Jan 12, 2019 20:34 Asia/Almaty
  • 794-ші бөлім,

"Иасин" сүресінің 36-44 аяттарының тәпсірі

«Иасин» сүресінің 36 аяты:

«سُبْحَانَ الَّذِی خَلَقَ الْأَزْوَاجَ کُلَّهَا مِمَّا تُنبِتُ الْأَرْضُ وَمِنْ أَنفُسِهِمْ وَمِمَّا لَا یَعْلَمُونَ»

Сондай пәк Алла барлық нәрсені жұп-жұбымен жаратты. Мейлі, ол жердің өсірген нәрселерінен болсын, мейлі өздері өндірген және тағы білмегендерінен болсын. (36)

Алдыңғы бағдарламада Құран Кәрім табиғаттағы таухидтің кейбір белгілеріне сілтеме жасады. Осы аят соның жалғасында жаратылыс жүйесінде үстемдік ететін маңызды негіздердің біріне, яғни, жұптық заңға сілтеме жасап: «Өсімдіктер мен жан-жануарлар және адамдар арасындағы жұптықты Құдай қалыптастырған. Сіздер оны білесіздер. Бірақ, тағы басқа нәрселерде де жұптық заңы бар екенін білмейсіздер. Жаратылыста осындай құдіретке ие, тіршілік иелерін көбейтіп, тууын осы арқылы қамтамасыз ететін Құдай кез келген кемшіліктен пәк, кенде. Ол жаратылыста серікті қажет етпейді» дейді.

Осы аяттан үйренетініміз:

  1. Жұптықты қалыптастырған Құдайдың өзі жұп пен серіктен ада. Ол – жалғыз әрі теңдессіз.
  2. Адам физикалық және жыныстық істер бойынша басқа тіршілік иелерімен бірдей, олардан артықшылығы жоқ.
  3. Адамның ғылымы шектеулі. Ол үшін жаратылыстың көптеген ақиқаты әлі ашылмаған.

«Иасин» сүресінің 37-38-39-40 аяттары:

«وَآیَةٌ لَّهُمُ اللَّیْلُ نَسْلَخُ مِنْهُ النَّهَارَ فَإِذَا هُم مُّظْلِمُونَ»، «وَالشَّمْسُ تَجْرِی لِمُسْتَقَرٍّ لَّهَا  ذَلِکَ تَقْدِیرُ الْعَزِیزِ الْعَلِیمِ»، «وَالْقَمَرَ  قَدَّرْنَاهُ مَنَازِلَ حَتَّى عَادَ کَالْعُرْجُونِ الْقَدِیمِ»، «لَا الشَّمْسُ یَنبَغِی لَهَا أَن تُدْرِکَ الْقَمَرَ وَلَا اللَّیْلُ سَابِقُ النَّهَارِ وَکُلٌّ فِی فَلَکٍ یَسْبَحُونَ»

Оларға түн бір белгі. Одан күндізді ажыратамыз. Сонда олар қараңғылықта қалады. (37)

Сондай-ақ, күн белгіленген көлемінде жүреді. Міне, осы – аса үстем, әр нәрсені білуші Алланың өлшеуі. (38)

Тағы айдың орындарын да өлшеп қойдық. Ескі құрманың қураған бұтағындай болғанға дейін. (39)

Күннің айға жетуі мүмкін емес. Және түн де күндізден ілгерілемейді. Әрбірі көкте жүзеді. (40)

 

Осы аяттар Құдай оларды белгілі бір орбитаға ораластырып, көлемдері мен жылдамдықтарын нақты бір өлшемге келтірген аспандағы екі планетаның, яғни, күн мен айдың жүйелі қозғалысына тоқталды. Адам түнде айды, күндіз күнді аспаннан көреді.

Күн мен ай және жердің орбиталардағы белгілі, нақты қозғалыстары олар бір-бірімен ешуақытта соғылысып қалмайтындай, табиғат жүйесінде қайшылық тумайтындай реттелген.  

Біздің жер планетамыз табиғатынан қараңғы. Өйткені, өзінің жарығы жоқ. Күнге қарсы орналасқан жердің бөлігіне күн нұры түскенде жер жарық болады. Шын мәнінде, күннің шығуымен жердің бір бөлігі жарық болып, сол жерде жаңа күн басталады. Бірақ, жердің өз осін айналуымен біртіндеп күн батып, жерді қайтадан қараңғылық басады.

