• Сауд Арабиясы мен Израиль және АҚШ-тың әсірешіл ұшбұрышының Ирактағы мақсаттары

Таяу Шығыстағы басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласу, тіпті зорлық-зомбылық көрсетіп, тұрақсыздық орнату арқылы аймақтағы өз мақсаттарының жүзеге асуын қадағалап отырған Сауд Арабиясы, Израиль мен АҚШ қауіпті үшбұрыш құрған. Бұл бағдарламамызда осы "әсірешіл үшбұрыштың" Ирактағы мақсаттарын жете қарастырамыз.

Сауд Арабиясы мен Ирак ортақ шекараға ие. Бұл Сауд Арабиясының құрлықтағы ең ұзын шекарасы саналады. Сауд Арабиясының Иракқа қатысты саясаты өте маңызды. Сауд Арабиясы Саддам режимімен бейбіт қарым-қатынас құрмағанына қарамастан, АҚШ-тың Иракқа қарсы соғысы мен Саддам режимінің биліктен кету жағдайына айтарлықтай разы болмады. Себебі, Риядтың көзқарасы бойынша, мұның алдында Иран мен Ирак бір-бірмен дұшпан болған жағдайда Саддам режимінің құлауы ИИР-ның Ирактағы ықпалының артуына себеп болды.

Сауд Арабиясы Иракта екі стратегияны көздеді: біріншісі – қуатты шиіттік үкіметтің құрылуына жол бермеу, екіншісі – ИИР ықпалының артуының алдын алу.

Сауд Арабиясы Иракта қуатты шиіт үкімет құрылуының алдын алу үшін сүниттік саяси топтарға қолдау көрсетуді өзінің күн тәртібіне енгізіп, әсіресе, сайлау науқаны кезінде осы топтарға жан-жақты қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Ирактағы сүниттік жамағатты осы ел үкіметіне наразы күйде сақтауға талпыныс жасады. Сауд Арабиясы Иракта қалған Баас режимінің қызметкерлері және сүниттер мекендейтін аймақтардағы тайпа басшыларымен байланыс орнату арқылы Ирактағы наразылықтың етек жаюына себеп болып, сол наразылықтар толқынын бүлік, әлеуметтік тынышсыздық пен үкіметке қарсы шерулерге қарай итермелеп, оларға жетекшілік етті.

Рияд Иракта күрдтердің көптеп мекендеу факторын да осы ел үкіметін әлсірету мақсатында пайдаланып отыр. Сауд Арабиясының Ирактың Күрдістан аймағындағы ықпалы соңғы жылдары арта түскен. Арабстан Ирактың Күрдістан аймағының бөлініп шығуы туралы референдум өткізуге қатысты Ирактың территориялық біртұтастығын сақтау жөніндегі мәлімдеген саясатын қуаттағанымен, іс жүзінде референдумның өткізілуі мен Ирактағы ішкі қайшылықтардың шиеленісуіне риза болды. Осылайша, Сауд Арабиясы үшін маңызды болып отырған мәселе күрдтерге қолдау көрсету емес, Иран, Түркия мен Сирияға қысым көрсету және Иракта қуатты шиіт үкіметі құрылуының алдын алу болып табылады.

Сауд Арабиясының Ирактағы ең маңызды мақсаттарының бірі Бағдадтағы ИИР ықпалының артуының алдын алу болып табылады. Себебі, Рияд Теһранды өзінің ең маңызды аймақтық бәсекелесі санайды. Рияд пен Теһранның қатынасы Малек Салман 2015 жылы қаңтарда билік басына келгеннен кейін бәсекелестіктен дұшпандыққа ауысты. Осыған байланысты, Сауд Арабиясы соңғы жылдары Иракпен арадағы қатынастарын жақсартуға талпыныс жасады. Осы мақсатта екіжақты дипломатиялық кездесулер артты. Ирактың саяси істер жөніндегі сарапшысы Весам әл-Кабисидің айтуынша, Сауд Арабиясының сыртқы саясаты айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Оның айқын нышаны ретінде Иракпен қатынастардың қайта жандануын, Ирактың әуежайларымен тікелей рейстердің ашылуын және екі ел арасындағы құрлық арқылы өтетін шекаралық кедендердің көптеп ашылуын атауға болады.

