• Иран базары (51)

Ирандағы құс шаруашылығы әртүрлі саладан тұрады. Бүгінгі бағдарламада осы өнеркәсіп салаларының кейбіреуін егжей-тегжейлі талқылаймыз.

Адам денесіне қажет тағамның маңызды шикізаттарының бірі – протеин. Бұл адам денесінде судан кейін ең көп кездесетін зат. Адамның денсаулығы мен өмірі осы затқа байланысты. Протеин тірі дененің әрбір мүшесінде бар әрі адамның барлық талшықтарының өсуі үшін өте қажет. Қан, бұлшық еттері, жүрек, ми, тері, шаш және тырнақ сияқты талшықтардың басым бөлігі протеиннен құралған. Протеин адам қолданатын өсімдік және жануар тектес тамақтардың барлығында кездеседі. Адам тұтынатын жануарлардан алынатын протеині бар тағамдардың қатарына құстың еті жатады. Әртүрлі елдерде құс шаруашылығына көп инвестиция салынады. Бұл өнеркәсіпте шілге ұқсас құстарды өсіру басқа құстармен салыстырғанда жоғары протеин мен азырақ холестериннің болуына байланысты өте маңызды.  

 

Тауықтан басқа мекиендерді өсіру және көбейту салаларының бірі – бөдене шаруашылығы. Тамақтану мамандары адам денесін протеинмен қамтамасыз ететін маңызды шикізат көзі ретінде бөдене етін тұтынуға кеңес береді. Бөдене етіндегі протеин басқа құстарға қарағанда 5-10 пайызға артық. Бөдене еті басқа құстардың еттерінде мүлдем болмайтын сирек кездесетін аминоқышқылдың түр-түріне бай. Сол себепті тамақтану саласының мамандары осы құс етін балалар, ересек адамдар мен жойылған жасушаларды қайта қалпына келтіруді қажет ететін адамдарға тұтынуға кеңес береді. Бөдене еті кальций, темір мен мырыш сияқты минералды заттарына байланысты жанұялардың тұтыну себеті, өндіру мен нарыққа шығару бөлімінде маңызды орынға ие болып отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінде бөдене шаруашылығы табысты өнеркәсіп ретінде танылған. Бөдене өсіру және көбейту өнеркәсібіне инвестиция салу ерекшеліктерінің қатарына бұл құстың тез өсетіндігі, физикалық және жыныстық жетілу жасының төмендігі, ұрпақ арасындағы арақашықтың қысқалығы, тұқым салу көлемінің жоғарылығы, өндірілген өнімдердің сапасы және бөдене еті мен жұмыртқасының тағамдық құндылығының жоғарылығы жатады.

Бөдене

Алғаш рет бөденені қолға үйретіп, өсіру Жапонияда  басталған. Содан соң  Қытай мен Корея елдеріне таралған. 20 ғасырдың басында Еуропада бөдене өсіру өнеркәсіптік деңгейде қолға алынып, аз уақыттың ішінде бұл құс шаруашылығы Солтүстік Америка мен Таяу Шығысқа таралды. Иранда бөденені өнеркәсіптік деңгейде өсіру 20 жыл бұрын басталған. Осы құстың дәмді әрі пайдалы етіне қызығушылық артқаннан кейін бұл салаға салынатын инвестиция көлемі де ұлғайды. Соңғы жылдары оның өндірісі айтарлықтай артты.  Иранда бұл құстың бірнеше түрі өсіріліп, көбейтіледі. Статистика бойынша,  Иранда осы салада 300-ге жуық экономикалық бірлік жұмыс істейді. Бөдене шаруашылықтарында орташа есеппен 6-8 мың тонна өнім өндіріледі. Артық өнім аймақ елдеріне экспортталады. Бөдене шаруашылықтары Иранның орталық бөлігінде, атап айтқанда Мейбод, Керман, Йезд қалалары мен Луристан облысында орналасқан. Бұл жерлер Иранда бөдене өсіретін маңызды полюстер саналады. Керманшах, Теһран, Батыс Әзірбайжан мен Зәнджан облыстары да бөдене өсіретін орталықтардың қатарына жатады.

Бөдене жұмыртқасының тағамдық құндылығы жоғары. Тауық жұмыртқасымен салыстырғанда минералды заттары айтарлықтай көп әрі майы азырақ. Бұл құстың жұмыртқасының формасы сопақша келеді. Оның салмағы – 8-15 грамм. Түсі әдетте ақ, қара немесе қоңыр секпілді. Кейбір зерттеушілер бөдененің  еті мен жұмыртқасын жеу адам денсаулығының мықты әрі жас адамдай сезінуіне себеп болады деп санайды.

Бөденені өсірудегі алғашқы мақсат одан жұмыртқа алу болды. Оның жұмыртқасы тауық жұмыртқасының бестен бір бөлігінің салмағына  ие. Бірақ онымен салыстырғанда онда фосфор, темір мен В1 мен В2 дәрумендері көбірек. Ол С-дан басқа дәрумендердің жақсы қоры саналады. Сондықтан оны "Дәрумендер бомбасы" деп атайды.