Күн нұры оны жердің үстіне күн сайын кигізетін, күн батқан кезде оны жердің үстінен шешіп алатын ақ көйлек сияқты.

Құдай түнде де жер тұрғындары үшін толық қараңғылықтың орнағанын қаламайды. Сондықтан, ай секілді үлкен айнаны күнге қарсы орналастырып, оның нұрының бір бөлігін ай арқылы жерге түсіреді. Ай ұйқының шырағы сияқты өзінің азғантай нұрымен түн қараңғылығы орнаған жердің бір бөлігінің тұрғындарына тыныштық сыйлайды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

  1. Табиғат жүйесіндегі тәртіп, ай мен күннің, жердің қозғалысы, түн мен күннің алмасуы мен басқа да табиғи құбылыстар – дана әрі құдіретті Құдайдың белгілері.   
  2. Ай мен күн және жердің қозғалыс орбитасы мен айналыстары нақты өлшеніп, есептелген. Кездейсоқ әрі жоспарланбаған ешбір іс жоқ.
  3. Айдың тууынан толуына дейінгі жағдай дана Құдайдың әмірімен жүзеге асады. Құранның басқа аяттарына сәйкес, айдың әртүрлі қалыптары – күндер мен ай және жылды есептеу үшін табиғи күнтізбе.

«Иасин» сүресінің 41-44 аяттары:

«وَآیَةٌ لَّهُمْ أَنَّا حَمَلْنَا ذُرِّیَّتَهُمْ فِی الْفُلْکِ الْمَشْحُونِ»، «وَخَلَقْنَا لَهُم مِّن مِّثْلِهِ مَا یَرْکَبُونَ»، «وَإِن نَّشَأْ نُغْرِقْهُمْ فَلَا صَرِیخَ لَهُمْ وَلَا هُمْ یُنقَذُونَ»، «إِلَّا رَحْمَةً مِّنَّا وَمَتَاعًا إِلَى حِینٍ»

 

Олардың нәсілдерін толы кемеде (Нұх кемесінде) тасуымыз олар үшін бір белгі. (41)

Әрі олар үшін сол сияқтыдан мінетін көліктер жаратуымыз (да бір белгі). (42)

Қаласақ, оларды суға батырамыз. Сонда оларға болысушы да жоқ, олар құтқарылмайды да. (43)

Бірақ Біздің тарапымыздан бір мәрхамет және бір мерзімге дейін пайдалану болады. (44)

 

Бұл аяттар мұхиттар мен теңіздер сияқты үлкен құбылыстарға тоқталып: «Жүк пен жолаушыларды тасымалдайтын ірілі-ұсақты кемелер – Пәруәрдігердің құдіретінің белгісі. Себебі, Құдай суды жүк пен жолаушылар оған батып кетпейтіндей, кемеге оңай мініп, алыс-жақын жолдарды өткеретіндей жаратқан.

Құдайдың тасымал үшін түйе мен тағы басқа төртаяқты жануарларды да жаратқан.

Біздің бүгінгі дамыған әлемде әртүрлі машиналардың, ұшақтар мен пойыздардың бар екендігіне қарамастан жүктің көп бөлігі кемелер арқылы тасымалданады. Егер азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар тиелген кемелер мен үлкен мұнай танкерлері мұхиттарда жүзе алмаса, адамның өмірі қиындықпен бетпе-бет келеді.  

Егер Құдай судың осындай ерекшелігін қайтып алса, барлық кемелер жолаушылары және жүктерімен теңіздерге батып кетеді. Құдайдан басқа ешкім оларды құтқара алмайды.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Құрлық пен теңіздегі тасымал құралдары – адамның табиғи және алғашқы қажеттіліктері. Құдай өзінің мейірімімен адам соларды пайдалануы үшін қажет негіз дайындады.

2. Нығметтерді біздің Құдайдан сұрағанымыз емес, Құдайдың бергені санайық. Қолымыздағы нығметтерге масаттанбайық. Кері жағдайда Алланың қаһарына ұшырауымыз мүмкін.

 

 

Сараптама