Jan 12, 2019 15:57 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (167)

Бүгінгі бағдарламада Герат мектебіндегі кескіндеме өнерінің келесі ерекшеліктерімен таныстырамыз.

"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бүгін сіздермен бірге Үлкен Хорасанға барып, Тимурилер заманындағы Гератқа сапар шегіп, х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырда өмір сүрген Иранның кескіндеме өнеріндегі Герат мектебінің негізін қалаған ирандық танымал суретші Камаледдин Бехзад Солтанимен таныстырамыз. Камаледдин Бехзад Солтани өте танымал жаңашыл суретші болған. Оның тәсілі Иранның кескіндеме саласына жаңа жол ашты. Оның ирандық кескіндеме саласындағы жетістіктері ұзақ жылдар бойы Иран, Үндістан, Түркия мен Орта Азия өнерпаздарының назарында болды.

Камаледдин Бехзад Сұлтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жылы) Герат қаласында дүниеге келген. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі осы әйгілі ирандық суретшіні Сұлтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал херавилік суретші Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Бехзад ата-анасынан ерте айрылған. Оның туыстарының бірі болуы ықтимал Рухолла Мирәк оны өз қамқорлығына алған деседі. Қажы Мирәк сол заманда кескіндеме, кітап әрлеу және каллиграфия саласында теңдессіз тұлға саналып, ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне көркем жазуға өте шебер болған.

Камаледдин Бехзад жастайынан кескіндеме өнерінде танымал болып, Сұлтан Хосейн Байқара мен оның өнерсүйгіш дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидің қолдауына ие болып, Кескіндеме үйі мен патша кітапханасын басқаруға тағайындалған. Шах Исмаил Сефеви Гератты басып алғаннан кейін ұстаз Бехзад пен бұл қаладағы бірқатар өнерпаздды өзімен бірге Табризге әкетіп, патша кітапханасын басқаруды оған тапсырған. Камаледдин Бехзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбіреулер оның мазарын Табризде деп санаса, басқа біреулер Мұхтар тауының жанында орналасқан құлпытасқа байланысты оның мазарын Гератта деп санайды.

Камаледдин Бехзадтың мүсіні

Гераттың кескіндеме мектебі Камаледдин Бехзадтың есімімен тікелей байланысты. Ол – осы ирандық кескіндеме мектебіне өзгеріс енгізген көрнекті тұлғалардың бірі. Камаледдин Бехзадтың туындыларын әртүрлі қырдан қарастыруға болады. Адам мен әртүрлі пішіндердің орны, кеңістік ұғымы мен орны, табиғи және әлеуметтік жағдай, қоршаған орта және басқа да көптеген мазмұндарды Камаледдин Бехзадтың туындыларынан қарастыруға болады. Оның еңбектерінен суретшінің ойлары мен сол замандағы жағдайға қатысты мағлұматтар алуға болады.  

Кеңістік немесе мекен ұғымы ирандық кескіндеме өнерінде, әсіресе Герат мектебі мен оның айтулы ұстазы Камаледдин Бехзадтың туындыларында аса маңызды орынға ие. Әдетте ирандық кескіндеме өнерінде әртүрлі мекендер мен оқиғалар бір мезгілде көрсетіледі. Осылайша кескіндеме кеңістігі хикаяның мазмұнына жақындатылып, визуалды кеңістікті кеңейте түседі. Бұл ерекшелік Герат мектебімен қоса Иранның барлық кескіндеме мектептерінен байқалады. Әрбір дәуірде суреттердің адамдар, заттар мен элементтердің орналасуы, кеңістіктің толы немесе бос болуы, оның сапасы тұрғысынан бір-бірінен аздап айырмашылығы бар. Кей жағдайларда осы айырмашылықтар сол дәуірдегі өзгеріс пен дамуға септігін тигізген. Ирандық кескіндеме өнерінде көп кездесетін кеңістік – аллегориялық және аспандық кеңістік. Өнерпаздар өз суреттерінде қиял-ғажайып кеңістіктер тудырған.  

Қазіргі заман ойшылы және философы сейт Хосейн Наср "Қазіргі заманда ирандық кескіндеме өнерімен көбінесе еуропалықтар таныстырды. Сондықтан еуропалықтардың эстетикалық танымы мен философиялық ойлары олардың мазмұнын түсіндіруге ықпал етті. Ирандықтар сол түсініктемелер мен сипаттамалармен шектелді. Туындыларды салған суретшілердің ой-пікірі, философиясы, өнері мен дүниетанымының Батыс философиясынан мүлдем бөлек екені анық. Батыста материалдық емес рухани кеңістік пен мекен туралы таным-түсінік жоқ. Бірақ, жалпы діни өркениеттер, әсіресе «Иран өнері» дәл осындай кеңістікпен жұмыс істейді. Онда қарапайым, яғни физикалық әлемнен бөлек кеңістік көрініс табады".

