Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде имам Мұхаммад Бағердің (ғ.с) өмірімен таныстыруды жалғастырамыз!

Өткен бағдарламамызда имам Бағердің (ғ.с) өз кезеңінде мәдени революция ұйымдастыруға негіз жасау үшін жасаған әрекеттерінен екі жайтты баяндап, ол хазіреттің сол мақсатта қолданған әдіс-тәсілін талдаған болатынбыз. Олардың бірі Аһле бейттің алатын жоғары орнын сипаттау болса, екіншісі олардың қасиетті болмысына деген сүйіспеншілік пен достық рай білдіру болды. Бұл екі қадамды мәдени революцияның іргетасы деп атауға болады. Әсіресе, Әмави әулетінің билеушілері өздерінің үгітттеушілері арқылы белгілі бір дәрежеге дейін бұл тіректерге нұқсан келтірген болатын. Бесінші имамның (ғ.с) жасаған келесі маңызды әрі негізгі қадамы Әмәви әулетінің сананы тұмандату мен теріс бағыттағы әрекеттеріне байланысты діни жетекші мен имамнан алыстап кеткен қарапайым халықтың өзімен тікелей байланыс орнату болды. Негізінен, мұхаммадтық (с.ғ.с) таза ислам дінінде қарым-қатынастарды нығайтып, пікір алмасу мүмкіндігінің болуы және имамның үлгі-өнеге ретінде қоғамда  ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, оған жетекшілік ету үшін ислам үмбеті мен имамның арасында терең байланыс орнауы қажет. Өзімшіл әрі халықтан алыс болған билеушілер осы әдіске қарама-қайшы қоғам мен жетекші арасында алшақтық тудыруға күш салып, халықтың діни жетекшімен байланысын бұзып, жетекшінің ықпалына наразылық білдіріп отырған. Сол себепті Әмәви әулетінің үстемшіл билеушісі Хишам ибн Абдулмалек Ирак халқының басым бөлігінің имам Бағердің (ғ.с) айналасына жиналғанын көргенде, ол хазіретті жақсы білсе де, өзінің жанындағы адамдардан: "Айналасына халық жиналып, оған сұрақ қойып, пікірін сұрайтындай бұл қандай адам?",- деп сұрайды. Сол жерде болған көреген бір адам батыл және ашық түрде: "Ол – Куфаның пайғамбары, Алла елшісінің (с.ғ.с) ұрпағы саналатын Бағер әл-Улум (білім есіктерін ашушы), және Құран мен ислам тағылымдарының тәпсіршісі",- жауап береді.

Имам Бағер (ғ.с) Хишамның сезімталдығына қарамастан тек мұсылмандармен жақын байланыс орнатуымен қоса, қарсыластармен де пікірталасқа түсіп, қоғамда ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, өзінің ұлылығы мен ғылыми деңгейін көрсетіп, серпінді исламдық ойларды тарату үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланып отырған. Бір күні хазірет бір жерден өтіп бара жатып, бір топ адамның жиналғанын көріп: "Бұлар кімдер?",- деп сұрайды. Сонда: "Бұлар өздерінің діни мәселеге қатысты сұрақтарын қойып, қиындықтарын шешу үшін жыл сайынғы жиындарында бас қосқан христиандық монахтар мен діни қызметшілер",- деп жауап береді. Имам Бағер (ғ.с) сол жиналған қауымның басқосуына өзін таныстырмай қатысады. Бұл хабар Әмәви әулеті сарайының тыңшылары арқылы Хишамға жетеді. Хишам өз адамдарына сол жиынға қатысып, имамның әрекеттерін жақынан бақылауға бұйрық береді. Ұзақ уақыт өтпей, жиынға епископ келіп, жиналысты жүргізеді. Ол жиналған қауымға көз жүгірткен кезде назары имам Бағерғе (ғ.с) түсіп: "Сен христиансың ба, әлде мұсылмансың ба?" деп сұрайды. Сонда хазірет: "Мұсылманмын",- деп жауап береді. Епископ: "Мұсылмандардың ішінде данышпандардың қатарына жатасың ба, әлде надан халықтың бірісің бе?",- деп сұрайды. Сонда имам: "Надан емеспін",- дейді. Епископ: "Алдымен мен сұрақ қояйын ба, әлде сіз сұрақ қоясыз ба?",- деп сұрайды. Сонда хазірет: "Егер қаласаңыз, алдымен сіз сұрақ қойыңыз",- дейді. Сол кезде епископ ойына келген қиын сұрақты қойып, оған қанағаттандырарлық жауап естиді. Сол мезетте жиналған қауымға: "Мені масқара етіп, мұсылмандардың бізден жақсырақ әрі дана екенін білуі үшін ғылыми және діни деңгейі менен жоғары данышпанды осында алып келдіңдер ме?",- дейді.

Осы оқиға Дамаск қаласында тез тарап, Шамдағы мұсылмандардың шаттық пен қуанышқа бөленуіне себеп болады. Хишам имамның мақтан тұтарлық жеңісіне қуанудың орнына, имамның ғылыми және рухани беделінен одан бетер үрейленіп, қатаң наразылық білдіреді. Ол имам Бағерді (ғ.с) Шамда қалдырмай, Мединеге қайтуына бұйрық береді. Алайда, Хишам бұл шарасымен шектеліп қалмай, өз қолбасшыларының бірі Мәдине қаласының қолбасшысына: "Абу Турабтың ұлы Мұхаммад ибн Әли баласымен бірге менің жаныма келген еді. Ол менің бұйрығыммен Мединеге қайтпастан бұрын, христиандық діни қызметкерлерге барып, христиандық ағымға бет бұрып, христиандардың қатарына қосылды. Бірақ, мен өзімнің онымен туыстық байланысым үшін оны жазаламауға шешім қабылдадым. Олар сіздің қалаға жеткенде, халыққа менің оларды жек көретінім туралы айтыңдар",- дейді.

