Өткен бағдарламалардағы тақырыпты жалғастырып, ирандық тарихшы, тəпсірші, философ Мұхаммад ибн Жарир Табари жайлы сөз қозғаймыз.

Тарихшы, Құран Кәрімнің ұлы тәпсіршісі Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 224 жылы (сәйкесінше х.ш.ж.с.б. 218 жылы) Иранның солтүстігінде орналасқан Амол қаласында дүниеге келген. Ол зеректігінің арқасында сол қалада ғылымдардың бастамасын жылдам меңгеріп, 12 жасынан бастап әкесінің ынталандыруымен білімін толықтыру үшін сапарға аттанған. Табари білім алу жолында Рей, Бағдад, Шам мен Мысыр қалаларында біраз тұрып, философия, фикх пен хадис бойынша сол қалалардағы атақты ұстаздардан білім алған. Ол ақырында Бағдадта тұрақтап, өмірінің соңына дейін сонда болған. Табари Бағдадта фикх, тарих пен хадис бойынша білімін толықтырумен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің құнды туындыларын, соның ішінде Табари тарихы мен Құран Кәрім тәпсірін жазды. Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 310 жылдың шаууал айының 26-ы, сенбі күні кешке  Бағдадта көз жұмды. Ол жексенбі күні өз үйінде жерленді.

Мұхаммад ибн Жарир Табари

«Табари тарихы» деген атпен танымал "Тарих ул-Ресол уа әл-Умум уа әл-Мулук" еңбегі жазылғаннан бастап ислам тарихымен айналысқан барлық адамдардың маңызды дереккөзіне айналды. Зерттеушілер ислам тарихын жазудың да Табари тарихында жазылған  қосымшалармен жалғасын тапқан деп санайды. Табари тарихы 7 ғасырға дейін Ибн Асир «әл-Камел» атты өзінің тарих кітабын жазғанға дейін мұсылмандардың тарихты жазуына тікелей әсер еткен. Ибн Асир де Табари тарихы негізінде өзінің тарихын х.қ.ж.с.б. 302 жылға дейін жазған. Табари тарих туралы еңбегіне қосымша жазған. Содан кейін оның кітабына көптеген қосымшалар жазылды. Соның ішінде  Ариб бен Саад Қортабидің «Селле тарих-е әт-Табари» еңбегі х.қ.ж.с.б.  290-320 аралығындағы оқиғаларды қамтиды. Ал Мұхаммад бен Абдулмалек Хамаданидің «Такмеле-е тарих-е әт-Табари» еңбегі х.қ.ж.с.б. 295-512 жылдарды қамтиды. Кейбір авторлар Табари тарихын өздеріне теліп алған. Ұстаздар оларды теріске шығарып, алып тастаған. Дахвие шығыстанушылардың бір тобымен Табари тарихының мәтінін 13 томда  сыни редакциядан өткізіп, 3 томдық қосымшасымен бірге х.ш.ж.с.б. 1296-1319 ж.ж. (1879-1901 ж.ж.) Лиденде басып шығарған. Бұл басылымның қосымшаларының қатарына «әл-Мұнтахаб мен кетаб зил әл-Мазил фи асма әл-сахаба уа әл-табеин» жатады. Бұл Табаридің «Зил әл-Мәзил» атты кітабының таңдамалысы, 13-томның екінші бөлімін қамтиды. Автордың өмірбаяны мен кітаптың нұсқаларының латын тіліндегі кіріспесі, сөздік, түзетулер мен белгілер 14-15-томдарда келтірілген. 16-томда редакторлар "Селле-е тарих-е Табари" деп атаған Ариб бен Саад Қортабидің кітабының бір бөлігі аударылған.

Мұхаммад Абулфазл Ибрахим Табари тарихын Лиден басылымы бойынша жаңадан табылған нұсқалар негізінде 10 томда х.ш.ж.с.б. 1339 жылы, сәйкесінше 1960 жылы Каирда шығарды.  Ол х.ш.ж.с.б. 1346 жылы, сәйкесінше 1967 жылы Табари тарихын "Селле-е тарих-е Табари", Мұхаммад бен Абдулмалек Хамаданидің "Такмеле-е тарих-е Табари", Табаридің "Зил әл-Мәзил" кітабынан таңдамалы еңбектермен бірге әрқайсысына бөлек-бөлек тізім жазып, Каирда қайта басып шығарды. Табари тарихы бірнеше рет аударылған. Абуәли Балами х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда Табари тарихын реттеп, парсы тіліне аударған. Бұл еңбек сақталған. Абулқасым Пайянде Табари тарихындағы қайталамалы деректерді қысқартып, "Селле-е тарих-е Табари" еңбегін қосып, парсы тіліне аударып, х.ш.ж.с.б. 1352-54 жылдары 16 томдық көлемде басып шығарды. Кейін жеке томда оған белгілер тізімі қосылды. Кейбір шығыстанушылар, соның ішінде Розенталь, Монтгомери Ват Эхсан Яршатердің жетекшілігімен Табари тарихының толық мәтіні ағылшын тіліне аударылып, оның сілтемелеріне толықтырулар енгізіліп, 38 томдық жинақта шығарылды.

