Өткен бағдарламалардағы тақырыпты жалғастырып, ирандық тарихшы, тəпсірші, философ Мұхаммад ибн Жарир Табари жайлы сөз қозғап, Табаридің құнды тәпсірімен таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, тарихшы әрі Құран Кәрімнің ұлы тәпсіршісі Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 224 жылы (сәйкесінше х.ш.ж.с.б. 218 жылы) Иранның солтүстігінде орналасқан Амол қаласында дүниеге келген. Ол зеректігінің арқасында сол қалада ғылымдардың бастамасын жылдам меңгеріп, 12 жасынан бастап әкесінің ынталандыруымен білімін толықтыру үшін сапарға аттанған. Табари білім алу жолында Рей, Бағдад, Шам мен Мысыр қалаларында біраз тұрып, философия, фикх пен хадис бойынша сол қалалардағы атақты ұстаздардан білім алған. Ол ақырында Бағдадта тұрақтап, өмірінің соңына дейін сонда болған. Табари Бағдадта фикх, тарих пен хадис бойынша білімін толықтырумен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің құнды туындыларын, соның ішіндеТабари тарихы және Құран Кәрім тәпсірін жазды. Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 310 жылдың шаууал айының 26-ы күні кешке  Бағдадта көз жұмды. Ол жексенбі күні өз үйінде жерленді.

Табаридің келесі құнды еңбегі – Құран Кәрімге жазылған тәпсір. Табари тәпсірі – ислам мәдениеті мен тағылымы саласындағы ең көне әрі маңызды ауқымды тәпсірлердің бірі. Бұл еңбек зерттеушілер арасында тәпсірге қатысты деректі рауаяттардың ауқымды сыни жиынтығы ретінде танымал.

Табари тәпсірі

Табари тарихының кіріспесінде өз тәпсірін "Джаме ул-Байян ән тавил ай әл-Құран" деп атаған, бірақ еңбектің өзінде оның аты аталмаған. Сол себепті еңбектің нақты атауы кең қолданылмай, автордың атымен "Табари тәпсірі" деп танылған.

Автордың бұл еңбекті қашан бастағаны белгісіз. Дереккөздерінде тек екі мәлімет қана бар. Оның бірінде кітаптың бір бөлігінің х.қ.ж.с.б. 280 жылы (882 жылы) жазылғаны айтылған; екіншісінде бүкіл кітаптың х.қ.ж.с.б. 283-290 жылдар аралығында (896-903 жылдар)  Табари тарапынан шәкірттеріне айтылғаны жазылған. Осы мәліметтер негізінде мынадай нәтиже шығаруға болады: кітаптың әртүрлі бөліктері ұзақ мерзімде конспект ретінде жазылып, кейін мазмұны толықтырылып, соңында автор мен шәкірттері тарапынан соңғы нұсқаға келтірілген.

Тарихшы Яқут Хамавидің айтуынша, Табари алдымен өзінің тәпсірлеу білімін 30 мың парақта шәкірттеріне айтып беруді көздеген, алайда олардың қарсылығына ұшыраған соң өкініш білдіріп, оны 3 мың параққа дейін қысқартқан. Бұл сөз қазір қолда бар еңбектің көлеміне жақын. Тәпсірдің бастапқы нұсқасының көлемі жайлы мәлімет асыра айтылған болуы мүмкін. Бірақ, мұндай мағлұматтар Табаридың Құранды тәпсірлеу мәселесіне жан-жақты қарағанын көрсетеді.

Зерттеушілердің сенімінше, Бағдадта х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың соңында жазылған осы еңбекпен бір мезгілде тәпсір жазу тарихы өзінің классикалық кезеңіне қадам басты. Тәпсір жазуға арналған еңбектер дамыған осы жарқын кезеңде тәпсір тарихының алдыңғы кезеңдерінде құрал ретінде пайдаланылған ғылымдардың барлығы қолданылған. Тәпсіршілер бұрынғылардың ой-пікірлерін жинап, сол ғылымдарды пайдалану арқылы өздерінің туындыларын жазған. Осылайша бұл кезеңде бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда көлемдірек еңбектер, соның басында Табари тәпсірі жазылды.