Иранның кескіндеме өнерінде "кеңістік" ұғымдық тұрғыдан "мекен" деген мағына береді. Ол жер материалдық заттарға толы. Осы бөлшектер арасындағы қатынасты баяндау арқылы сол кеңістік пен мекенді сипаттауға болады. Суретші бір кеңістікте бөлшектерді орналастыру үшін әртүрлі тәсілдерді қолданады.  Мұны композиция деп атайды. Иран өнерінде, әсіресе Герат мектебінде композиция көп пайдаланылған. Кеңістіктердің көбі сол арқылы жасалған. Композиция шиыршық пішіндес болады. Шеңберлі композиция – өмір ырғағы, өзгеріс пен болмыстың жалғасуының көрсеткіші. Камаледдин Бехзад туындыларының көбінде пішіндер немесе ғимараттарды әрлеу жобасы композиция тәсілімен, ырғақты әрі шиыршықты қозғалыспен жасалған.

Кеңістіктің алуан түрі болады. Ирандық туындылардан кеңістіктің түрлерін, соның ішінде бос, толы кеңістіктерді, әрлеу кеңістігін, түрлі түсті және ұғымдық кеңістіктерді көруге болады. Ирандық туындыларда, әсіресе Герат мектебі мен Камаледдин Бехзадтың суреттерінде аллегориялық және метафизикалық кеңістік басым. Аллегориялық әлемнің тамыры мен негізі табиғат, ағаштар, гүлдер, құстар мен адамның жан дүниесінен көрініс табатын құбылыстардан бастау алады. Ірі өнерпаздар табиғаттың осы бейнелерін пайдалану арқылы жоғары әлемге, шексіз илаһи кеңістікке есік ашады. Олар осы арқылы көрермендерді өздерінің күнделікті материалдық өмірлеінен биік дәрежеге жеткізіп, көңілдерін материалдық әлемнен тыс әлемге аудартады. Ирандық суретшілер, соның ішінде Герат мектебінің суретшілері өздерінің принциптері мен ережелері бар біртұтас эстетикалық жүйеге қол жеткізді.

Камаледдин Бехзадтың табиғат туралы туындыларында Құранда айтылған табиғаттың сипаттамалары көрініс тапқан

Бұл жүйедегі ең маңызды принцип – аллегориялық әлем тудыру үшін рухани кеңістік жасау принципі. Туындыларда бір мезгілде үш немесе одан да көп оқиғалар әр алуан кеңістіктер мен уақыттарда қисынды байланыссыз бір-бірінің жанына салынып көрсетілген. Мұндай ерекшелік ирандық кескіндеме өнерінде, әсіресе Герат мектебінде қозғалмалы кеңістіктің туындауына себеп болды. Туындыларда әртүрлі оқиғалар мен мекендерді бір мезгілде көрсету арқылы ішкі және сыртқы кеңістіктер біртұтастандырылып, осылай бейнелеу кеңістігі кеңейе түсті.

Ирандық суретші илаһи кеңістіктерді бейнелеу арқылы көрерменді қарапайым материалдық өмір көкжиегінен биігірек сатыға көтеріп, оның назарын физикалық әлемнен тыс жаһанға аударды. Ол жаһанның өзіндік уақыты, мекені, түстері мен пішіндері бар. Илаһи кеңістіктердің суретінде бояу маңызды рөл атқарады. Көгілдір аспанда бұлттарды бейнелеу үшін алтын түсті қолдану жердегі шынайы өмірден тыс кеңістікті көз алдымызға елестетеді.

Ирандық кескіндеме өнерінде, әсіресе Герат мектебі мен Камаледдин Бехзадтың туындыларында алтын түс әдетте нұрды бейнелеу үшін қолданылып, бәріне түрлі түсті ғажайып реңк береді.  Ирандық кескіндеме өнерінен тіпті түнде де бояулар мен нұрға толы кеңістікті көреміз.  Алтын және күміс түстерді қолдану кеңістікті санада елестету үшін өте тиімді. Герат мектебінде алысқа меңзейтін түстер қызыл түстен тартымды көк түске өзгереді. Алтын түс бұл замандағы суреттердің барлығында маңызды орынға ие.

 

 

Тегтер

Сараптама