• Иранның танымал тұлғалары (158)

Бүгінгі бағдарламада "Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал атақты құтпагер, мистик Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби жайлы сөз қозғаймыз.

"Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби – х.қ.ж.с.б. 6-7 ғасырларда Хорасанда өмір сүрген мистик, уағызшы, шейх. Ол – Иранның ұлы мистик ақыны Джалаледдин Моулавидің әкесі. Бахаеддин Валад – Хосейн бен Ахмад Хатибидің баласы. Афлакидің айтуы бойынша, "Монағеб ул-арефин" атты құнды кітаптың авторы өз заманының білімдарларының бірі әрі ғұламасы болған. Бахаеддин Валадтың шешесі Хорезмшах әулетінен шыққан. Бахаваладтың жанұясы Балхта өмір сүрген. Кейбіреулер оны шейх Наджмеддин Кобраның тәрбиесінде болған адам, оның орынбасарларының бірі санайды. Басқа біреулер оның ағымы мен дәруіштік киімі Ахмад Ғазалиден алынған деп санайды. Алайда Бахаваладтың ойлары жазылған "Маариф" кітабынан мұндай нәтиже шығаруға болмайды. 

Бахаваладтың "Маариф" кітабы

Бахаеддин Мұхаммад Валад бен Хосейн бен Ахмад Хатиб Балхи – өмірден озғаннан кейін "Ұлы Моулана" деген атпен танылған адам. Көзінің тірісінде көбінесе "Бахавалад" деген атпен танылған. Көп жағдайда оны "Ғалымдардың сұлтаны" деп атаған. Моулана Джалаледдин Моулавидің үлкен ұлы Сұлтан Валад өзінің "Валаднама" атты кітабында берген мәліметі бойынша, Бахавалад "Ғалымдардың сұлтаны" лақабын Ислам пайғамбары хазірет Мұхаммадтан (с.ғ.с.) алған. "Валаднама" кітабында былай деп жазылған: «Ислам пайғамбары "Ғалымдардың сұлтаны" лақабын Балхтың барлық ғұламалары бір түнде көрген түсте Бахаеддинге тарту еткен. Олар ояна салысымен бірден Бахаеддинге барып, оған кұрмет көрсеткен. Қазіргі заман зерттеушісі әрі моулавитанушы ұстаз Фрузонфардың

 Бахаваладтан қалған "Маариф" кітабы негізінде пайымдауынша, "Ғалымдардың сұлтаны" лақабын оған нұрлы жүзді бір пір сыйлаған. Бұдан кейін ол шығарған пәтуаларына қол қояр кезде осы лақаптың қолданылуын қалаған.

Бахавалад "Маариф" кітабының бір бөлігінде сол кезде жасының 55-те болғанын атап өткен. Осы жасқа сүйене отырып, ол х.қ.ж.с.б. 546 жылы (1151 жылы) Үлкен Хорасанның  маңызды қалаларының бірі Балхта әйгілі әрі тақуа әулетте туған деп айтуға болады. Бахавалад ата-бабасының кәсібіне адалдықты сақтап, Балхта уағызшы әрі мүфти қызметімен айналысқан. Өмір бойы өзінің ғалымдық тұлғасын қатты маңызды санап,  ғалымдарға тән киім киіп жүрген. Сапарға шыққанда дәруіштердің үйінде емес, медреселерде тоқтауды жөн санаған. Бұған қарамастан оның құтпаларынан сопылық сарын байқалады. Соларға сүйеніп, оны мистик деп санауға болады. Зарринкубтың "Құдаймен жолыққанға дейінгі сатылар" атты кітабында айтуы бойынша,  "Бахавалад өз заманындағы уағызшылардың әдеті бойынша Хорасан, Мәуереннахр мен Түркістанның қалаларына саяхат жасаған. Вахш жеріне, Соғд даласы мен Хорезм аймағына сапар шеккен. Қай жерге барса да, әр қаланың мешіттерінде уағыз айтып, медреселерде сабақ берген, тіпті  дәруіштердің үйлеріне барған. Бұл сапарлары кей жағдайларда оны туған жерінен айлар бойы немесе жылдарға алыстатып отырған. Кей кездері жанұясын сапарға бірге алып шықса, кейде өзі жалғыз саяхаттаған".