Иранның құс шаруашылығы саласындағы белсенді экономикалық бірліктері 1200 тоннадан астам құс етін, соның ішінде бөдене, қырғауыл мен шіл етін  экспорттай алады. Шіл – еті дәмді мекиендердің бірі. Шілдің еті мен жұмыртқасы кейбір құстардың етінен қымбат. Шілдің әралуан түрі бар. Иранда өсірілетін шілдің маңызды түрі – чукар шілі (Alectoris Chukar). Шілдің бұл түрі Иранның жергілікті құсы саналады. Ол әдетте таулар мен жартастардың бөктерлерінде тіршілік етеді. Чукар шілін қолайлы жағдайда өсірсе, 3-4 айда шамамен 400-500 грамм салмаққа жетеді.

Чукар шілі

Иранда өнеркәсіптік деңгейде өндіріліп, көбейтілетін мекиендердің бірі – түйеқұс. Иранда түйеқұстың өсіріле бастағанына жиырма жылдан асты. Алғашқы жылдары түйеқұстың шөжелері немесе ұрығы бар жұмыртқалары сырттан әкелініп, өсірілгеннен кейін сатылған. Бірақ, енді Иран өзі түйеқұстың ұрығы бар жұмыртқаларын өндіріп, шөжелер мен түйеқұстың мекиендерін өсіреді. Теһран, Исфахан, Орталық және Гүлстан сияқты облыстарда түйеқұс өсіретін шаруашылықтар көп . Иран әлемде түйеқұс саны тұрғысынан үшінші орында. Иранда 100 мың  түйеқұс бар. Оның 9 мыңы жұмыртқа салады. Бұл құс   шаруашылығы – экономиканың табысты салаларының бірі. Ол ет тұрғысынан ғана емес, тері, шөже, майы, саңғырығы, жұмыртқасы мен мамық жүні тұрғысынан да экономикалық құндылыққа ие.  

Ирандағы түйеқұс шаруашылығы

Түйеқұстың терісінен алынатын былғары – осы құстың ең құнды өнімдерінің бірі. Түйеқұс былғарысы – әлемдегі ең жұмсақ әрі ең мықты терілердің бірі. Ол сиыр терісінен алты есе мықты. Бұл ерекшелік түйеқұс былғарысының құндылығын арттырады. Түйеқұстан алынатын былғары оның терісіндегі ерекше майларға байланысты теңдессіз. Түйеқұстың терісі құрғақтық пен жарылуға қарсы беріктігі мен жұмсақтығына байланысты әлемдегі ең қымбат терілердің қатарына жатады. Түйеқұстың терісінен қол сөмкесі, аяқ киім, етік, пальто сияқты өнімдер жасалады. Қазіргі таңда Иранда өндірілетін түйеқұстың терісі Оңтүстік Корея, Түркіменстан, Түркия, Қытай мен Ресей сияқты елдерге экспортталады. Иранда өндірілетін түйеқұстың терісі жіберілетін нарықтардың арасында Еуропа әлемде мұндай былғарыны ең көп тұтынады.

Иранның құс шаруашылығындағы өнеркәсіптік деңгейде өсірілетін мекиендердің бірі – қаз бен күркетауық. Иранда қаз шаруашылығы дамыған электрлі аппараттар мен жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Қаз өсірудің артықшылықтарының бірі – бұл құстың мінез-құлқына байланысты оны басқарудың жеңілдігі. Қаз етті құс болғандықтан өсу жылдамдығы жоғары. Бұл құс ауруларға өте төзімді. Қаз өсіретін шаруашылықтардың санитарияға жұмсайтын қаражаты төмен. Қаз шаруашылығының маңызды артықшылықтарының қатарына өсіру және көбейту барысында дәрі мен вакциналардың қолданылмауына байланысты одан алынатын өнімнің органикалық тұрғыдан таза болуы, ет, жұмыртқа және мамық алынатындықтан көп мақсатты болуы жатады.

Иранда күркетауық өсіру

Иранда дәстүрлі және өнеркәсіптік тәсілмен өсірілетін құстардың бірі – күркетауық. Елде күркетауық етін тұтыну тарихы шамамен 500 жыл бұрын басталған. Күркетауықты дәстүрлі тәсілмен өсіру Хорасан, Гилан, Мазандеран, Батыс және Шығыс Әзірбайжан, Орталық, Фарс, Исфахан мен Керман облыстарында кең тараған. Сонымен қатар өнеркәсіптік бірліктерде күркетауықтың алуан түрі өсіріледі. Кейде протеині жоғары, майлылығы мен  холестерині аз ет өнімдері өндіріледі. Елдің облыстары арасында Исфахан, Теһран мен Қазвин күркетауықты өнеркәсіптік деңгейде өсіруде алдыңғы қатарда. Бұл құс етінің 65 пайызы ақ, 35 пайызы қызыл. Тағамдық құндылығы тұрғысынан күркетауықтың етіндегі протеин мен фосфор тіпті балық пен асшаяннан да көбірек. Қазір Иранда шамамен 300 экономикалық бірлік күркетауық өсіріп, көбейтумен айналысады. Елде жылына 2 млн күркетауықтан 20 мың тоннадан астам ет өндіріліп, нарыққа шығарылады. 

Тегтер

Dec 03, 2018 19:56 Asia/Almaty
Сараптама