• Имам Хусейн (ғ.с.)-ның ахлақтық, ғибадаттық және әлеуметтік ерекшеліктері

Адамзат тарихында көптеген көтерілістер мен қозғалыстар орын алды. Алайда қаншама ғасыр өткенімен, бірінші жылындағыдай баршаның назарына түсетін тек бір көтеріліс бар: ол – имам Хусейн (ғ.с.)-ның көтерілісі.

Бұл көтеріліс исламды қайтадан жаңғыртты. Исламның ұлық пайғамбары: «Хусейн менен, мен Хусейнненмін» деген. Яғни, «Хусейн тек менің перзентім ғана емес, менің дінімнің жалғасы. Ислам ол және оның серіктерінің жанкештілігімен мәңгілікке қалады»,- деген.

"Хусейн менен, мен Хусейнненмін"

Имам Хусейн (ғ.с.)-ның ерекшеліктерінің бірі жігері мен шешім қабылдаудағы мықтылығы болды. Жігер – жұмыстың басты факторы. Жігер адамның қасиеттерінің арасында жоғары орынға ие. Жігердің артықшылықтарының біріне адамға ешбір қоғамдық қысым мен басқалардың қате түсініктерінің әсер етпеуі жатады. Ол таңдаған дұрыс жолын соңына дейін жүріп өтеді. Адамгершілік пен кемелдік деген екі ерекшелік Кербалада ең әдемі және ең кемел түрде көрінді. Имам Хусейн (ғ.с.) Мединеден сапарға шыққан кезде оған кейбір адамдар келіп, жандары ашып, мейірім білдіріп, қоғамның саяси жағдайы өзгергенге дейін имамға біраз уақытқа Йеменге немесе басқа елге баруды ұсынды. Имам үзілді-кесілді қарсылық білдіріп: «Алламен ант етемін, егер бұл дүниеде мен үшін ешбір панажай қалмаса да Язидтің жүйесін қабылдамаймын. Мен дәл қазір Меккеге қарай аттанамын»,- деп жауап берді. Имам Хусейн (ғ.с.) тек сөзімен ғана емес, амалымен де ғиззатқа ие болудың ең жақсы үлгісі болды. Ғиззат жеке адамның немесе қоғамның сипаты ретінде сәтсіздікке ұшырамау, нәпсіні жеңуді, адамгершілік пен жеке адамды қорғау дегенді білдіреді. Ғиззатқа ие адамдар жамандық жасамайды, ешкімді  кемсітпейді. Олар өз абыройын сақтау үшін жандарын қиюға дайын. Зорлық-зомбылықты қабылдамайды, жалғандықтың билігіне төзбейді, азап-қорлыққа үнсіздік танытпайды, кәпірлер мен көргенсіздерге бағынбайды. Бани Умайе басшылары имамды күшпен болса да Язидтің бұйрығын орындап, бият етуге мәжбүрлеп, қорлық көрсеткісі келді. Бұл жүзеге асырылмайтын іс болды Имам Хусейн (ғ.с.) өзінің жанын қиып, жанұясы қамауға түскенімен, қорлықты қабылдамады. Мединенің басшысы  имам Хусейн (ғ.с.)-ға Язидке бият ету туралы айтқан кезде хазірет оны қорлық санап, қабылдамады. Сондай-ақ, Язидтің жамандықтары мен ластықтарына тоқталып: «Мендей адам ол сияқты адамға бият етпейді»,- деді.

Ашура күнінің таңында қақтығыстың басында имам: «Алламен ант етемін, олар менен бағынуды қалайды, бірақ мен Алланы өз қаныма былғанып көрсем де, олардың талаптарын қабылдамаймын»,- деді. Кербалада айтылған келесі құтпасында Куфенің әскерлеріне арнап, Ибн Зиядтың бият ету, яғни бағыну туралы талабын қабылдамауы туралы: «Ибн Зияд мені өлім мен қорлықтың ортасына қойды. Менің қорлықты таңдамайтыным анық. Қорлықты Алла мен Алланың елшісі және пәк имамдар, сондай-ақ абыройлы адамдар қабылдамайды. Олар қорлықта өмір сүруден гөрі абыроймен шәһид болуды таңдайды»,- деді. Хур әскерімен бетпе-бет келген кезде басқалардың қысымының астында өмір сүруді қорлық деп атап: «Мен өлімнен қорықпаймын. Өлім – ғиззатқа жетудің ең оңай жолы. Ғиззат жолындағы өлім – мәңгілік өмір. Қорлықпен өмір сүру – өлім. Мені өліммен қорқытасың ба? Қатты қателесесің. Менің болмысым өлімнен қорқып, зұлымдыққа төзуден жоғары. Алланың жолындағы өлім қандай жақсы. Бірақ, сендер мені өлтірумен менің ғиззатым мен беделімді жоя алмайсындар. Өлімнен не үшін қорқамын?»- деді. Мұндай абыройға толы көңіл-күйге перзенттері мен бауырлары және серіктері де ие болды. Ибн Зиядттың аман қалдыру уәдесін Аббас бен Әли мен бауырларының қабылдамауы  да ғиззаттың белгісі еді. Егер Ибн Зиядтың уәдесін қабылдаса, тірі қалуы мүмкін деп айтылды. Яғни, имамның қорлықтан босататын өмірінің орнына Абдолла бен Зиядтың міндетсуін қабылдау болатын еді. Олардың ғиззаттары аман қалдыру туралы уәдені қабылдамады: «Шемрге өлім! Сені мен сенің уәдеңе Алланың лағынеты тисін. Әй, Алланың дұшпаны, кәпірлерге бағынып, зорлық-зомбылықты қабылдап, бауырымыз Хусейн (ғ.с.)-ды қолдаудан бас тартқызғың келеді ме?»

