Еуроодақ пен Ресейдің қарым-қатынасы 2014 жылғы Украина дағдарысынан бері алшақтықтар, текетірестер, қайшылықтар мен қарымта санкцияларға куә болып келгеніне қарамастан, Еуроодақтың маңызды мүше елдері, әсіресе Батыс Еуропа елдері Мәскеумен экономиканың әртүрлі салаларында, соның ішінде энергетика саласында әріптестікті сақтауға мүдделі.

Бұған қарамастан, бұл қарым-қатынас Трамп кезіндегі АҚШ-тың Ресейге қарсы саясаттары мен шараларының ықпалында қалып отыр. Вашингтонның Ресейге қарсы әрекеттері, әсіресе Ресейге қарсы жаңа санкциялар заңын бекітуі Ресейдің энергетика саласына әсер етіп, Атлант мұхитының екі жағалауындағы елдердің арасында жаңа қайшылықтардың тууына себеп болды. АҚШ үкіметінің Ресейге қарсы бекіткен жаңа санкциялары Еуроодақ елдерінің Ресеймен қазіргі сауда-экономикалық қарым-қатынасына жанама түрде әсер еткен соң, Еуроодақ оған қатты реакция білдірді. АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкцияларын Еуроодаққа экономикалық қысым көрсетудің бір түрі деп түсіну қажет. Бұл әлбетте Брюссель мен Вашингтонның екіжақты қарым-қатынасына зиянын тигізеді. Қазіргі үдеріске қарап, егер Брюссель мен Вашингтон арасында Ресейге санкция салу тақырыбында келісімге қол жеткізілмесе, онда Еуроодақ та АҚШ-қа қарсы қарымта әрекет жасайтын болады.

АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары тек Атлант мұхитының екі жағындағылар арасында қайшылық тудырып ғана қоймай, Еуроодақ ішінде Ресеймен қарым-қатынастың болашағы төңірегінде де дау-дамай тудырып отыр. Қазір Еуроодақта екіге бөлінген мүше елдер арасындағы үдемелі қайшылықтардың куәсі болып отырмыз. Еуроодақ 2014 жылдан бастап АҚШ-пен бірлесіп, Ресейдің Украинаның шығысында дағдарыстың туындауы мен Қырым түбегін қосып алудағы рөлі салдарынан бұл елге қарсы санкция салып, оны жыл сайын ұзартып отырғанымен,  бұл  Германия мен Франция секілді Еуроодақтағы ірі елдердің санкциялардың барлық салаларды, соның ішінде энергетика саласын шарпуын қалайтындығын білдірмейді. Сонымен бірге мұндай санкциялардың қаржы және экономика саласында Еуроодақ елдеріне, әсіресе экономикасы экспортқа негізделген Германияға тигізген теріс әсерлерін  жасыру мүмкін емес.

Қазіргі таңда Ресейге қарсы санкцияларды жалғастыру мен ауқымды шеңберде Ресеймен қарым-қатынасты жалғастыру мәселесі Еуродақ елдері арасында қайшылық туындап, олардың екі топқа бөлінуіне әкеліп соқтырды. Ресеймен бұрыннан бері ауқымды сауда-экономикалық қарым-қатынастарға ие Греция, Венгрия, Кипр сияқты елдер санкциялардың жойылуы мен азаюын қалайды. Осындай жағдайда бұрыннан бері Ресеймен дұшпандық қарым-қатынаста болып, қазір де өздерін қауіпсіздік саласында Мәскеудің қоқан-лоққыларына ұшырап отырғандай сезінетін Еуроодақтың басқа тобындағы елдер, атап айтқанда Польша мен Балтық елдері Ресейге қарсы санкциялардың жалғасуын қалайды. Мұнымен қоса, Еуроодақтың негізгі елдері Германия, Франция, Италия мен Испания Мәскеуге қарсы қазіргі санкциялар жүйесіне белсене қатысқанымен, екіжақты қарым-қатынас қалыбында Ресеймен сауда-экономикалық және энергетикалық байланыстарын жалғастыруға мүдделі.

