"Саба" сүресінің 46-47 аяттарының тәпсірі

«Саба» сүресінің 46 аяты:

«قُلْ إِنَّمَا أَعِظُکُم, بِوَاحِدَةٍ  أَن تَقُومُوا لِلَّـهِ مَثْنَى وَفُرَادَى ثُمَّ تَتَفَکَّرُوا مَا بِصَاحِبِکُم مِّن جِنَّةٍ إِنْ هُوَ إِلَّا نَذِیرٌ لَّکُم بَیْنَ یَدَیْ عَذَابٍ شَدِیدٍ»

(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Шын мәнінде сендерге бір үгіт беремін. Алла үшін екі-екіден, бір-бірден тұрыңдар да сосын ойланыңдар. Жолдастарыңда бір жындылық жоқ. Ол сендер үшін келетін қатты азапты алдын ала ескертуші ғана” де. (46)

«Саба» сүресінің осы аяты мен кейінгі аяттарында Құдай пайғамбарын адамдарға өзінің шақыру тәсілін тура айтуға міндеттейді.

Бірінші жайт ретінде осы аятта былай дейді: «Уа, пайғамбар! Халыққа шақыруыңның мақсатының олардың өздері мен қоғамдарын түзету екенін айт.

Егер күнә мен жамандықтардан құтылғыларың келсе және өз істеріңнің қатты жазасына душар болғыларың келмесе, өздерің мен қоғамды түзету үшін көтеріліс жасау керек. Алайда, көтеріліс материалды дүниелік түрткілер үшін емес, Құдайға деген иман мен илаһи түрткімен жасалуы керек.

Егер шынайы және илаһи мақсатта көтеріліс жасауға әзір болсаңдар, кез келген істен бұрын өз сенімдеріңді ой-пікір арқылы түзетіп, Құдай сендерді не үшін жаратты және сендерден не күтеді, Құдайдың өз пайғамбарын сендерге қандай мақсатпен жібергені мен өз істеріңнің соңы туралы жақсылап ойланыңдар. Егер біраз ойлансаңдар, Құдайдың пайғамбарын адамдарға жол нұсқап, жетекшілік ету үшін жібергенін түсінесіңдер. Ол хазіреттің адамдарды жаман істерден тыюдан басқа мақсаты жоқ. Ондай болса, адамдарды ойлануға шақыратын адам қарсыластар оған жала жабатындай қалайша жынды болуы мүмкін? Біздің одан хабарымыз жоқ, үлкен қатерді ескертетін адам сонда жынды болғаны ма?

Қоғамды түзету үшін жасалатын талпыныс барысында басқаларды күтпеуіміз керек. «Жалғыздың үні шықпас» деп айтпаған жөн немесе қоғамның көпшілігі қателік жасауда біздің қолымыздан не келеді деп қол қусырып, қарап отырудың да қажеті жоқ. Керісінше, екеулеп, болмаса бір-бірлеп, өзіміз бен қоғамды түзетуге күш салуымыз керек. Басқалардың немқұрайдылығы бізді міндетті орындаудан тосылтпауы керек».

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Отырып, сөйлегеннен іс оңалмайды. Құдай жолында көтеріліс жасау керек.

2.Құдай жолындағы көтерілісте адамдардың саны негізгі рөл атқармайды. Маңыздысы – Құдай жолындағы әрекеттің сапасы мен риясыз түрткісі.  3.Пайғамбар адамдардың арасында өмір сүрді. Адамдардың барлығы хазіретті ақылды, парасатты, шыншыл, аманатшыл адам ретінде таныды. Ол хазіреттің бойында ешқандай әлсіз тұс болмады. Соған қарамастан пайғамбар мүшіріктерге олардың жаман істерінің салдарын ескерткен кезде хазіретке «жынды», «есінен адасқан» деп жала жапты.

«Саба» сүресінің 47-ші аяты 

«قُلْ مَا سَأَلْتُکُم مِّنْ أَجْرٍ فَهُوَ لَکُمْ  إِنْ أَجْرِیَ إِلَّا عَلَى اللَّـهِ  وَهُوَ عَلَى کُلِّ شَیْءٍ شَهِیدٌ»

Оларға: “Сендерден ақы тілемедім. Ол сендердікі болсын. Менің ақым Аллаға ғана тән. Ол әр нәрсеге куә” де. (47)

Алдыңғы аяттың жалғасында бұл аятта да пайғамбар өзінің шақыру тәсілін адамдарға айтуға міндеттеліп: «Сендерге Құдай жолында жетекшілік етіп, қияметті ескерту үшін ешқандай материалды түрткіні көздемеймін. Сендерден ештеңе қаламаймын. Менің пайғамбарлық міндетімнің сыйын Құдай береді. Сендерден сұраған әрбір істі орындаңдар. Оның пайдасы маған емес, өздеріңе тиеді. Егер сендерден өзім үшін бірнәрсе сұрадым деп ойласаңдар оның өзі де сендер үшін.  Егер сендерден «аһле бейтті» – пайғамбар әулетін жақсы көріңдер деп сұрасам, бұл істің пайдасы да өздеріңе қайтып келеді. Олардың соңынан ерудің нәтижесі дұрыс жолды тауып, теріс, бұрмаланған жолға түспейтіндіктеріңде» деді.

Пайғамбардың кеңесі ұстаздың шәкірттеріне: «Сендерге түсіндіргенімді жақсы қабылдап, шәкірттерімнің соңынан еріңдер» дейтін сөзі сияқты. Осы екі өтініштің пайдасы міндетті түрде ұстазға емес, шәкірттерге тиеді.

Пайғамбарлардың барлығы тарих бойында адамдарға өмірдің түзу жолын үйреткен, ол үшін адамдардан сый сұрамаған жанашыр мұғалімдер сияқты болған.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Дін мұғалімдері адамдардан материалдық сый күтпеуі керек. Олар өздерінің ештеңе күтпейтіндіктерін мәлімдеп, міндеттерін орындау арқылы халыққа бағыт-бағдар береді.

2.Құдай жолын таңдап, діни бұйрықтарды орындау арқылы пайғамбар мен Құдайдан талап етпейік. Себебі, жасап жатқанымыз өзіміз үшін. Оның Құдай мен пайғамбар үшін пайдасы жоқ.

3.Егер Құдай біздің істерімізге куә болса, кейбір адамдардың жөнсіз сөздері мен жалаларына ренжіп, неліктен Құдай жолында аянып қаламыз?

 

Sep 03, 2018 21:27 Asia/Almaty
Сараптама