Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, ирандық тарихшы, тəпсірші, философ Мұхаммад ибн Жарир Табари жайлы сөз қозғаймыз.

Айтып өткеніміздей, тарихшы әрі Құран Кәрімнің ұлы тәпсіршісі Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 224 жылы (сәйкесінше х.ш.ж.с.б. 218 жылы) Иранның солтүстігінде орналасқан Амол қаласында дүниеге келген. Ол зеректігінің арқасында сол қалада ғылымдардың бастамасын жылдам меңгеріп, 12 жасынан бастап әкесінің ынталандыруымен білімін толықтыру үшін сапарға аттанған. Табари білім алу жолында Рей, Бағдад, Шам мен Мысыр қалаларында біраз тұрып, философия, фикх пен хадис бойынша сол қалалардағы атақты ұстаздардан білім алған. Ол ақырында Бағдадта тұрақтап, өмірінің соңына дейін сонда болған. Табари Бағдадта фикх, тарих пен хадис бойынша білімін толықтырумен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің құнды туындыларын, соның ішінде Табари тарихы және Құран Кәрім тәпсірін жазды. Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 310 жылдың шаууал айының 26-ы, сенбі күні кешке  Бағдадта көз жұмды. Ол жексенбі күні өз үйінде жерленді.

Мұхаммад ибн Жарир Табари

Сонымен қатар айтып өткеніміздей, Табаридің маңызды кітаптарының бірі – «Табари тарихы» деген атпен танымал "Тарих ул-Ресол уа әл-Умум уа әл-Мулук" еңбегі. Ол «Жаһан тарихы» және «Ислам тарихы» деген екі бөлімнен тұрады. Жаһан тарихы бөлімі туралы өткен бағдарламада айтып өттік. Табари өзінің тарих кітабының екінші бөлімін хронология бойынша жазған. Бұл бөлім Исламның ұлық пайғамбарының қоныс аударған жылынан х.қ.ж.с.б. 302 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Табари х.қ.ж.санағының әрбір жылы өз ойынша маңызды оқиғаларды келтіріп отырған. Табари оқиға ұзақ болған жағдайда оны болған жылына қарай баяндап, содан соң оңтайлы жерде оны түсіндірген.   

Табари тарихи рауаятты баяндауда алдымен тарихи оқиға жайлы жазған соң оның негізгі дереккөздерін атап өтеді. Оның негізгі дереккөздері әралуан болып келеді. Кейде оның сөзін шейх растайды, кейде әділ адамға сүйенеді. Шын мәнінде, олар сол оқиғаға қатысқан немесе одан хабардар адамдар болған. Кейде негізгі дереккөзінің кітап екенін көреміз. Табари оны құжатпен байланыстырып, оқып, одан рауаят келтіруге рұқсат алған. Кейде бұл дереккөзі – бедуиндер, кей жағдайда басқа қалалар мен жерлерден келген, Табари сенген адамдар болып табылады.

Табаридің тарих жазуда, әсіресе екінші бөлімді жазуда қолданған тәсілі – хадисшілердің тәсілі.  Ол тарихи оқиғаларды баяндап, оны дәлелдейтін құжаттарды атап отырған. Ол құжаттарды атауда оның негізгі иесіне дейін жеткен. Бұл негізгі ие әдетте Ислам пайғамбары хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) өзі болып табылады. "Табари тарихының" авторы өзі қолданған дереккөздерін иемденіп алмаған, тақырыптарды олардың дұрыстығы мен бұрыстығын назарға алмай келтіріп отырған. Табари көп жағдайда өзінің ой-пікірін білдірмеген. Осы тәсіл оның кітабының көп бөлігінде сақталған. Табари өзінің тарих туралы еңбегінде кітаптардан үзінділер келтіреді, кейде кітаптардың атын атайды немесе кітаптардың  авторларының аты-жөнін атап, үзінді келтіреді. Табари дереккөзінің құқығын сақтау тұрғысынан теңдессіз. Ол әрбір оқиға туралы көптеген рауаят келтірген. Осылайша исламдық дереккөздерін жойылып кетуден сақтап, маңызды еңбек сіңірген. Табари хадисші болғандықтан өз еңбегінде барлық салмақты құжатқа салған. Зерттеушілердің сенімінше, ол "хадис ғылымы негізінде тарих жазу" деген жаңа тәсілдің негізін қалаған. Табаридің арқасында оқиғаларды жылдар бойынша жинаумен айналысатын «ахбар мектебі» исламдық тарих жазу саласына енді.  Ол тарихи оқиғаларды құжаттарды атаумен бастаған. Оның тарих жазу мектебінде рауаятқа қатты көңіл бөлінген. Рауаятта кітаптың атын атау қажет болмағандықтан рауаятшының аты кітаптың атауының орнын басқан. Табари өзінің тарихында тіпті өз тәпсірін толықтыруды да көздеген. Табаридің пікірінше рауаяттың дұрыстығының негізі әділет, дұрыс сақтау және құжаттың дұрыстығы тұрғысынан рауаятшыға сенуге негізделген. Табари бұл тәсілді өзінің кітабында аманат пен нақтылық негізінде ұстанған. Ол тіпті өз тәсілінде кейде ақылға қонбайтын рауаяттардың көбімен ұшырасқанымен ешқашан олардың ешқайсысының мазмұнына сын айтпаған, өйткені ол үшін ақыл мен қисынға келмесе де, құжаттың дұрыс болуы жеткілікті болған. Мұндай ахбардың көбі пайғамбарларға қатысты және діни ахбарға жатады. Ондай ахбарларда ғайыптық жайлы айтылған. Бұған ақыл көмекші бола алмайды.