Қазір Еуроодақта Ресеймен қарым-қатынасқа қарсылар мен оны жақтаушылардың басты назары Мәскеу мен Брюссельдің энергетика саласындағы байланыстарына ауып отыр. Ресеймен қарым-қатынасты жақтаушылар Мәскеумен энергетика саласында әріптестікті кеңейтуді, әсіресе Ресейден Еуропаға газ экспорттауды жалғастыруды қалайды. Алайда Ресеймен қарым-қатынасқа қарсылар Еуроодақ елдерінің Ресейге газ саласындағы тәуелділігін жоюды мақсат тұтады. Осындай қайшылықтар жалғасқаннан кейін Еуроодақ Ресейге Украина арқылы газ тасымалдау жөніндегі келіссөздерді қазан айына қалдыруға ұсыныс жасады. Бұдан бұрын бұл келіссөздер тамыз айында өтеді деп жоспарланған еді. Ресейдің Энергетика министрлігі Украинаның газ тасымалдау инфрақұрылымының тозғанын, оны жаңарту үшін жеткілікті қаражат бөлінбегенін және осыдан  туындайтын қауіпті салдарлар жайлы бірнеше рет ескертті. Газпром компаниясы Ресейдің табиғи газын Украинаның газ құбыры, Беларусь арқылы өтетін Ямал-Еуропа газ құбыры және Nord Stream-1 газ құбыры желілері арқылы Еуропаға тасымалдайды. Бұған қарамастан, Ресей Еуропаға газ экспорттау бойынша Украинаға тәуелділігін азайту үшін Nord Stream-2 газ құбырын салуды ұсынды. Қазіргі таңда Ресейдің Газпром компаниясы Балтық теңізі арқылы өтетін Nord Stream-2 жобасын еуропалық компаниялардың инвестициясымен жүзеге  асырып жатыр. 

АҚШ-тың Nord Stream-2 жобасын нысанаға алған жаңа санкциялары  Еуроодақ мүшелері арасында осы санкцияларға қатынас пен Ресейден газ тасымалдау тақырыбына қатысты қайшылық тудырып, Мәскеудің қатаң реакциясына ұшырады. Осы орайда Ресей Федерациясы кеңесінің мүшесі Алексей Пушков Польша Сыртқы істер министрінің «Ресей Варшава мен басқа Еуропа елдерін бопсалау үшін  Nord Stream-2 жобасын қолдайды» деген сөзін қатты сынға алып: "Польшаның Сыртқы істер министрі Витольд Ващиковский  осындай негізсіз уәж айту арқылы шындығында өзінің беделін түсірді",-деді.  Еуроодаққа мүше 8 ел, соның ішінде Эстония, Латвия, Литва, Польша, Румыния осы жобаның жүзеге асуына қарсы. Олар наразылық хаттарын Еуропа комиссиясының басшысына жіберіп, құбыр салу жобасын тоқтатуды талап етті.

Польша басшылары жаңа жобаның орындалуының Еуропаның Ресей газына тәуелділігінің күшейе түсуіне себеп болатындығына алаңдайды.  Ресей мен Польша қарым-қатынастары 2014 жылы Украина дағдарысы мен Еуропаның Ресейге қарсы санкцияларынан кейін суып кетті. Варшава Мәскеуге қарсы, соның ішінде Nord Stream-2 газ құбырын салуға қарсы позиция білдірген соң өзара қатынас шиеленісе түсті. Польшаның Ресейдің Еуропадағы газ жобаларына дұшпандық позиция ұстануының өзі қазіргі қолайсыз жағдайда екі елдің салқын қарым-қатынасынан туындап отыр. Польшалықтар: «Ресей  Варшавамен арақатынасын жақсартуға ниет білдірмей отыр. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру Мәскеудің әрекет тәсілдеріне байланысты»,-деген уәж айтуда.

Ресей 2006, 2009 жылдары Украинамен болған екі газ дағдарысынан кейін Еуропаның солтүстігі мен оңтүстігінде жаңа газ құбыры желілерін салуға кірісті. Осы аяда Nord Stream-1 газ құбырын Еуропаның солтүстігінде салып,  2011 жылдан бері Германияға газ тасымалдап келеді. Ұзындығы 1222 км-ді құрайтын бұл құбыр желісі дүние жүзі бойынша су астындағы ең ұзын газ құбыры саналады. Оның жылдық потенциалды 55 млрд текше метрді құрайды. Ресей Nord Stream-1 газ құбырымен параллель Nord Stream-2 газ құбыры желісін салу арқылы өз газын Еуропаға тасымалдауда Украинаны транзиттік желіден алып тастауды мақсат тұтып отыр. 2015 жылы Ресей Еуроодақтың бүлдіргі әрекеттері салдарынан Еуропаның оңтүстігіндегі South Stream жобасынан бас тартқаннан кейін Мәскеу Nord Stream-2 газ құбыры жобасын басты бағдарға алды. Мұнымен бір мезгілде Nord Stream-2 газ құбырының салынуы Германияға қазіргі құбыр желісінің әлеуеті екі еселенген соң Балтық теңізі арқылы Ресейден тікелей газ импорттауға мүмкіндік береді. Маңызды жайт мынада: бұл жаңа газ құбыры желісін тартуға қарсылық білдіріп отырған тек  Польша ғана емес.  

