Малайзия және Индонезиямен бірге Оңтүстік-шығыс Азия жағырапиялық аймағында орналасқан Мьянма – Оңтүстік-шығыс Азия елдері қауымдастығына (ASEAN) мүше он елдің бірі. Солай бола тұра, бұл елдердің саяси-экономикалық және қауіпсіздік жағдайлары әркелкі. Индонезия – халқы ең көп ислам мемлекеті.

Бұл ел Малайзиямен бірге даму үстіндегі исламдық елдердің бірі және ASEAN ұйымының ең маңызды әрі ықпалды елдерінің бірі саналады.

Мьянмада көпшілікті буддистер құрайды. Бірақ, бұл аталмыш елде басқа діни және тайпалық азшылықтар өмір сүрмейді деген сөз емес. Мьянмадағы ең үлкен діни және тайпалық азшылық – рохинья мұсылмандары. Олар көбінесе елдің батысындағы Ракхайн провинциясында өмір сүреді. Мьянма үкіметі рохинья мұсылмандарын Бангладештен келген мигранттар санағанымен, рохинья мұсылмандары жүздеген жылдар бойы бұрынғы Аракан, қазіргі Ракхайн аймағында өмір сүріп, үш жүз жылдан астам уақыт бойы патшалық құрған.

Алайда, Мьянма үкіметі рохинья мұсылмандарына азаматтық беруден бас тартып келеді. Милади жыл санағы бойынша 60-шы жылдардан бері Мьянмада билік жүргізіп келе жатқан әскерилер рохинья мұсылмандарын үйлері мен тұрақтарынан қуып шығу мақсатында оларға қарсы қанды қатыгездікті бастады. Бұл үдеріс 2012 жылдан бастап радикалды әскерилер мен экстремистік буддистер біріккеннен кейін қатты үдей түсті. Олар Ракхайн провинциясындағы рохинья мұсылмандарына қарсы ұйымдасқан ауқымды шабуылдарды бастады.

Соның салдарынан мыңнан астам адам қаза тауып, оңдаған мың адам жарақаттанып, қоныс аударды. Тіпті, БҰҰ рохинья мұсылмандарын әлемдегі ең мазлұм азшылық деп атап, Мьянма үкіметінен рохинья мұсылмандарына қарсы қылмыстарды тоқтатуды сұрады. Әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлердің рохинья мұсылмандарын жаппай қырып-жоюға қатыстылығы расталғанымен, адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтатын Батыс елдері қанды қатыгездіктерді тоқтату үшін оларға қарсы шынайы шара қолданбай отыр.

Манчестердегі мұсылмандар істері жөніндегі орталықтың басшысы Джаһангир Мұхаммед: "АҚШ пен Батыс елдері Мьянманы мұсылмандардан тазартуға алаңдамауымен қатар, оған көзжұмбайлық танытып отыр. Өйткені, бұл елдер экономикалық мүдде мен Мьянманың табиғи ресурстарын талан-таражға салуды көздеп отыр",-деді.

Бұл жағдай дүниежүзі мұсылмандарына, соның ішінде Малайзия мен Индонезия халықтарына ауыр тиіп отыр. Сол себепті, Индонезия мен Малайзия мұсылмандары әлемдік қауымдастықтың назарын рохинья мұсылмандарының бастан кешіріп жатқан азаптары мен қиындықтарына аудару мақсатында жаппай шерулер мен жиналыстар өткізіп, Куала-Лумпур мен Джакарта үкіметтерінен Мьянма үкіметіне қысым жасауды сұрады. Осы орайда назар аударып, ойлануға тұрарлық бірнеше тақырып бар: біріншісі, Индонезия мен Малайзия халықтары өз үкіметтерінен Мьянма үкіметін рохинья мұсылмандарын қырып-жоюды тоқтатуға көндіруде белсендірек рөл атқаруды сұрайды. Малайзия мен Индонезия мұсылмандары рохинья мұсылмандарын ислам үмбетінің бір бөлігі санап, оларға қарсы кез келген қатыгездікті айыптайды; екіншісі, Индонезия мен Малайзия халықтарының көзқарасы бойынша, рохинья мұсылмандарын қырып-жою геноцидтік сипатқа ие. Мұның өзі АҚШ пен сионистердің әлемнің әртүрлі аймақтарындағы мұсылмандардың орны мен позициясын әлсірету үшін көздеген жоспарларының бір бөлігі саналады.

Малайзиядағы босқын рохинья мұсылманы Амир бен Харун: "Қазіргі оқиғалар – этникалық геноцид. Барлық халықаралық ұйымдар, әсіресе Ислам ынтымақтастық ұйымы рохинья мұсылмандарының ісіне тікелей араласуы қажет",-деді.

