулетінің жарқын бейнесіне нұқсан келтіруде ешнәрседен тайынбағандықтан, имам Бағер (ғ.с) маңызды қадам жасап, имамның жоғары орнын қоғамға таныстырды. Имам Бағердің (ғ.с) келесі қадамы – илаһи әмірмен Шура сүресінің 23-аятында айтылған: "(Мұхаммед Ғ.С.): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де" пайғамбар (с.ғ.с) әулетіне деген махаббат пен сүйіспеншілік таныту қажеттігін еске салып, қайта жандандыру болды. Басқа бір рауаятта былай деп айтылған: "Құдайды сүйіңдер. Бізді, «аһле бейтті» илаһи әмір мен Алланың елшісі үшін жақсы көріңдер". Бесінші имам (ғ.с) пайғамбар әулетіне деген махаббаттың маңыздылығын көрсету үшін оны жасаған ғамалдардың қабыл болуының шарты деп атап: "Егер кімде-кім түннен таң атқанша сергек болып, бүкіл өмірінде ораза тұтып, барлық мал-мүлкі мен байлығын Құдайдың жолында садақа етіп, қайырымдылық жасап, өмірінің соңына дейін жыл сайын қажылыққа барып, алайда илаһи әулиелер саналатын біздің билігімізді мойындамай, бізді жақсы көрмей, біздің жолды қумайтын болса, онда оның барлық жасаған ғамалдары пайдасыз болмақ. Ондай адамдар Құдайдан ешқандай сый күтпесін",-деп айтқан.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Пайғамбардың (с.ғ.с) әулеті-«Аһле бейтті» жақсы көріп, оларды құрметтеу қажеттігі қуатталды. Себебі, имам Бағер (ғ.с) билікқұмар адамдардың халықтың жүрегіндегі «Аһле бейт» – пайғамбар ұрпағына деген махаббат пен сүйіспеншіліктің көзін жоюға деген тынымсыз талпыныстарына куә болды. Ол хазірет Кербалада тек Пайғамбар (с.ғ.с) әулетіне құрметсіздік көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ оның ұлы атасы Хусейн ибн Әли (ғ.с) мен оның адал серіктерін шәһид еткен ашу мен жеккөрінішті өз көзімен көрді. Бесінші имам (ғ.с) жемқор үлемдер мен рауаятшылардың Умәйя әулетінің пара беруімен хазірет Әли (ғ.с) мен Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағын айыптап, жазғыратын жалған рауаяттар таратып, Муавиенің бұйрығымен балалардың жүрегінде «Аһле бейтке» деген өшпенділік дәнін егу үшін оларға сол рауаяттарды үйреткенін көрді. Сондықтан имам Бағер (ғ.с) дұшпанның сананы уландырушы үгіт-насихаттарын залалсыздандыру мақсатында олардың өтіріктерін әшкерелеп, илаһи әмірмен Пайғамбар (с.ғ.с) ұрпағына деген маххаббат пен сүйіспеншілікке шақырып, қоғамдық пікірдің назарын өзіне аудару үшін қажет негіз қалады.

 

Aug 17, 2018 11:48 Asia/Almaty
Сараптама