Sep 02, 2019 23:23 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (175)

Бүгінгі бағдарламада Иран мен әлем философиясы мен хикметінің белді тұлғасы саналатын "Садр әл-Мұтаалалин" немесе "Молла Садра" деген лақап атпен танымал Мұхаммад бен Ибрахим Қавами Ширази жайлы сөз қозғаймыз.

"Молла Садра" деген лақап атпен танымал Мұхаммад бен Ибрахим Қавами Ширази х.қ.ж.с.б. 980 жылдың джамади ул-аууал айының 9 жұлдызында (1571 жылы) Ширазда дүниеге келген. Бастапқы білімді үйде жеке мұғалімдерден алған. Ерекше зеректігінің арқасында аз уақыттың ішінде парсы және араб тілі мен әдебиеті және каллиграфияны меңгеріп алған. Математика, астрономия, аздап медицина, фикһ пен исламдық құқық, философия мен қисын да оның жеткіншек шағында оқыған дәрістерінің қатарына жатады. Осылардың  барлығын азды-көпті үйренгенімен, бәрінен көбірек философияға, әсіресе мистикаға (сопылыққа) қызықты. Жанұясы Шираздан Қазвинге көшкеннен кейін Садреддин Мұхаммад өзінің бастапқы және орта білімін Қазвинде осы қаланың көрнекті ұстаздары алдында үйреніп, басқалардан тезірек жоғары сыныпқа көшті. Ол Қазвинде сол кездегі екі данышпан шейх Бахаи мен Мирдамадтан дәріс алып, аз уақыттың ішінде дарынының арқасында озат шәкірт атанды. Сефевилер әулетінің астанасы Қазвиннен Исфаханға көшірілген кезде  Садреддин Мұхаммад ұстаздарымен бірге Исфаханға барып, біраз уақыттан кейін ұстаздарының рұқсатымен дәріс бере бастады. Ол сол кезден бастап өз мектебінде философияның жаңа негіздерінен дәріс берді. Бірақ бұл дәурен ұзаққа бармады. Оның сопылыққа бет бұруына қарсы болған кейбір білімі таяз үлемдердің қысымдары салдарынан Молла Садра Исфаханнан кетуге мәжбүр болып, Құмның маңындағы "Каһак" ауылына қоныс аударып, бес немесе он бес жылдан (кейбіреулердің айтуынша) кейін Ширазға қайтып оралды.

Садреддин Мұхаммад пен оның жанұясының Құм мен Ширазда тұрған жылдарын оның өмірінің ең маңызды бөлігі деп айту керек. Ол Құмда бес жыл үнсіздікте болып, ақиқатты іштей сезу мәртебесіне жеткеннен кейін үнсіздігін бұзып, шәкірт тәрбиелеп, еңбектерін жазуға кірісіп, өзінің философиялық аясын қалыптастырды. Садреддин Мұхаммад х.қ.ж.с.б. 1040 жылы Шираздың билеушісі Аллахверди ханның шақыруымен өз отаны Ширазға қайтып оралып, хан мектебінде философия, Құран тәпсірі және хадистен сабақ беріп, еңбектер жаза бастады. Сол кезде Ширазда парсы тілінде жазып, өз заманындағы үлемдерге, соның ішінде философтар, теософтар, факиһтер, жаратылыстанушыларды қатты сынаған "Үш негіз" кітабынан мынадай нәтиже шығаруға болады: сол заманда да ол қаладағы ғалымдардың нашар қатынасына ұшырап, қысымға алынған. Бірақ бұл жолы төзімділік танытып, олардың қысымдарына төтеп беріп, өзінің мектебін қалыптастырып, таныстырып, таратуға шешім қабылдаған. Молла Садраның кейбір кітаптарының қай жылы Каһак немесе Ширазда жазылғаны мәлім, бірақ кейбір шығармаларының жазылған уақыты белгісіз. Практикалық амалдарға көбірек көңіл бөлген Молла Садра кітаптарының жазылған күнін белгілеуге көңіл бөлмеген немесе кітаптың нұсқасын жасаған адам оның жазылған күнін жазуға ұмытып кеткен.

