• Иранның танымал тұлғалары (159)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, "Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал атақты құтпагер, мистик Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби жайлы сөз қозғаймыз.

"Ғалымдардың сұлтаны" деген атпен танымал Бахаеддин Валад Мұхаммад бен Хосейн Хатиби – х.қ.ж.с.б. 6-7 ғасырларда Хорасанда өмір сүрген мистик, уағызшы, Иранның ұлы ақыны шейх Джалаледдин Моулавидің әкесі. Бахаваладтың жанұясы Балхта өмір сүрген. Бахавалад х.қ.ж.с.б. 546 жылы (1151 жылы) Үлкен Хорасанның  маңызды қалаларының бірі Балхта әйгілі әрі тақуа әулетте туған. Бахавалад ата-бабасының кәсібіне адалдық танытып, Балхта уағызшы әрі мүфти болған. Бахавалад өз заманындағы уағызшылардың әдеті бойынша Хорасан, Мәуереннахр мен Түркістанның қалаларына, Вахш жеріне, Соғд даласы мен Хорезм аймағына сапар шеккен. Қай жерге барса да, әр қаланың мешіттерінде уағыз айтып, медреселерде сабақ берген, тіпті  дәруіштердің үйлеріне барған. Оның уағызы экспрессияға толы, сабақтары да тартымды еді. Дәрістерінің басқа ғалымдар мен факихтер арасында кең таралған дүниелерден айтарлықтай айырмашылығы болды. Тазкерелерде айтылғандай, Бахавалад Хорезмшахтың әділетсіздігі мен залымдығынан туындаған қиыншылықтарға байланысты және моңғолдардың  Иранға шабуыл жасайтыны туралы хабар жеткен соң Балхтан көшуге шешім қабылдады.

Бахаваладтың Мәуереннахрдан қай уақытта кеткенін анықтау қиын. Моулана Джалаледдин айтқандай, ол әкесімен бірге Хорезмшахтың х.қ.ж.с.б. 604 жылы (1207-1208) Самарқандты жаулап алуына қатысқан. Сондықтан батысқа сапар шегуі осы жылдан кейінірек болуы керек. Ұстаз Форузанфар Моулана заманындағы айғақтар мен деректер негізінде х.қ.ж.с.б. 610 жылды (1214 жылды) ықтималды көшу уақыты деп санайды.

Бахавалад өз жанұясы және бір топ шәкіртімен қажылыққа бару мақсатында Балхтан Бағдадқа қарай жол тартқан. Моңғол-татарлардың шабуылы мен соғыстың таралуынан үрейленген Балх керуені Хорасанның батысындағы ең ірі қала Нишапурға жеткен. Бахавалад бұл қаладан кетер алдында моңғолдардың Балхқа шабуыл жасап, қаланы қиратып, халықты қырғаны туралы хабар жетеді. Бұл хабар оған қатты әсер етіп, алаңдаушылығына себеп болған. Қажылыққа бару мақсаты мен моңғолдардың шабуылы туралы қауесеттен қорқу Бахавалад пен оның жанұясының Хорасанның осы қаласында көбірек қалуына кедергі жасады. Алайда бұл қалада бір күн болса да, тоқтамай өтіп кету мүмкін емес еді. Бахаваладтың бұл қалада көптеген достары болған. Мұнымен қоса, бірнеше жыл бұрын оны Балх, Термез, Вахш пен Самарқандта көрген  адамдар мұнда оның уағыздары мен дәрістерін қуанышпен еске алған.

Нишапур ол заманда қатты толқынысты бастан кешті. Бұл қала бұдан бұрын да хорезмшахтықтар мен олардың қарсыластарының шабуылдарына куә болған, талай рет құрғақшылық пен дұшпанның шабуылы оның астаң-кестеңін шығарған. Алайда осы жолы қаланың қобалжуында үрей көп болып, өзгеше көңіл күй жайлаған еді.