Еуроодақтың басқа да мүшелері, яғни Балтық жағалауының үш елі, Румыния мен Италия да осы тұрғыда қарсы көзқарасқа ие. Әсіресе, италиялықтар Германияның кемсітушілік қатынасына байланысты бұл мәселеге үзілді-кесілді қарсы шықты. Италияның сол кездегі Премьер-министрі Маттео Ренци 2015 жылдың желтоқсан айының ортасында Германияны Еуроодақтың басқа мүшелерінің мүдделері мен көзқарастарымен санаспай, Ресеймен бірігіп, Nord Stream-2 жаңа газ құбырын салуды көздеп отырғаны үшін сынға алып, осы қадамды кемсітушілік деп қабылдады.

АҚШ 2016 жылдың тамыз айынан бастап, яғни Барак Обаманың президенттік кезеңінде Еуропадағы ұжымдық мүдде, біртұтастық пен қауіпсіздікке үйлеспейді деген сылтаумен Nord Stream-2 газ құбырын салуға қарсылығын мәлімдеді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің арнайы өкілі әрі халықарық энергетика істері жөніндегі үйлестірушісі Амус Остин: «Nord Stream-2 газ құбыры желісін салу жобасы орындалған жағдайда Еуропаның шығысы мен батысындағы елдер арасында қазіргі қарым-қатынасқа нұқсан келеді. Жоспарланған газ құбырының салынуы және оның қолданысқа берілуі Польша, Словакия мен Украинаның  Ресей газын транзиттеуден түсетін табыстан қағылуына себеп болады»,-деді.

Еуропалық басшылар мен мамандардың сенімінше, Вашингтон бұл санкциялар арқылы өзінің Еуропадағы экономикалық мүдделерін ілгерілетуді көздеп қана қоймайды, сонымен қатар Еуропаның әсіресе энергетика саласында белсенді компанияларын әлсіретіп, қатардан шығару мақсатын көздейді. Шектеу қоятын мұндай шаралар  халықаралық заңдарға қайшы келеді.  

Париждің Халықаралық және стратегиялық істер институтының  маманы Францис Перин Еуроодақ елдері өзара қайшылықтарын қойып, АҚШ-қа бұл ел тарапынан болашақта салынуы мүмкін санкцияларға қарсы Еуропаның біріге әрекет ететінін тура айтуы қажет деп санайды

Еуроодақ елдерінің Ресейге қатысты әртүрлі позициялары мен қалыптасқан үдерістерге байланысты Ресей мен Еуроодақ қарым-қатынасының  болашағы осы еуропалық ұйымның даулы мәселелер тізіміне қосылатын сыңайлы. Қазір бұл қайшылықтардың басты өзегі Ресей мен Еуроодақтың  энергетика саласындағы қарым-қатынасы болып отырғанына қарамастан,  жалпы алғанда Еуроодақта Ресейге қатысты екі түрлі көзқарастың бар екенін байқауға болады.  Жалпы көзқараста Ресеймен қазіргі қайшылықтар мен оған  қарсы санкция салынғанына қарамастан, Ресейдің Еуропаның экономикасы, энергетикасы мен қауіпсіздігі саласындағы маңызы мен рөлі жайлы шындықтар Мәскеумен қарым-қатынасты тоқтатуға немесе азайтуға кедергі жасайды. Ресеймен қарым-қатынасты сақтауға мүдделілер Еуропаның Ресей газына тәуелділігін ескере отырып, мүмкіндігінше Мәскеумен әсіресе энергетика саласында қарым-қатынасты сақтау керек деп санайды. Ресейден Еуропаға жаңа газ құбырын салу осы аяда мән-мазмұнға ие болады. Еуропаның Австрия мен Франция секілді кейбір елдерінің демеушілігіне ие  Германия бұл көзқарасты қолдап отыр. Ал екінші жағында біз АҚШ көзқарасы мен тәсілдерінің ықпалында қалып, шын мәнінде АҚШ-тың атынан Ресейге қысымдардың артуы және Мәскеумен қарым-қатынасқа шектеу қоюды қалайтын қарсы көзқарасқа куә болып отырмыз. Қазір бұл елдердің басында Польша мен оның Шығыс Еуропадағы одақтастары тұр. Олар Ресей тарапынан өздерінің қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерді ескеріп, Шығыс Еуропада онымен әскери қақтығыстардың болуын қалап қана қоймай, Ресейге тәуелділіктің тез арада жойылуын, бастысы, энергетика саласындағы тәуелділікті жоюды қалап келеді. Еуродақтағы қарама-қайшы көзқарастар текетіресі осы одақтың Ресейге қатысты, соның ішінде энергетика саласына қатысты позициясында бөлінушілік пен келіспеушіліктің туындауына себеп болып отыр.

 

 

 

 

Sep 12, 2017 17:30 Asia/Almaty
Сараптама