Үшіншісі, Малайзия мен Индонезияның мұсылман халықтары экстремист буддистердің Мьянма әскерилерімен бірігіп, Оңтүстік Шығыс Азия аймағындағы ең үлкен мұсылман қоғамы саналатын рохинья мұсылмандарын басып-жаншуы мен адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтатын ұйымдардың бұған үнсіздік танытуын мүлдем қабылдамайды.

Сондықтан, әлемдегі мұсылмандар діни және заңды міндеттеріне сәйкес, Мьянмадағы діни бауыр-қарындастарын қолдап, оларға қарсы кез келген қатыгездікті айыптайды. Индонезия мен Малайзия халықтарының босқын рохинья мұсылмандарын қабылдауын осы тұрғыдан қарастыруға болады.

Малайзияның панисламдық партиясының басшысы Әбдулхади Аванг: "Рохинья мұсылмандарының азапталуы мен қудалануын тоқтату аймақтағы елдер мен халықаралық қауымдастықтың араласуын қажет етеді. Малайзия үкіметі рохинья мұсылмандарын қорғау үшін басқа елдермен ынтымақтастық жасауы қажет",-деді.

Индонезия мен Малайзиядағы қоғамдық пікірлердің қысымдары Куала-Лумпур мен Джакарта үкіметтерінің Мьянма үкіметіне қарсы қатаң позиция ұстанып, оларды рохинья мұсылмандарын қырып-жоюды тоқтату үшін шешім жолдарын табуға мәжбүрледі. Малайзия мен Индонезия үкіметтері буддистік экстремистердің мұсылмандарға жасап жатқан геноцидіне үнсіз қарап отыра алмайды. Мұнымен қоса, Мьянма ASEAN одақтастығының мүшесі болғандықтан, осы 

одақтастықтың маңызды мүшелері Малайзия мен Индонезиядан Мьянмаға рохинья мұсылмандарына қарсы қанды қатыгездікті тоқтату үшін көбірек қысым жасауды күтеді. Малайзия мен Индонезияның саяси қысымдары Мьянманы ASEAN одақтастығынан шығару туралы қоқан-лоққыға дейін барды. Алайда, осы екі ел халықтарының көзқарасы бойынша бұл шара жеткіліксіз. Өйткені, Мьянма үкіметі осындай саяси қысымдардың есесіне мьянмалық жұмысшыларды

Малайзияға жіберуге тыйым салды. Осындай жағдайда жылына мыңдаған мьянмалық жұмысшы табыс табу үшін Малайзияға барады. Мьянма үкіметі осындай қадаммен Малайзиямен текетіресті әлеуметтік деңгейге жеткізіп, Мьянма халқын, әсіресе жұмысшыларды Малайзия үкіметіне қарсы қоюға күш салды.

Бұған қарамастан, Куала-Лумпур үкіметі Индонезия үкіметіне қарағанда рохинья мұсылмандарын қорғауда белсендірек қадам жасады. Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разақ Индонезия Президенті Джоко Видододан осы елдің халқымен бірге рохинья мұсылмандарының құқығын қорғауды сұрады. Мьянма үкіметінің Ракхайн провинциясына әскери күштер жіберіп, рохинья мұсылмандарына қарсы қылмыстарды жасауы халықаралық қоғамдастықтың рохинья мұсылмандарына кемсітушілік пен геноцид жасалғанын растаған жағдайда қайта басталды.

Адам құқығын бақылау ұйымы басшысының Азия істері жөніндегі орынбасары Фил Робертсон: "Рохинья мұсылмандарына қарсы ресми кемсітушілік пен өткен қылмыстарды жасаушылардың жазаланбауы рохинья мұсылмандарына қарсы жаңа қылмыстардың қайталануы үшін жағдай жасады",-деді.

Қалай болғанда да, Индонезия мен Малайзия мұсылман халықтарының көзқарасы бойынша, әлемдік қоғамдастық пен адам құқығын қорғаушысымақ орталар Мьянмадағы экстремистік буддистер мен әскерилердің рохинья мұсылмандарына қарсы қылмыстарына көзжұмбайлық танытқан жағдайда Куала-Лумпур мен Джакарта үкіметтері басқа исламдық елдермен әріптесе отырып, Мьянма үкіметін рохинья мұсылмандарының азаматтық құқығын мойындауға және олардың негізгі мәселелерін шешуге мәжбүрлеуде белсендірек рөл атқаруы тиіс.

Sep 10, 2017 10:18 Asia/Almaty
Сараптама