Доулатшах Самарқандидің айтуынша, Бахаваладтың танымалдығы соншалықты, оның жанұясымен Нишапурға келгенін естігенде сол замандағы атақты ақын, мистик шейх Фаридеддин Аттар Нишапуридің өзі онымен кездесуге барған. Екі мистиктің сұхбатында Алла үйін зиярат етуге құлшыныс және Алла жолындағылармен кездесуге құштарлық тақырыптары талқыланған. Аттар өзінің "Тазкерат ул-Оулиа" кітабында сопылар мен шейхтердің өмірлері арасында Бахаваладты да атаған. Бұл кездесуде Аттардың өзі, Бахавалад пен басқа достары қызыққан Санаидің өлеңдері және Санаидың ойларын ұстанатын Аттардың стилі жайлы сөз қозғалды. Осы пікірталастар мен сұхбаттарға ол кезде жасы кіші болғанымен зерек Джалаледдин Мұхаммед Моулави де қатысқан. Шейх Аттар Нишапури осы кездесуде Бахаваладтың ұлына қатысты ерекше көзқараста болған. Атақты ақын Джалаледдиннің рухы мен ойшыл күйіне таңданып, оның баяндау құдіреті мен ойлау тереңдігін лайық мадақтаған. Аттар осы қысқа кездесуде Моулананың ешқашан басқа уағызшылар, факихтер мен сопылар сияқты болмайтынын түсінген. Аттар Джалаледдиннің қарапайым адамдардан жоғары болатынын айтып, Бахаваладқа жуырда бұл баланың әлемнің сөнген ошағына от жағып, ерекше ынтықтық тудыратынын жеткізген. Аттар Нишапури өзінің жас кезінде жазған "Асрарнама" кітабының бір нұсқасын сол балаға сыйға тартқан.

Алда ұзақ жол жатты. Бахаваладтың 300 адамнан тұратын керуені қалаларды бірінен соң бірін артқа тастап кетіп бара жатты.  Татарлардың шабуылы туралы хабар жеткен қалалардың барлығын қобалжу мен үрей жайлады. Бірақ, бұл Бахавалад керуенінің қозғалысына кедергі болмады. Алайда қажылық мақсатында жолға шыққан керуеннің Балхқа қайтуға үміті болмады. Бахавалад керуені көп жол жүріп, Бағдадқа да жетті. Джами "Нафахат ун-Нас" атты кітабында былай деп жазған: Бахавалад Бағдадқа жеткенде біреулер "Бұлар қандай тайпа? Қайдан келеді? Қайда барады?" деп сұраған. Моулана Джалаледдин «Алладан, Аллаға және Алладан басқа құдірет жоқ» деп айтқан деседі. Бұл сөз Занджан аймағынан шыққан ойшыл шейх Шахабеддин Сухравардиге жеткен. Сухраварди "Ол Бахаеддин Балхиден басқа ешкім емес" деген. Джами кітаптың жалғасында шейх Шахабеддин Сухравардидің Бахаваладты қарсы алуға шыққанын жазған. Оның алдына барғанда ол түйесінен түсіп, Моулана Бахаваладтың тізесін сүйіп, оны өзінің дәруіштер үйіне қонуға шақырған. Алайда, Бахавалад  медресені қолайлырақ тауып, керуеншілермен бірге медреседе тоқтаған.

Шейх Шахабеддин Сухраварди Бахаваладдан Бағдадта қаладағы жолаушылар, қажылар мен сопылар үшін уағыз айтуды сұраған. Жол бойындағы қалаларда уағыз айтуға мұрсаты болмаған  Бахавалад бұл өтінішті қуана қабылдаған. Бағдад халифі де уағызға қатысқан деседі. Аз уақыттың ішінде Бахаваладтың уағыз жиындары зор қошемет пен қолдауға ие болды. Бұл заманда Бағдад шейхтерінің басшысы болған шейх Шахабеддин Сухраварди Бахаваладқа Рим қаласына баруға кеңес береді. Ол кезде Рим қаласы Селжұқтардың атақты әулетінің қолында болған және парсы тіліндегі мәдениеттің орталығы саналған. Біраз уақыт бойы Алаеддин Кейғұбадтың сарайында елші болып қызмет атқарған Сухраварди оны ғылым мен діннің адамы ретінде таныған. Бахавалад пен жанұясы үшін Бағдадта өмір сүру қиын болғандықтан олар қайтадан жолға қамданады. Көштің алғашқы жылдары Хорасан мен Ирак тұрғындарына қажылық рәсімдерін орындау мүмкін болмаған. Бахавалад бұл парызды Шам маңында тұрған жылдары орындаған сыңайлы. Осы аралықта «Балх ғалымдарының сұлтаны» біраз уақыт Джазира мен Шам уалаяттарында өмір сүрген. Қажылық рәсімдерін орындағаннан кейін сол заманда бір қаладан екінші қалаға көшіп жүрген уағызшылар рәсімімен ол уағыз айту үшін Кіші Азияның шығыс аймақтарына барған. Бұл жерлерде Шам мен Бағдадқа керісінше парсы тілі сөйлеу, жазу және оқу тілі болған. Сол себепті оның  уағыз жиындары жұрттың қолдауына ие болған.

Oct 07, 2018 21:24 Asia/Almaty
Сараптама