Бұл сапарларда Бахавалад көп адамдарды сөзіне ынтық етумен қатар, қарсыластар да тауып отырған. Оның уағызы экспрессияға толы, сабақтары да тартымды еді. Оның дәрістері басқа ғалымдар мен факихтер арасында кең таралғанымен олардан айтарлықтай айырмашылығы болды. Ол бүкпесіз сөйлейтін. Зарринкубтың айтуынша, "Сабақтары мен уағыздарында өзіне ғана тән тік мінезбен кейбір ғалымдарға қарсы сөйлеп, қазыларды келеке етіп, тіпті атақ пен мансапқа жету үшін залым билеушілерді қолдаған басқа уағызшыларға сөзбен шабуыл жасап, оларды сөгіп отырған. Ол уағыз айту үшін саяхаттаған қалалардың барлығында Балхтан Термезге дейін, Вахштан Самарқанд пен Хорезмге дейін қай жерде зорлықшыл қазы мен озбыр билеуші болса, оның келісін құптамай, оның өзі мен шәкірттеріне қиыншылық тудырып отырған".

Бахавалад жақсылыққа шақырып, жамандықтан қашыратын кұтпагер ретінде танылған. Осы жолда көп адамдарды өзіне ілестірген. Ол барлық сөзінде халықты ислам шариғатын ұстануға ынталандырып, Хорезмшах билігін зұлымдықтан арылып, әділдік пен шындыққа  шақырған.

Сөз сөйлеу үшін барған әртүрлі қалаларда Бахаваладтың жалпы мен жалқы арасында көптеген ізбасарлары мен шәкірттері болған. Балх тұрғындары оған қатты сенген. "Монағеб ул-Арефин" мен басқа да тазкерелерде келтірілгендей, "Ғалымдардың сұлтаны" Бахавалад өзінің уағыздары мен сөздерінде ақиқатты танудың жалғыз жолын ақыл деп санайтын философтарды сынаған. Ол басқа сопылар сияқты ақылды шектеулі, ақиқат аянына рухтың тазалығы, тақуалық пен илаһи тартымдылықтан басқа жолмен жетуге болмайды деп санаған. Осы негізде сопылар, соның ішінде Бахавалад философтарды сөгіп, сынап, оларды дұрыс жолдан тайды деп есептеген. Имам Фахр Рази – Бахавалад заманында өмір сүрген хакімдер мен философтардың бірі әрі Хорезмшахтың ұстазы. Шах оған ерекше ықыласпен қараған. Бахавалад талай рет мінберлерде сөйлеген сөздері мен өзінің кітаптарында  Фахр Разидің жолын сынаған.

Сондықтан Фахр Рази Бахаваладпен өштескен деседі. Ол Хорезмшахқа ықпалының арқасында оның Бахаваладқа қатысты теріс көзқарасқа ие болып, дұшпандық танытуына себеп болған. Қолда бар деректерге сәйкес, Фахр Рази  мен Бахаваладтың екеуі де өз ойы мен жолын таратуға тырысқандықтан олардың қайшылығы мен дұшпандығы табиғи іс болған. Ұстаздарының арасындағы қайшылыққа байланысты олардың ізбасарлары да бір-бірімен қарсыласып, жауластық отын өршіткен.

Ахмад Афлакидің сенімінше, "Монағеб ул-Арефин" мен басқа да тазкерелерде Бахавалад Хорезмшахтан көрген зұлымдық пен әділетсіздікке байланысты және моңғолдардың Иранға шабуыл жасағаны туралы хабарды естігеннен кейін Балхтан көшуге бел байлаған. Фрузонфар моңғолдардың Иранға шабуылын Моулави әулетінің Ираннан көшуінің себебі санайды. Оның пайымдауынша, "тарихи тұрғыдан расталған өткендердің рауаяттарына қарамастан, Бахаваладтың Балхтан көшуінің басты себебі татар әскерінің қантөгісі мен рақымсыздығынан қорқу болды. Бұл бүкіл халықты  үрейлендіріп, билік пен байлыққа кенелген адамдарды туған жерді тастап, әулет пен туған-туысқандардан алыстауға мәжбүрледі. Осылайша Иран халқының көбі шалғай елдерге қоныс аударды... Осы дәуірдің еңбектерінде келтірілгендей, Бағдад қаласында тұрғындардың көптігінен үй жалдау қиынға соққан. Босқындар баспана мен үй табу үшін көп қиыншылықты бастан өткерген. Сол кезде мистиктердің бірі Бахавалад қана Ираннан кетуге бел байлаған жоқ, "Мерсад ул-Эбад" кітабының авторы "Дайе" деген атпен танымал шейх Наджеддин Рази де Мәуереннахрдан Рейге, ол жерден Конияға қоныс аударған".

Тегтер

Sep 10, 2018 20:11 Asia/Almaty
Сараптама