Ағылшын тіліндегі Табари тарихы Life Story кітапханасында

Бұл кітаптың алғашқы аудармасы Мұхаммад бен Жарир Табари қайтыс болғаннан шамамен 40 жыл өткен соң парсы тілінде жасалды.Самани сарайының ойшыл уәзірі Абуәли Балами х.қ.ж.с.б. 352 жылы әмір Абусалех Мансур бен Нух Саманидің бұйрығымен "Табари тарихы" еңбегін жалпы халық қолдануы үшін араб тілінен парсы тіліне аударды. Иранға Ислам діні келгеннен кейінгі алғашқы ғасырларда көптеген ирандық ойшылдар өздерінің еңбектерін араб тілінде жазған. Самани әмірлері парсы тілін сақтап қалуға бар күштерін салған билеушілердің қатарына жатады. Осы кезеңде, яғни 4 ғасырдың екінші жартысында билеушілердің әмірімен  араб тілінен парсы тіліне аударылған көптеген еңбектердің арасында Табаридің екі құнды кітабы – Табари тарихы мен Құран тәпсірі де болды. Балами жалпы халық қолдануы үшін Табари тарихын қарапайым, жатық тілмен жазған. Мұхаммад Тақи Баһар осы кітаптың тілінің қарапайымдылығы туралы: "Тілінің жеңілдігі соншалықты, ирандық мосқал әйелдер де оны оқи алатын болған",-деген.

Балами Табари тарихын аударуда тақырыптарды өте қысқа баяндаған. Сол себепті аударылған мәтіннің көлемі негізгі кітаптан әлдеқайда аз шыққан. Редактор Мұхаммад Роушан Табари тарихының парсы тіліне аудармасын "Табари тарихнамасы" деп атаған. Малек уш-Шоарайе Баһар оны "Балами тарихы" деп атаған. Балами Табари тарихын аударғанда қажетсіз деп санаған тарихи жайттардың бір бөлігін алып тастаған. Рауаятшылардың аттары мен рауаяттар берілген құжаттар, қосалқы оқиғалар, маңызды емес адамдардың аттары, өлеңдер, жоқтаулар мен халифтердің құтпалары Табари тарихының парсы тіліне аударылған мәтінінде қысқартылған жайттардың қатарына жатады.

Балами аудармасы – Табари тарихы еңбегінің еркін аудармасы. Ол сөзбе-сөз аударылмаған. Балами Табари тарихының жалпы қалпын сақтауға күш салғанымен, оқиғаларды жинастыруда еркін әрекет етіп, өзін жалғыз аударма ісімен шектемегенн. Бұл ерекшеліктің көрнектілігі соншалықты, кейбір зерттеушілер мен әдеби сыншылар Баламидің туындысын тәуелсіз, аударма мен жазудан тұратын еңбек деп есептейді. Балами тарихы көне еңбек болғандықтан, құнды тарихи дереккөзі болып табылады. Сондықтан аударманың ерекшеліктері оған нұқсан келтіре алмайды.

"Балами тарихы" еңбегінен бір сурет

Бір оқиғаны баяндау үшін бір рауаятты қабылдап, қайшылыққа ие басқаларын алып тастау Баламидің Табари тарихы аудармасында қолданған ең маңызды бастамасы болып табылады. Табари бір оқиғаны баяндауда өзінің ойын қоспастан барлық рауаяттар мен құжаттарды, тіпті бір-біріне қайшы келсе де, аманат негізінде келтіріп отырған. Бұл оқырман үшін дұрысты бұрыстан айыруды біршама қиындатты. Ал Баламидің аудармасында оқырман түсініксіз жағдайда қалмайды, жазушының оқиғалар туралы ойын оңай түсінеді. Табари өз еңбегін жазуда оқиғаларды хронология бойынша реттеп жазғандықтан кейде бір оқиға үзік-үзік баяндалған. Шын мәнінде бір оқиға бір жылдан екінші жылға созылған. Балами Табари тарихын аударғанда әр жылдың оқиғаларын тақырып бойынша біртұтас баяндаған. Балами тараулардың атауын да өзгерткен. Сыншылардың айтуынша, Балами таңдаған тақырыптар мәтінмен көбірек үйлеседі. Осы тұрғыдан Баламидің еңбегі нақты ойластырылған. Кейде аудармада Табари тарихының мәтінімен салыстырғанда мазмұндық айырмашылықтар байқалады. Мұндай кезде Балами Табари тарихынан бөлек құжаттарды қолданған. Оқиғалардың тамырын анықтап, сараптама жасаудан бас тартқан Табариге керісінше, Балами өз аудармасында кейде тарихи құжаттарға сүйеніп, анық та айқын сараптамалар ұсынған.

Табари тарихының Балами аудармасы "Балами тарихы", "Табари тарихының аудармасы", "Табари тарихнамасы" деген үш атаумен шықты.  Бұл еңбектен көптеген қолжазба нұсқалар қалған. Олардың кейбіреуінің қайшылығы бар. Сырттай алғанда "Балами тарихының" ең көне нұсқасы х.қ.ж.с.б. 586 жылға тиесілі. Иран мәдениеті қорының фото нұсқалар баспасында бұл еңбек Мұджтаба Минуидің кіріспесі және таныстыруымен х.ш.ж.с.б. 1345 жылы басылып шықты. Зоттенберг пен Дубу еңбекті француз тіліне аударып, 1867-1874 жылдары Парижде 4 томдық көлемде шығарды.

Aug 27, 2018 20:08 Asia/Almaty
Сараптама