• Аятолла Хаменеи Иран Армиясы әуе күштерінің өкілдерімен кездесті

Хиджри шамси күнтізбесі бойынша 1357 жылдың бахман айының 19 күні (1979 жылдың ақпан айы), яғни, Иран халқының Ислам революциясының жеңіске жетуінен үш күн бұрын тәуелді Пехлеви режимі халықтың жеңісінің алдын алу үшін соңғы әрекеттерін іске асырып жатқан кезде армияның әуе күштерінің өкілдері имам Хомейнимен кездесіп, хазіретке адалдықтарын жариялады.

Бұл оқиға қатты шу шығарып, келесі күні газеттердің басты тақырыбына айналды. Пехлеви режимінің Премьер-министрі  Бахтияр теріске шығарған, керісінше имам Хомейни растаған бұл тарихи оқиға Иран Ислам революциясын жақындатып, Бахтиярды салтанаттық режимге белсенділігін жалғастыруға қатысты үмітін үзген хабарлардың бірі болды. Имам Хомейни армия әуе күштері өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Алланың нығметінің қадірін түсініп, Құранға сүйенген сендер жарайсыңдар. Тағұт үкіметінен кетіп, Алланың үкіметіне қосылған сендер жарайсыңдар. Тағұт үкіметінің орнына исламдық адамгершілік пен әділет негіздеріне сүйенген үкімет орнатылғанша бұл  қозғалысты қорғаңдар»,- деді. Жыл сайын сол тарихи адалдықты жариялаудың жылдығында Иранның Армия әуе күштері Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісіне адалдықтарын қайталады. 

 Бұл тарихи сурет патша армиясының әуе күштері өкілдерінің имам Хомейнимен кездесіп, хазіретке адалдықтарын жариялағандарын көрсетеді

Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Армия әуе күштерінің қолбасшылары және қызметкерлерімен кездесуінде әуе күштерін елдің және Ислам республикасы жүйесі күш-қуатының ең маңызды күштері деп атап, әуе күштері қатарында қызмет ететін жастарға илаһи көмек пен табыс тіледі. Аятолла Хаменеи 19 бахманды Армия әуе күштерінің мақтан тұтатын және Иран үшін маңызды күн деп атап: «19 бахман тек мақтан тұтатын оқиға ғана емес, бұл – айбындылық, адамгершілік пен жанкештілік жарқырайтын күндердің бірі. Бұл күн жыл сайын қайталанып, жыл сайын оған ерекше назар аударылып, ол революцияның қорын арттырып, революцияның негіздерін одан сайын нығайта түседі»,- деп қуаттады.

Аятолла Хаменеи Иран Армиясы әуе күштері өкілдерімен кездесті

Иранның бүкіл қарулы күштерінің Бас қолбасшысы аятолла Хаменеи Ислам революциясын күннен күнге алға ілгерілеп, кемелдікке жетіп, революция жасағандардың өздерін таңғалдырып, дұшпанды ызаландыратын шындық деп атады. Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабаларын, яғни Исламның басындағы төңкерісшілерді сипаттап: «... Бұл бас жарып, сосын қуаттанып, жуандап, өз сабағында тік тұрған егін сияқты. Бұл (мысал) егіншілерді таңырқатып, онымен кәпірлерді ызаландыру үшін..»,- деді («Фатх» сүресі, 29-шы аяты). Революцияның бірінші күндері көңіл-күй мен ерлікке толы болды. Бірақ, қазіргі таңда революция алғашқы күндеріне қарағанда мықтырақ, бүгінгі революционерлер революцияның алғашқы күндеріндегі күрескерлермен салыстырғанда төзімдірек, хабардар әрі қырағы»,- деп баса айтты.

Ислам революциясының жетекшісі революция дұшпандарының қастықтарының себептерін 40 жылдағы революцияның негіздерімен байланыстырып: «Иранның тағұт үкіметі революциядан бұрын АҚШ пен оның одақтастарына тәуелді болды. Елдің саясаты мен экономикасы солардың қолында болды. Ислам революциясының жеңіске жетуімен АҚШ бұл аймақтағы базасынан айырылғандықтан, бізге дұшпандық білдіруде. Дұшпанның мақсаты табандылық пен тұрақтылықтың алдын алу. Дұшпан осы мақсатына жету үшін кез келген құралды пайдалануға талпыныс жасауда. Олар Иран халқының ой-пікіріндегі революция негіздерін өзгерту үшін барлық мүмкіндіктерін пайдаланды. Алайда бұл халық революцияның негіздерін қолдап, 22 бахман немесе 9 дей шерулеріне жаппай қатысып, дұшпанның жобаларын залалсыздандырды. Илаһи рақыммен биылғы 22-ші баһман бұрынғыға қарағанда керемет өтеді. АҚШ пен одан тыс елдердің кейбір басшыларының бос сөздеріне  байланысты халық дұшпан тасада тығылып,  қастық жасауды көздеуде деп ойлап отыр. Сондықтан, илаһи күштің арқасында халықтың биылғы 22-ші баһман шеруіне қатысуы бұрынғыға қарағанда ауқымдырақ әрі шаттыққа толы кеңістікте өтеді»,- деп айтқан болатын.

