• Иранның танымал тұлғалары (162)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасыр) Хорасанда өмір сүрген көрнекті хадисші, факиһ, әбедиетші әрі тарихшы Әбу Саад Самаанимен таныстырамыз.

Әбу Саад Абдулкарим бен Мұхаммад Самаани – х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасыр) Хорасанда өмір сүрген ирандық көрнекті хадисші, хафиз, факиһ, әдебиетші әрі тарихшы.

Абдулкарим Самаани х.қ.ж.с.б. 506 жылдың 21 шағбанында (1113 жыл, 9 ақпан) Хорасандағы Мерв қаласының маңындаорналасқан Самаан елді мекенінде ғылым мен әдебиетке жақын отбасында дүниеге келген. Самаанидің ата-бабасының барлығы осы жерде өмір сүрген. Самаанидің әкесі оны үш жасында ғылым мен білім үйренсін деп Нишапурға апарған. Өзі "әл-Ансаб" кітабында айтқандай, одан бір жыл өткен соң әкесі қайтыс болып, оның тәрбиесі ағаларына тапсырылған. Самаанилердің барлығы ғылым және әдебиетпен айналысқан. Оның үлкен ағасы Әбу Мұхаммад Хасан бен Аби әл-Мұзаффар тақуа ғалым болған. Жас Самаани Муаммар бен Рашедтің "әл-Джаме", Ахмад бен Сайярдың "Тарих", Аби Закария Мазаккидің "Амали" атты кітаптарын осы ағасы арқылы үйренген. Сонымен қатар ол кіші ағасы Әбілқасым Ахмад бен Мансур Самааниден фикһ пен хадисті меңгерген. Самаанидің апайы білімдар адам болған. Ол Аби Ғалеб Мұхаммад бен Хасан Бағланиден хадис айтуға рұқсат алған деседі. Самаани өзінің "әл-Ансаб" кітабында сол кісіден көптеген хадистер мен хикаяттарды үйренгенін жазған. Оның өзі атаған басқа ұстаздарының арасында Аби Шоджа Омар бен Аби әл-Хасан Бастами бар. Ол Самааниді зерттеу жұмысымен айналысып, "әл-Ансаб" кітабын жазуға ынталандырған.

Самаани атап өткен тұлғалардан басқа да көптеген ұстаздардан тәлім алған. Ол зерттеу мен хадис тыңдау үшін көп саяхаттап, Исфахан, Хорасан, Хамадан, Мәуереннахр, Ирак, Хиджаз, Шам, Табарестан мен Бейт ул-Мұқаддасқа бірнеше рет сапар шеккен. Ибн Наджардың жазуы бойынша, ол 7 мың шейхтен хадис тыңдаған. Самаани хадистерді жинап жазуға қатты қызыққан. Мына көркем сөзді уәзір Сахаб бен Абадтан жазып алыпты: "Хадис жазбаған адам исламның тәттілігін сезінбейді".

Самаанидің өміріне қатысты осы мағлұматтан басқа ештеңе жоқ. Одан адамзат баласына мұраға құнды еңбектер қалды. Самаани х.қ.ж.с.б. 562 жылы раби ул-аууал айында (1166 жылдың желтоқсан айында) дүниеден озды.

Самаани білім алу үшін өмірінің көп бөлігін сапарда өткізіп, Иран, Ирак, Шам, Хиджаз бен Мәуереннахрдың әртүрлі қалаларына барып, сол жерлердің ғалымдарымен кездесіп, ғылыми мағлұматтар алып отырған. Самаани кітап көп жазған, бірақ оның ең танымал еңбегі – "әл-Ансаб" кітабы. Ол "Ансаб-е Самани" (Самаанидің тектану кітабы) деген атпен де әйгілі.

Самаанидің келесі бір еңбегі – "Мерв тарихы". Ол Мерв аймағына қатысты құнды дереккөздерінің бірі саналады. Самаани Хатиб Бағдадидің еңбегі "Бағдад тарихына" қосымша жазған. "Әл-Ансаб" кітабы – х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда жазылған маңызды еңбектердің бірі. Самаани "әл-Ансаб" кітабында айтқандай, ол бұл еңбекті Аби Шоджа Омар бен Аби әл-Хасан Бастамидің ынталандырумен х.қ.ж.с.б. 505 жылы (1155 жылы) Самарқандта бастаған. 

"Әл-Ансаб" кітабы 8 томнан тұрады. Оның тақырыбы арабтардың тектері жайында. Кітаптың тақырыбы тектану немесе шежіре жазу, арабша айтқанда, "әт-ташджир" болғанымен, бұл еңбекте басқа да мағлұматтар бар. Әрбір бөлімде адамдардың тегін таныстырумен бірге оқырмандарға олардың қаласы жайлы құнды тарихи-географиялық мағлұматтар берілген. Самаани бұл мәліметтерді сапарлары барысында жинаған. Ол осы саяхаттары барысында әртүрлі мақсатта көптеген оқымыстылар және ойшылдармен кездескен. Бұл кітаптың маңыздылығы мен құндылығын арттыратын нәрсе оның Иран, Мәуереннахр мен Орта Азия жайлы нақты әрі сенімді тарихи-географиялық мағлұмат беретіндігімен байланысты әрі осы тақырыптағы ең маңызды әрі жалғыз дереккөзі болып табылады.