Зерттеушілердің пікірінше, Молла Садраның шытырман оқиғаларға толы өмірінің тағы бір бөлігі оның Қағбаны зиярат ету үшін Меккеге жасаған саяхаттары болды. Ол жеті рет жаяу осы рухани сапарға аттанған деседі.  Қазір әртүрлі байланыс құралдарының барына қарамастан әлі де ауыр саналатын бұл сапар өткен ғасырларда қиынырақ болғаны анық.  400 жыл бұрын жолаушылар бұл сапарды жылқы немесе түйемен Сауд Арабиясының орталық құрғақ сахарасын басып өту арқылы атқарған. Сондықтан қажылыққа бару сопылыққа бейім адамдар үшін тақуалық (аскетизм) пен ақиқат жолы саналған. Қажыға барушыларды біріктірген үлкен керуен қалыбында атқарылатын бұл сапарда бірқатар адам ыстықтан, аштықтан және шаршағаннан көз жұмып отырған. Бірнеше мың шақырым ауыр жолдан тұратын бұл сапар жаяу жүрілетін болғандықтан қиындықтарға толы еді.  Сондықтан мықты ерік пен таза иманды қажет еткен. Молла Садра бұл тақуалық (аскетизм) пен ақиқат жолын 7 рет жүріп өткен. Ақырында Меккедегі Құдай үйіне жетінші сапары барысында х.қ.ж.с.б. 1050 жылы (1640 жылы) 71 жасында Басра қаласында дүниеден өтті.  Кейбіреулердің сенімінше, оны сол Басра қаласында жерлеген. Бірақ Молла Садраның күйеу баласы Файаз Лахиджидің айтуынша, бұл ирандық философ пен мистиктің мәйіті Наджаф-е Ашраф қаласына тасымалданып, "Үлемдер террасасында", яғни шиіттердің бірінші имамы хазірет Әли (ғ.) кесенесіндегі ауланың сол жағында жерленген.

Молла Садрадан құнды еңбектермен қоса, алты бала қалды. Олардың әрқайсысы ислам ғылымдарын жеткілікті деңгейде меңгеріп, өз заманының бетке ұстарлары мен ғалымдарының біріне айналды. Молла Садраның тұңғыш баласы – Умма-Күлсім атты қыз. Ол философия ілімін әкесінен үйреніп, сол кезде Молла Садраның  шәкірті болған шиіт теософы Молла Абдуррезақ Лахиджиге тұрмысқа шыққан. Умма-Күлсім отбасын құрғаннан кейін де күйеуінің жанында білім алуын жалғастырып, танылған ғылымдардың көбінде озық дәреже жеткен. Тіпті ғалымдардың жиынына қатысып, олармен пікір таластырып отырған.  

Молла Садраның екінші баласы Мұхаммад Ибрахим Буәли – данышпан хакім, нағыз мистик әрі жоғары деңгейдегі хадисші. Ол да әкесі алдында білім алып, көптеген кітаптар жазған. Парсы тілінде "әл-Күрси" аятын тәпсірлеуге арналған "Аруһ ул-уасқи" атты кітап жазған. Зерттеушілер оның еңбектеріне сүйеніп, мынадай нәтиже шығарған: Молла Садраның бұл баласы өмірінің соңында философиядан қатты айныған.

Молла Садраның үшінші баласы Забиде хатун Құранды жатқа білген ғалым әрі әдебиетші болған. Ол ұлы данышпан Мырза Моинеддин Фасаиге тұрмысқа шыққан. Ол Құран тәпсірі мен хадисті әкесі мен апайынан үйреніп, әдебиет саласында жұмыс істеген.

Молла Садраның үшінші қызы Зейнеп дана ғалым, ойшыл теософ, мистик, философ, тақуа және әдебиет пен сөз өнерінің жарқын жұлдыздарының бірі саналады. Ол әкесі мен ағасынан көп нәрсе үйренген. Сол кезде Молла Садраның шәкірті болған ұлы шиіт хакімі, хадисші, сопы әрі данышпан Молла Хасан Фейз Кашаниге тұрмысқа шыққаннан кейін өз білімін күйеуінің алдында кемеліне жеткізді.

Молла Садра Ширазидің төртінші баласы – Низамеддин Ахмад. Ол атақты ғалым, хакім әрі мистик ақын болған. Ол парсы тілінде "Мезмар-е данеш" (Білім алаңы) атты кітап жазған. 

Молла Садраның кенжесі – Масуме хатун. Ол сол заманда Молла Садраның шәкірттерінің бірі әрі "Асфар" кітабына түсініктеме жазған ұлы ғұлама Мырза Қавамеддин Нейризиге тұрмысқа шыққан. Масуме хатун әдебиетсүюші, хадистанушы, ғибадат етуші, тақуа, Құран хафизі  болған. Ол әкесі, содан кейін апайларынан ғылым мен білім үйренген.

Тегтер

Сараптама