Иран Ислам революциясының жетекшісі тәуелсіздік пен азаттықты Ислам республикасы жүйесінің негіздері деп атап: «Кейбір негіздер бойынша ілгерілегенімізбен, осы уақытқа дейін қоғамдық әділет пен ғылым мен технология салаларында ойлағанымыздай дами алған жоқпыз. Бұл салаларда жақсы жетістіктер болғанымен, әлі де мақсатымызға жетпедік»,- деді. Аятолла Хаменеи әділетті саяси, экономикалық, ішкі және халықаралық салалардағы «абсолютті құндылық» деп атап, сондай-ақ әділетке жету үшін жемқорлықпен күресу қажет санап: «Біздің басшымыз болған хазірет Әли (ғ.с.)-ның үкіметі кезінде бұл маңызды мәселеге ерекше назар аударылды. Әртүрлі органдар, елдің барлық басшылары бұл маңызды мәселеге көңіл бөліп, зұлымдықтан бойларын аулақ салуы керек»,- деп қосты.

Аятолла Хаменеи әлемде әділетке жету үшін халықаралық деңгейде жемқорлықпен күресіп, залымға қарсы шара қолдануды қажет деп санап: «Бүгінде дүниедегі ең залым және ең рақымсыз үкімет – АҚШ үкіметі. Бұл үкімет тіпті ДАИШ-тен де үрейлі, өйткені АҚШ-тың қазіргі үкіметінің мойындауынша, АҚШ ДАИШ-ты құрып, оған қару-жарақ, қаржылай және басқа да қолдаулар көрсетуде»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі  ДАИШ-тың қылмыстарына, соның ішінде жантүршіктірерлік азап-қорлықтарына тоқталып: «АҚШ-тың үкіметке тәуелі кейбір Блек Уотер пен соған ұқсас ұйымдары адамдарға зорлық-зомбылық көрсетіп, ДАИШ лаңкестерін жаттығудан өткізеді»,- деді. Иранның бүкіл қарулы күштерінің Бас қолбасшысы АҚШ-тың 70 жыл бойы сионистердің палестиналықтарға және Сауд Арабиясының Йеменге қарсы қылмыстарын қолдағанына тоқталып: «АҚШ – әлемнің ең рақымсыз және ең қатыгез үкіметі. Жарнамаларында өздерін адам құқығы  мен мазлұмдардың жақтасы, сондай-ақ хайуандардың құқықтарын  қорғаушы етіп көрсетеді»,- деді.  Ислам революциясының жетекшісі  АҚШ-тың Сауд Арабиясының Йеменге қарсы қылмыстарын қорғауына тоқталып: «АҚШ өкілі бірнеше темір бөлшекті көрсетіп: «Бұл – Иранның йемендік күресшілерге жіберген зымыранның бөлшегі» деді. Йемендік күресшілер қоршауға алынуда. Оларға еш нәрсе жеткізетін мүмкіндік жоқ. Егер мүмкін болғанда бір зымыранның орнына 100 зымыран берер едік. Бірақ оларға еш нәрсе жеткізу мүмкін емес. Біз қарсыласу шебін қорғап, АҚШ-қа өз мақсаттарына жетіп, қарсыласу ағымын құртуға көмектеспейміз»,- деп баса айтты.

Аятолла Хаменеи Ислам республикасы жүйесінің ең үлкен ұпайы ретінде оның «халықтық» болуын атап: «Кейбір ағымдар ежелден халықтық деп аталғанымен, олар халықты танымады, халық та олардың сөздерін түсінбеді. Бірақ халық имам Хомейнидің сөзін тыңдап, түсініп, соңынан ерді. Имам халықты және халық имамды түсінді. Халық жыл сайын 22 бахман күні ерлік көрсетіп келеді.  Халық тіпті наразылық көрсеткен кезде де өздерін бүлікшілерден бөліп, дұшпанға қарсы тұрды. Халықтың дауысын есту керек. Халықтың шағымы жемқорлық пен кемсітушілікке байланысты. Бұл – халықтың сөзі. Халық көптеген қиындықтарға төзіп келеді. Халықтың шағымдарына атқарушы, сот және заң шығарушы биліктің басшыларын шынайы назар аударуы керек»,- деді.

Ислам революциясының жетекшісі баяндамасының соңғы бөлімінде: «Қарулы күштер күннен күнге өздерін дамытуы керек»,- деп, біріншіден адами фактордың дамуын қуаттап, және хазірет Әли (ғ.с.) әскерінің қолбасшысы Малек Аштардың ерекшеліктеріне тоқталып, исламдық жүйенің таразысын мүмін, батыл және жанкешті адамның дұшпанға қарсы тұратын құдыреті деп атады. Аятолла Хаменеи содан соң жабдықтарды дамыту қажеттілігіне тоқталып: «Революцияның басында жиһадтың армия әуе күштері, яғни 19 бахман ерлігін тудырғандардан басталды. Қазіргі таңда да жабдықтар саласында өзін өзі қамтамасыз ететін қабілетке жету әлеуетіне ие. Біліңіздер, жеңіс – сіздердікі. Жылдар бойы орын алған оқиғаларда жеңіс революцияшыл күштердің несібесі болды. Келешекте  де сіздердің жеңістеріңіз дұшпанның көзіне тікен болып қадалады»,- деді.

 

 

Тегтер

Feb 19, 2018 03:49 Asia/Almaty
Сараптама