Иран – әлемдегі анар өндіруші және экспорттаушы ең ірі ел Бүгінде Иран елі 60 мыңнан астам гектар егіс алқабымен шамамен 1 млн тонна анар өндіру арқылы әлемде анар өндіруші және экспорттаушы ең ірі ел болып табылады.

Анар – 4 мың жылдық тарихы бар бау-бақша өнімдерінің бірі. Өсімдіктанушылар мен зерттеушілердің көбі анар ағашын Иранның жергілікті өсімдігі және ол осы жерден Үндістанға, содан соң Солтүстік Африка, Қытай, Еуропа мен Америкаға таралған деп санайды. Иранның кейбір өңірлерінде, соның ішінде Каспий теңізінің жағалауы мен аласа ормандарда, елдің батысындағы Луристан мен Күрдістанда және Чахармахал-Бахтияри, Фарс, Балучистанның далалық жерлерінде, Альборз таулы сілемінің оңтүстік бөктерлерінде, Гилян облысындағы Манджил мен Лоушанның шығыс және батыс сайларында жабайы анардың кең таралуы осы сөзіміздің дәлелі бола алады.

Соңғы илаһи кітап Құран Кәрімде анар үш рет аталған. Алла Тағала «Әнғам» сүресінің 99-аятында аспанның жаратылуы, жаңбырдың жаууы, әртүрлі өсімдіктер мен жемістердің, соның ішінде  анардың өсуін Құдайдың құдіретінің нышаны санайды. Сондай-ақ, «Рахман» сүресінің 68-аятында анардың жұмақта мүміндерге берілетін жемістердің бірі екені айтылған. Алла Тағала «Әнғам» сүресінің 141-аятында пенделеріне анар жеуге кеңес берген.

Ғылыми атауы Punica granatum болып табылатын анар – айқыш-ұйқыш тікенекті бұтақтары мен жапырақтары бар жеміс ағаштарының бірі. Анар ағашы құрғақ желді аптап ыстық пен минус 10 градус суыққа шыдайды. Сондықтан әлемнің көптеген аймақтарында егіледі. Бұл ағаштың орташа биіктігі – 2-5 метр. Анар ағашының жапырақтары толығымен жасыл әрі жылтыр, гүлі иіссіз, күрең қызыл түсті. Анардың гүлдері қызғылт, қошқыл сары және қызыл түсті қысқа сірқабықты немесе сірқабықсыз болып келеді. Бұл гүлдерді анар ағашынан жеке күйде немесе 2-15 гүл бір-біріне жабысқан қалпында көруге болады. Анар гүлі қоңырау және бөтелке пішіндес болып келеді. Жеміс беретін анар ағашының гүлдері бөтелке пішіндес. Олар ағашта жеміс бермейтін гүлдерден азырақ өседі. Анар табиғат аясындағы қапталған тағамдық мұғжиза саналады. Бір анар жемісінде жақұттай қызылдан меруерттей аппақ түске дейінгі түрлі түсті нәрлі дәндер ақ ұяшықтың ішінде қатар-қатар тізіліп, беті қалың қабатпен қапталып беріледі.

Анар дәм тұрғысынан қышқыл, тәтті және қышқылтым болып үшке бөлінеді. Анар жемісі түс пен көлем тұрғысынан да әралуан. Алайда, олардың негізгі әрі жалпы қасиеттері ортақ әрі ұқсас. Иранның атақты данышпаны, дәрігер Әбу Әли Сина (10-11 ғасырлар) анардың барлық бөліктерінде әртүрлі дәрілік қасиет бар деп санаған. Осы уақытқа дейін  анардың қасиеттері мен оның құрамдас бөліктері жайлы көп зерттеу жүргізілді. Олар бұл жемістің көптеген аурулардың алдын алуға және емдеуге жағымды әсер ететінін растады. Мұнымен қоса, анардың қабығы, тамыры, гүлі мен дәндері дәрілік қасиетінің болуына байланысты фармацевтика саласында қолданылады.

Дәстүрлі медицинамен айналысатын дәрігерлердің пікірі бойынша анар өзінің көптеген қасиеттері мен пайдасына байланысты өмірлік эликсир болып табылады.  Анар В1 және В2, С және В9 дәрумендеріне, темір, магний, калий, фосфор мен натрий сияқты минералды заттарға толы. Анар қанды тазалап, бауырды нығайтады, диабет ауруына шалдығудың алдын алады. Анар демікпе, кеуде ауруы  және қатты жөтел сияқты тыныс жолдарының ауруларын емдеу үшін өте пайдалы. Жүрек ауруына шалдыққандарға анар жеуге кеңес беріледі. Анар қан тамырларының тарылуы мен жүрек талмасының алдын алуда әсерлі.  Анар қан түзеді, ауыз қуысы ауруларына, диарея мен паразиттерге қарсы қолданылады. Иранның дәстүрлі медицинасында бұл жеміс өт пен бүйректі емдейтін дәрі ретінде таныстырылған. Сонымен қатар анар несепнәр мен холестеринге қарсы, қан қысымын реттейді, простат обыры, Альцгеймер ауруына, қартаю мен семіздікке қарсы қолданылады. Анардың дәндері талшықтардың болуына байланысты ас қорыту жүйесі үшін өте тиімді. Ол адамның денесінде артық заттардың қалу уақытын азайтатындықтан, адамдардың тоқ ішек обыры сияқты ауруларға шалдығуының алдын алады. Анар жоғары антиоксиданттық қасиетке ие болуына байланысты микробтар мен вирустарге қарсы дененің иммунитеті мен төзімділігін арттырады.  Анар рахит пен жүйкенің жұқаруын емдеуде әсерлі болады.  Анар күйзелістің алдын алу және алаңдаушылықты азайтуда да өте пайдалы. Оны жеу адамның сергектігіне себеп болады.