Табари тарихы

Табари өз тарихының кіріспесінде оқиғаларды баяндау үшін таңдаған тәсілі туралы былай дейді: "Бұл кітапты оқитын адам өзім жинаған мағлұматтарға деген сенімімнің тек жазушы ғана болу шартымен жасалғанын білуі тиіс. Келтірген, ахбарлардан жазған, еңбектерден алған, рауаятшыларға сілтеме жасаған нәрселердің барлығы тек таза баяндау ғана, ешқайсысы ақыл таразысына салынбады. Кейбір жағдайлар болмаса, өз ой-пікірімді айтпадым. Өткен оқиғалар мағлұматтар мен заман барысында таралған ахбарлар оларды түсінбеген немесе куә болмаған адамдардан алынбайды. Хабардар адамдардың айтқандары мен қайталап айтушылардан алынады. Бұл жолда ақыл мен дәлелге жүгінбеу керек. Мен дайындаған кітап өткендер жайлы. Оқыған адам оның дұрыстығына шәк келтіріп, ақиқаттан жұрдай деп тапса, қуанбауы мүмкін немесе ол ахбарға көңілі толмауы ықтимал. Оқырман бұл ахбарды біздің ойдан шығармағанымызды білуі тиіс, керісінше нақыл еткендер арқылы бізге жеткенін қаперінде ұстауы керек. Бізге қалай жетті, кітапта солай келтірдік".

Табаридің тарихқа көзқарасы және тарих жазудағы тәсілі оның факих хадисші ретіндегі мәдениеті мен зерттеулерінің ықпалында қалыптасқан. Ол өз тарихын жазуда тарихтағы екі негізі ойға иек артты: оның бірі – пайғамбарлардың аспандық жолдауларының бірлігі; екіншісі – сыналғандарға көңіл аударып,  оларды заманмен байланыстыру.  

Табаридің пікірінше оқиғалардың маңыздылығы оны растайтын құжаттың мықтылығына байланысты. Құжат оқиғаға жақынырақ болған сайын маңыздылығы жоғары. Осы арқылы оның жазбалары арасынан тек оның кітабынан ғана табуға болатын жаңа тарихи рауаятты кездестіреміз. Рауаяттар қолдан қолға өтіп, айтылғанда есте сақтау қабілеті, жеке ниеттер, түрткілер мен басқа да түрлі факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырайды.  Осы тұрғыдан оларды сынап, талдағаннан кейін де олардың дұрыстығы мен нақтылығы жайлы кесімді пікір білдіруге болмайды. Жеке пікір қателіктен ада бола алмайды. Қателіктен сақтану үшін тек сенуге боларлық тарихшылардың рауаяттарымен шектелген абзал. Рауаяттардың дұрыстығының жауапкершілігі олардың өз мойнында. Сол себепті Табари ой-пікір білдіруден ұдайы бас тартқан. Сондай-ақ бір рауаятты екіншісінен артық қойған кезі өте сирек кездеседі. Керісінше, өзі тұрғысынан қабылдауға тұрарлық рауаятты келтіргеннен кейін бейтараптықты сақтауды жөн көрген. Табаридің тарихқа көзқарасы шын мәнінде илаһи көрегендікті баяндауға сену болып табылады. Оның көзқарасынша, тарих үмбеттегі сыналғандар жайлы оқиғаларды аманатпен сақтайтын жер болып табылады.

Зерттеушілер Табари тарихының көп артықшылықтарын атаған. Табаридің тарих жазу тәсілінің ерекшеліктерінің бірі мынада: ол ислам тарихындағы барлық рауаяттарды өз кітабында бір жерде келтіргісі келгендіктен  ислам тарихына өлшеусіз қызмет еткен. Осылайша көптеген құжаттар мен оқиғалар сақталып қалды. Оның тарихындағы ақпараттардың айтарлықтай бөлігі бедел мен сенімге ие. Онда көбіне мәдениет пен өркениет жайында емес, саяси істер жайлы айтылған. Табари Иран тарихы туралы сенімді араб мәтіндерінде кездеспейтін шындықтарды айтқан. Табари тарихын зерттеушілердің басым көпшілігінің  сөздеріне сүйенсек, ол тарихи оқиғаларды баяндауда бейтараптықты сақтаған. Табари тарих кітабында өз заманындағы оқиғаларға тоқталмаған. Оның еңбектерін сынаушылардың пікірінше, Табаридің мұндай тәсіл таңдаудағы себебі, егер ол өз заманындағы оқиғаларды жазуды мақсат еткенде, кейін басқалар да оның ұстанымымен жақтасып, сөздерін қайталап, оқиғаны анықтауға және оның бұрмалануына әсер ететін еді.

Aug 27, 2018 20:14 Asia/Almaty
Сараптама