Өз заманындағы белгілі факихтер мен хадисшілердің бірі болған Табари тәпсірін жазу үшін сол заманда Бағдадта кең таралған дерек жазу және сүннет жазу ағымдарынан әсер алып, алдымен бұрынғылардың әртүрлі тәпсірлерін жинаған. Алайда рауаяттарды жинаумен тоқталып қалмай, оларға сын айтып, барлық пікірлерді баяндағаннан кейін біреуін таңдауға тырысқан. Ол осылайша әртүрлі тәпсірлерді сынап, арасынан біреуін таңдау үрдісін сол замандағы тәпсір жазу саласына енгізді. Осы арқылы тәпсір тарихын жаңа ағымға кіргізді. Сол заманда «тавил» мен «тәпсір» деген екі сөзді салыстыра келіп, Табаридің рауаяттарды сынап, біреуін таңдауы керек болғандықтан өз кітабын "тәпсір" емес, "тавил" деп атағанын көруге болады.

Сол заманда Табари тәпсірімен бір мезгілде жазылған құнды тәпсірлердің ішінде Ибн Аби Хатам Рази мен Ибн Манзар Нишапуридің тәпсірлерін атауға болады. Басқалардың, соның ішінде Сивати (х.қ.ж.с.б. 10 ғасыр) мен Ибн Касирдің (х.қ.ж.с.б. 8 ғасыр) осы екі еңбектен алып қолданған рауаяттарының көлемі Табари тәпсірінен алынған рауаяттардың көлемімен салыстырғанда Табари тәпсірінен шағынырақ болғанын көруге болады. Табари тәпсірі ие сыни талдау мен тәртіпке ие болмағандықтан бұл еңбектер ол сияқты кең таралмаған болуы мүмкін.

Табари өзінің тәпсіріне жазған көлемді кіріспесінде қолданған тәсілін баяндаған. Табари өз тәпсірінде араб тілін Құран аяттарын түсіндіру үшін қажет құрал деп таныстырған. Ол Құранды таза араб тілі қолданылған, араб тайпаларының 7 диалектісінде баяндалған кітап санады. Ол кейбір рауаяттарға тоқталып, Құран аяттарын тәпсірлену тұрғысынан 3-ке бөлген: бірінші топқа Құдай ғана тәпсірін білетін аяттар жатады; Табари екінші топты исламның ұлық пайғамбары Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с.) арқылы ғана тәпсірлеуге болатын аяттардан тұрады деп санады; үшінші топқа араб тілімен таныс кез келген адам тәпсірлей алатын аяттар жатады. Табари соңында қалау бойынша тәпсірлеуді сынап, тәпсіршілерді бірінші және екінші топқа жататын Құран аяттарын тәпсірлеуден бас тартуға шақырды.  

Клод Жильоттың (Claude Prosper Jolyot de Crébillon) пікіріне сәйкес, Табари осы еңбекте исламның дұрыс дін екенін көрсетуді көздеген. Осы тұрғыдан өзінің сыни тақырыптарын жеке бір адамға немесе арнайы топқа бағыттамаған. Оның сенімінше,  "Табари теологиялық тартыстарға толы ортада өскендіктен, сол кеңістіктің ықпалымен теологиялық дәлелдер келтіру арқылы бейнелеуге тырысқан. Олардың бастамасын кітаптың өн бойындағы рауаяттар құраған. Екінші құрал ретінде араб тілін таңдау оған өз жолын тауып, дәлелдерге қажет гипотезаларды баяндауына көмектесті. Табаридің ойынша, араб тілі – Құран тілі және тілдердің ең кемел түрі. Осы тұрғыдан оның тәпсірінде тіл ең маңызды рөл атқарады". Осылайша, оның еңбегі тәпсірге қатысты рауаяттарға толы болғанымен теологиялық болмысқа ие болды.

Aug 27, 2018 17:52 Asia/Almaty
Сараптама