Анардың түсі оңайлықпен кетпейді. Осы мықты тұрақтылық бұрын анар ағашының бұтағы мен тамырының, гүлі мен жапырақтарының  және анар жемісі қабығының былғары жасауда, жіп, жүн мен мата бояу өнеркәсіптерінде қолданылуына себеп болды. Бүгінде  анардың қабығы дәстүрлі түстер алу үшін қолданылады.

Анар шырыны – микробтарды жоятын және антисептикалық қасиеті бар өнімдердің бірі.  Басқа өнімдерге анар езбесі, анар шәрбәті, анар тосабы, мармелад, желе, сусын, балмұздақ, әртүрлі тұздықтар мен дәмдеуіштер, ұнтақ, анар маринады, эссенция, мал жемі, қақ пен анар сіркесі жатады. Анар дәндерінен мықты антиоксиданттық қасиеті бар май алынады.  

Бүгінде Иран 60 мыңнан астам гектар егіс алқабымен шамамен 1 млн тонна анар өндіру арқылы әлемде ең ірі анар өндіруші және экспорттаушы ел болып табылады. Анардың 700-ден астам түрі Иранның көптеген облыстарында, соның ішінде  Фарс, Хорасан, Орталық, Исфахан мен Йезд облыстарында өндіріледі. Орталық шөл далада орналасқан облыстардың барлығында анар өсіру ерте замандардан бері экономикалық өнім ретінде ерекше қарқынмен дамыған. Саве, Нейриз, Фердоус пен Баджестан – Иранда анар өсіретін ең ірі аудандар. Савенің анары сапа, тәттілік, қабығының жұқалығы, ұзақ мерзімге сақталуы және органикалық болуы тұрғысынан әлемдік танымалдыққа ие.  Савенің анары  әлемде көп дегенде 4 ай сақталатын басқа анар түрлерімен салыстырғанда қышқылдығы жоғары болғандықтан 18 айдан 2 жылға дейін сақталу қабілетіне ие. Бұл ауданда 70-тен астам анар түрі өсіріледі. Олар елдің ішкі қажеттілігін өтеумен қоса, әлемнің түкпір‑түкпіріне экспортталады. Оңтүстік Хорасан облысының Фердоус ауданында орналасқан бақтардан да жылына 20-30 мың тонна анар жиналып, ішкі-сыртқы нарықтарға жөнелтіледі. Фердоус ауданы анарының құрамындағы қанты басқа аудандардың анарымен салыстырғанда 2 пайызға артық.

Ирандағы анар жинау науқаны

Әлемдегі ең үнемді анар Иранның Исфахан облысында орналасқан Кашан ауданының Фин ауылында өндіріледі. 5 кг анардың тек жарты килограмы ғана сатушының тұтынуына жарамайды. Ең қымбат анар Йезд облысына тиесілі. Оның басым бөлігі экспортталады. Иранның кейбір өңірлерінде, атап айтқанда елдің солтүстігіндегі Мазандеран облысының Гәлугах ауданында 300 гектардан астам жерде егіс алқаптары мен бақтардың жиегінде жабайы анар түрлері өседі. Бұл аудан анардың осы түрін әр гектардан өндіру тұрғысынан ең жақсы көрсеткішті көрсетіп отыр. Анар егіп, өсіруге қолайлы басқа аудандарға климаттық алуандығы тұрғысынан Шығыс Әзірбайжан облысындағы Джульфа ауданының Арас өзенінің жағалауындағы жерлер жатады. Анар ағашы – жартылай тропикалық белдікте өсетін өсімдік. Джульфа ауданының жартылай тропикалық климаты бұл жерде анар ағаштарын егіп, өсірудің ең маңызды факторы саналады. «Йездік ақ», «Фаруқ» және «Қара қабық» – Джульфа  ауданында өсетін анардың атаулары. Анардың бұл түрлері тұтынушылардың қалауы мен дәмі тұрғысынан  сапалы өнімдер болып табылады. Тіпті, осы ауданда өндірілетін қышқылтым анар Армения мен Әзірбайжан сияқты көршілес елдердің назарына алынып отыр. Иран анары Нидерланды, Германия, Франция, Швейцария, Швеция, Ресей, Түркіменстан, Оңтүстік Корея, Ирак пен Парсы шығанағы маңындағы елдер – БАӘ, Катар мен Кувейтке экспортталады.

Тегтер

Sep 03, 2018 21:30 Asia/Almaty
Сараптама