Имам Хусейн (ғ.с.)-ның қарапайымдылығы айтарлықтай болды. Рауаяттардың бірінде: «Күндердің бірінде имам Хусейн (ғ.с.) дастархан жайып, соның айналасында тек нан жеп отырған кедейлердің қасынан өтіп бара жатқан кезде олар имамды көріп, дастархандарының басына шақырады. Имам еш нәрсе деместен, олардың қасына отырып, бірге тамақтанады. Біраздан кейін имам олардан: «Сендер менің шақыруымды қабылдайсыңдар ма?»- деп сұрайды. Дастархан басындағылар келіседі. Содан кейін барлығы орындарынан тұрып, имаммен бірге хазіреттің үйіне барады. Имам Хусейн (ғ.с.) үйінде бар барлық нәрсемен оларды күтеді. Адамның ахлақи құндылықтарының бірі – сабыр. Имам Хусейн (ғ.с.) – сабырдың кемел үлгісі. Ол адамзат үшін сабырдың үлгісін бүкіл өмірі мен ғамалдарында көрсетті. Имам Ашура күні әскери қысым, шөл және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келген кезде серіктеріне: «Уа, адамгерішілік пен абыройдың перзенттері! Сабыр сақтаңдар. Өлім – бізді қиындықтар мен ауыртпалықтардан  жаннат пен мәңгілік нығметтерге қаарй жеткізетін көпір»,- деді.

 

Уақыт өткен сайын имамның қиындықтары артқанымен, имам сабыр сақтады. Дұшпанның әскерлерінің бірі: «Хусейнді (ғ.с.) Ашураның ең ауыр сәттері мен соғыс кезінде көрдім. Алламен  ант етемін, еш уақытта перзенттері, жанұясы мен серіктерінен айырылған кезде Хусейннен батыл және табанды адамды көрмедім»,- деген болатын. Кербала даласында жиналғандардың айтуынша сабырдың ең жоғары деңгейі имам жерге құлаған кездегі хазіреттің өмірінің соңғы сәттерінде байқалды. Имам сол кезде: «Уа, Алла! Сынағыңның алдында сабыр сақтаймын. Өзіңнен басқа Құдай жоқ, уа пана іздеушілердің Панасы!. Өзіңнен басқа Құдай жоқ. Өзіңнің үкіміңің алдында сабыр сақтаймын»,- деді. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның  келесі ерекшелігіне теңдессіз ержүректілігі жатады. Имам Хусейн (ғ.с.) Ашура күні соғысып, барлық серіктері мен жақындарынан айырылды. Жақындарынан айырылу мен шөл мен аштық кез келген адамға қысым жасайды. Бірақ мұның барлығына қарамастан, имам дұшпандарға қарсы батыл шабуыл жасап, оларды құлатты. Ашура оқиғасын көргендердің бірі: «Хусейннен артық батыл ешкімді көрмедім. Ол шабуыл жасаған кезде дұшпандар арыстанды көрген әлсіз хайуандар сынды қашты»,- деп айтқан болатын. Мысырдың жазушысы Аббас Махмуд Ақад бұл туралы: «Адамдардың арасында Ашура күнгідей Хусейн (ғ.с.)-нан батыл адам болмады»,- деп жазды. 

 Имам Хусейн (ғ.с.)-ның келесі ерекшелігіне мүнәжәт пен ғибадатқа ғашық болуы жатады. Бұл илаһи құлшылықтың айқын белгілерінің бірі саналады. Имам Ашура қарсаңындағы түнде жан-жақтан қоршауға түсті. Дұшпандар шабуыл жасауға дайын болған кезде хазірет Аббасты басқа екі серігімен бірге дұшпанға жіберіп, түнді намаз бен ғибадатта өткізу үшін соғысты келесі күнге шегіндіруді сұрайды.  Тақуалық пен пәктіктің және адамгершіліктің үлгісі, исламның ұлық пайғамбарының естелігі Имам Хусейн (ғ.с.) өздерін исламның шариғаты мен Құранның жақтастары санаған адамдардан бір түнді намаз оқып, Алламен сырласуға шақырып: «Бұл түнді мұрсат санаңдар. Алла менің намаз бен Құран оқуды және Онымен сырласып, кешірім сұрауды жақсы көретінімді біледі»,- деді. Имам Хусейн (ғ.с.) бұл түнді намаз оқумен өткізді. Ол ең көркем және ең кемел намазын Ашура күнінің түнінде оқыды. Өмірінің ең соңғы сәтінде садақтан жіберілген үш басты оқ хазіреттің жүрегіне қадалған кезде ол намазын ниет етті. Атынан жерге құлаған кезде тәкбірін айтты. Қиямын аяғында тұрып, рукуһын құлап бара жатқан кезде жасады. Ол құнұтын айту үшін екі қолын көтеріп: «Уа, Жоғары мәртебелі  әрі Ұлы  Алла! Құдыретін теңдессіз, азабың қатты. Сен еш нәрсеге мұқтаж емессін. Мен пайғамбарыңның перзентімін. Мына адамдар бізбен соғысты. Бізді қолдамай, керісінше бізді өлтірді»,- деді. Содан соң сәждесін жасады. Сәждесі қасиетті бетін жерге тигізуі болды. Жаны шығып бара жатқан кезде сәлемін айтты. Басын жерден көтерген кезде басына оқтар тиді. Басын найзаға көтерген кезде «Кәһф» сүресін оқып жатқаны естілді...

 

 

Sep 21, 2017 00:12 Asia/Almaty
Сараптама