Ирактағы парламенттік сайлау қарсаңында Сауд Арабиясы сүниттік саяси топтар мен наразы шиіттік топтарға немесе зайырлы көзқарасты ұстанатын шиіттік топтарға қолдау көрсетіп, "Хашд аш-Шааби" күштерінің сайлауға қатысуына жол бермеу арқылы сайлау үдерісіне әсер етуді көздеп отыр. Сондай-ақ, Рияд Иракта шиіт ағымы басым үкіметтің құрылуына кедергі жасауға мүдделі.

АҚШ – Иракқа ықпал етуші ең маңызды аймақтан тыс алпауыт ел. АҚШ 2003 жылы Иракқа шабуыл жасап, Саддам үкіметін биліктен құлатып, Иракты америкалықтардың Таяу Шығыстағы жүйе құрудағы табысты моделі ретінде таныстырғысы келді. Алайда ДАИШ лаңкестік тобының құрылып, Ирактағы адами апаттың пайда болуы АҚШ-тың осы мақсатқа жетуде сәтсіздікке ұшырағанын көрсетті. Шынтуайтында, Дональд Трамп 2016 жылғы сайлау науқаны кезінде және Хиллари Клинтон "Қиын таңдаулар" атты кітабында осы мәселені мойындағандай, америкалықтар ДАИШ-ты құруда атқарған рөлімен қоса, АҚШ-тың өз ішіндегі тынышсыздықтарда, тұрақсыздықтар мен қайшылықтардың басым бөлігінде негізгі рөл атқарды.

АҚШ-тың Иракқа қатысты саясаты үш факторға байланысты туындап отыр: мұнай, Иран және Израиль. Ирак әлемдегі мұнай қорына бай ең ірі мемлекеттердің бірі саналады. Ирактың Мұнай министрі Джабер әл-Лаиби 2017 жылы ақпанда: "Ирактағы мұнай қорының көлемі алдыңғы есептеу көрсеткішінен, яғни 143 миллиард баррельден 153 миллиард баррельге артқан",- деп мәлімдеді. 2018 жылдың қаңтар айында Ирак Мұнай министрі Ирактың күніне 4,3 миллион баррель мұнай өндіретінін айтты.

Ирактың мұнай ресурстарына қол жеткізу АҚШ үшін аса маңызды болып отыр. Сонымен қатар, АҚШ ИИР-ның Иракқа ықпалына наразы болып, Ирак үкіметіне қысым көрсету арқылы ИИР ықпалы күшеюінің алдын алуға талпыныс жасап жатыр. АҚШ үкіметі осы маңызды мақсатын жүзеге асыру үшін бір жағынан Иракта қуатты шиіт үкіметінің құрылуының алдын алуға күш салса, екінші жағынан Ирактың өзінде ИИР-ның қауіпсіздігіне әсер ететін күрдтердің өз алдына бөлініп шығуы секілді ішкі қайшылықтарды қолдап жатыр. АҚШ үкіметі Ирактың Сауд Арабиясы және БАӘ секілді Вашингтонға жақын араб елдерімен қатынастарын жақсартуға талпыныс жасауда. Осы мәселеге байланысты Ирактың саяси істер жөніндегі сарапшысы Весам әл-Кабисидің пайымдауынша, араб елдері халықаралық келісім арқылы, әсіресе АҚШ-пен келісу арқылы Ирактағы саяси теңгерімде тепе-теңдік орнатуға күш салып жатыр. Бұған қатысты АҚШ-тың тәсілі Иранның Ирактағы теңгерімге ықпал етуінің алдын алуға негізделіп, Ирак пен Сауд Арабиясы қатынастарын нығайтуға шоғырланған.