"Әл-Ансаб" кітабының келесі бір пайдасы басқа еңбектерде аталмаған кітаптар мен олардың авторларының есімдерін келтіруі болып отыр. Самаани бұл кітапты жазу үшін әлемнің әртүрлі жеріне ұзақ сапарларға аттанып, жолдың қиыншылықтарын бастан кешкен. Самаани ірілі-ұсақты қалалар мен ауылдардан көптеген кітап көрген, олар жайлы естіген немесе көптеген хадисші және зерттеушілермен кездесіп, соның барлығын "әл-Ансаб" кітабында жинастырған.

Самаани "әл-Ансаб" кітабында атаған еңбектер тәпсір, Құран ғылымы, әдебиет, сопылық, тарих, сапарнама мен поэзия саласында жазылған. Бүгінде олардың көбі біздің қолымызда жоқ. Тіпті, библиографиялық дереккөздерінде де олардың аттары аталмаған. "Әл-Ансаб" кітабының маңыздылығы соншалықты, ол жазылып біткеннен кейін Самааниден кейінгі зерттеушілердің назарында болған. Кейбіреулер оған түсініктеме жазған немесе оны қысқартып баяндаған. Осы адамдардың арасында Азаддин Әбулхасан Әли бен Мұхаммад бен Асир Джузи Самаанидің "әл-Ансаб" кітабын қысқаша баяндап, кейбір ой-пікірлерді қосып, жаңа үш томдық кітап жазып, оны "әл-Лобаб" деп атаған.

Джалаледдин Абдуррахман Сивати де Самаанидің "әл-Ансаб" кітабын қысқартып, Яқут Хамавидің "Моджем ул-Баладан" кітабы сияқты еңбектерден мәліметтер қосу арқылы х.қ.ж.с.б. 873 жылы "Лоб әл-Лобаб" деген атпен жаңа кітап жазды. Қазы Құтбеддин Мұхаммад бен Хазири Афии (х.қ.ж.с.б. 894 жылы қайтыс болған) де Самаанидің "әл-Ансаб" кітабын қысқартып, Ибн Асир, Рашати және басқалардың еңбектерінен мағлұматтар қосу арқылы өз кітабын "әл-Эктесаб" деп атады.

Самаани "әл-Ансаб" кітабына кіріспеде оны жазудағы тәсілін былай деп сипаттаған: "Менің кітабымда әліпби бойынша қалалар, тайпалар немесе ауылдардың атаулары тіркелген. Әрбір қала, ауыл немесе тайпаның астында  сол жердің қоғам қайраткерлері мен ғалымдарының  аттарын жазып, қысқаша өмірбаяндарын келтірдім".

Самаани "әл-Ансаб" кітабында қайраткердің аты-жөні, туған және қайтыс болған күні мен жері, ұстаздары, рауаят тыңдаған адамдары, еңбектерінің атаулары, мамандығы және басқа да жайттар жайлы баяндаған. Самаани осы еңбегінің кіріспесінде: "Рауаятшылардан естіген кейбір хикаяттарды баяндағанда қысқаша жазып, олардың дереккөздерін алып тастадым. Әліпби тәртібімен қалалардың атаулары бірінші әріптен бастап,  екінші және үшінші әріптер мен соңына дейін айтылды. Осылайша, "әліп" (А) әрпінен бастадым",-деген.

Самаани бірінші томның басында исламның ұлық пайғамбарынан (с.ғ.с.) рауаят келтіріп, тектану ғылымының маңыздылығына тоқталып, "Фил-хас ала таалом әл-ансаб уа муарафатуху" атты тарауында "Тааламу мен ансабукум ма тааламун бе архакум" деген танымал рауаяты әртүрлі тіркестер және дереккөздерімен егжей-тегжейлі талдап жазған. Пайғамбар бұл рауаятта тектану ғылымын үйрену қажеттігін айтып, оны "селле-е рахем" – туыстық сыйы деп біледі. Самаани жақсы белгі ретінде "Фи насабу Расулолла" атты тарауды кітаптың басында келтірген. Ол Алла елшісінің тегін баяндағаннан кейін  Бани Хашемнің, содан соң Құрайыш тайпаларының тектерін баяндап, артынан араб және кейбір араб тайпаларының тектерін санамалап, содан соң кітаптың басқа баптарын әліпби негізінде құрған. Сапарлар барысында қол жеткізген ауызша дереккөздері және көрген-білгендерімен қоса, Нишапур тарихы, Бағдад тарихы, Бұхара тарихы және тағы басқа жүздеген кітап Самаанидің өз еңбегін жазуда қолданған дереккөздерінің қатарын құрайды.

Dec 06, 2018 17:41 Asia/Almaty
Сараптама