АҚШ үкіметінің "Хашд аш-Шааби" күштеріне қарсылығы әсерсіз болғандықтан, Вашингтон ДАИШ-тен кейінгі кеңістікте "Хашд аш-Шаабидің" Ирактың саяси және қауіпсіздік билігі құрылымына қатысуына тосқауыл жасауға күш салып отыр. Себебі, АҚШ "Хашд аш-Шаабиді" ИИР-на жақын күштердің бірі санайды. Осыған байланысты Араб әлемінің әскери-стратегиялық мәселелер жөніндегі сарапшысы Амин Хатит былай дейді: "АҚШ Иранның Ирактағы ықпалын бәсеңдетуге талпыныс жасауда. Сондықтан Ирактағы "Хашд аш-Шааби" күштеріне соққы беру үшін өзінің бар әлеуетін пайдаланып жатыр". Сонымен қоса, АҚШ "Хашд аш-Шаабидің" Иракта билікке қол жеткізуіне тосқауыл жасау арқылы аймақтағы қарсыласу өзегінің күшеюіне кедергі жасамақ. Себебі, АҚШ-тың аймақтағы ең маңызды мақсаты сионистік режимнің қауіпсіздігі мен мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.

АҚШ та 2018 жылдың мамыр айында Иракта өткізілетін парламенттік сайлауда шиіттік ағым басым болатын үкіметтің құрылмауын, ИИР-на жақын саяси топтардың жеңіске жетуіне тосқауыл жасауды, премьер-министр қызметіне ИИР-на жақын тұлғалардың тағайындалуының алдын алу және де сүниттік ағымдағы саяси топтардың орны мен ықпалын нығайтуды қадағалайтын болады.

Израиль режимі бар назарын Ирактағы күрдтердің мекендеу факторына шоғырландырған. Тек Израиль ғана Ирактың Күрдістан аймағының бөлінуі туралы референдум өткізуді ресми түрде қолдаған ел болды. Израильдің Ирактың Күрдістан аймағының өз алдына бөлініп шығуын қолдауы Бен-Гурионның "Шалғай аймақтар одағы" (The Alliance of the periphery) атты теориясына сәйкес келеді. Бұл теория бойынша, сионистік режим мұсылман елдеріндегі наразы тайпалық және діни топтар арасындағы ықпалын арттырып, Таяу Шығыста жаңа одақ құру мақсатында осы топтардың бөлінуге бағытталған әрекеттеріне қолдау көрсетеді. Қазіргі жағдайда сионистік режим теориясының нысанаға алған ең маңызды топ Ирактағы күрдтер болып табалады. Сондықтан Израиль кабинеті әшкере түрде Ирактың Күрдістан аймағының бөлінуін қолдап отыр.

Сионистік режим де Сауд Арабиясы мен АҚШ секілді Иракта қуатты 
орталық үкіметінің құрылуы мен Иран Ислам Республикасының Бағдадтағы ықпалының күшеюіне қарсы болып отыр. Израильдің қауіпсіздік күштері Ирактың Күрдістан аймағында сауда-экономикалық компаниялардың атын жамылып, өздерінің бүлдіргі әрекеттерін ілгерілетіп отыр. Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитетінің мүшесі Хешматолла Фалаһат Пише: "Израиль Палестина мәселесі көлеңкеде қалу үшін Ирактың Күрдістан аймағының бөліну мәселесі ислам әлеміндегі мәңгі қайшылықтар пен тұрақсыздықтың факторына айналуын талап етуде",- деді. Сондай-ақ, Израиль Ирактың Күрдістан аймағында орналасқан мұнай ресурстарына да көз тігіп отыр.

Жалпы алғанда, Сауд Арабиясы, АҚШ пен сионистік режимнен құралған "әсірешіл үшбұрыш" Иракта шиіттік емес үкіметтің құрылуы немесе кемінде шиіттік ағымдағы қуатты Орталық үкіметтің құрылуының алдын алуды, ИИР ықпалының күшеюін тоқтатуды немесе кем дегенде оның алдын алуды көздеп отыр. Бұл елдер осы екі мақсатын жүзеге асыру үшін, тіпті Ирактың түрлі аймақтарындағы бүлікке, зорлық-зомбылық пен лаңкестік амалдар мен жарылыс ұйымдастыруға қолдау көрсетіп отыр. Бұл жағдай 2014 жылы ДАИШ лаңкестік тобының Ирак жерінің басым бөлігін басып алу барысында өзінің шарықтау шегіне жеткен болатын.

 

Mar 11, 2018 10:29 Asia/Almaty
Сараптама