Бесінші имам Хишамның теріс үгіт-насихаттарын залалсыздандыру мақсатында тыным таппай, ағартушылық сөздерінде дұшпанның ұзаққа бармай, құрдымға кететін билігінен қорықпастан халыққа былай дейді: "Уа, халайық! Қайда бара жатырсыңдар? Сендерді қандай ауытқыған бағытқа жетелеп жатыр? Сендердің ата-бабаларыңа біз жетекшілік жасағанбыз. Егер әрбір істеріңнің соңы бақытқа жеткізіп, жамандықтан құтылу жолында қадам жасағыларың келсе, бәрі бізге келіп тіреледі. Билік тізгіні қысқа уақытқа солардың қолында. Алайда, халықтың жүрегі мен санасына билік ететін мәңгілік билік тізгіні бізге тиесілі екенін білгендерің жөн. Біздің шынайы билігімізден кейін ешқандай билік болмайды. Құдай бұл жайында: "Негізінде соңғы табыс тақуалар үшін",- деп айтқан («Қасас» сүресі, 83-аят)".

Бесінші имамның (ғ.с) дана ұстанымдары мен қоғамды діни және саяси тұрғыдан хабардарлығын арттыруы күн өткен сайын халықтың имамға деген сүйіспеншілігінің арта түсіп, халықтың қоғамдағы орын алып жатқан мәселелерден хабардар болуы үшін ол хазіретпен жүздесіп тұруына себеп болған. Имам Бағердің (ғ.с) жақын жолдастарының бірі бұл жайында: "Имамның қасында болған кезде ол хазіреттің үйіне біраз адам жиналды. Кейін қолына таяқ ұстаған қарт кісі үйге кіріп, үйдің табалдырығында тұрған күйде: "Уа, Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағы! Сізге Құдайдың сәлемі мен игілігі болсын!,- деді. Сонда имам оған: "Саған да Алланың сәлемі мен игілігі болсын!",- деп жауап берді. Сол кезде қария басқа адамдармен сәлемдесіп болғаннан кейін имам Бағерге (ғ.с) былай дейді: "Құдайдың атымен ант етемін, мен сізді қатты жақсы көремін. Сіздің жолдастарыңызды да жақсы көремін. Менің сізге және достарыңызға деген бұл махаббатым мен сүйіспеншілігім дүниеқұмарлық мақсатта емес. Мен сізді Құдайдың разылығы үшін жақсы көремін. Құдайдың атымен ант етемін, сіздің дұшпандарыңыздан қатты қажыдым. Мен де олардың дұшпанымын. Сіз халал деп таныған нәрсе мен үшін де халал саналады. Ал сіз харам деп таныған нәрсе мен үшін де харам саналады. Мен сіздердің, яғни Аһле бейттің бақытқа кенелуін тілеймін. Уа, Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағы! Осы қасиеттеріммен менің құтқарылуыма үміт бар ма?",- деп сұрайды. Сонда имам Бағер (ғ.с): "Ілгері кел! Жақында!",- деп оны шақырып, қасына отырғызады. Сосын: "Бір кісі әкем Әли ибн әл-Хусейнге (ғ.с) келіп, дәл сенің сұрағыңды қойған. Әкем ол сұраққа жауабында былай деді: "Егер дәл осы сеніммен дүниеден озсаң, Пайғамбар, имам Әли, имам Хасан, имам Хусейн мен менің қатарыма қосылып, жүрегің тыныштық табады. Шаттыққа бөленіп, көзің нұрлана түседі. Біздің амалдарымызды жазып жүретін періштелермен кезігіп, бізбен қатар отыратындай бақытқа бөленесің",- дейді. Сонда осындай үміттендіруші сөздерді еститінін күтпеген қария таңырқаған күйі: "Уа, Пайғамбардың (с.ғ.с) ұрпағы! Не дедіңіз? Дұрыс естідім бе?",- деп сұрайды. Имам Бағер (ғ.с) оның дұрыс естігенін тағы да растау үшін сөзін қайталап айтады. Қуаныштан көз жасын тыя алмаған қарт қатты таңырқаған халықтың арасынан шығып кетеді. Хазірет оған ілтипатпен қарап, жиналған қауымның алдында: "Жәннаттағы адамды көргісі келетін адам осы кісіге көз салсын",- деді",- деген.

Имам Бағердің (ғ.с) қоғамдық пікірді өзіне қаратып, исламдық тағылымдарды тарату мен мәдени революцияның негізін қалау үшін барынша пайдаланған келесі бір мұрсаты ретінде мұсылмандардың ислам мемлекеттерінің жер-жерінен қажылық парызын орындау үшін Алланың үйіне келетін қажылық күндерін атауға болады. Хадисшілердің бірі: "Меккеде Қағба мен қара тастың арасында биік төбеде тұрған бір адамды және оның айналасына бір топ адамның жиналып, өздерінің күрделі сауалдарын қойып жатқанын, олар имамның жауабын естімейінше жанынан алыстамағанын көрдім. Имам қисынды әрі түсінікті жауап беріп, халықтың арасынан кетейін деген кезде бір адам дауыстап: "Ол – ғылым мен жетекшілік аспанындағы күн",- дейді. Сонда басқалар: "Ол кім?",- деп сұрайды. Әлгі адам: "Ол – Мұхаммад ибн Әли ибн әл-Хусейн ибн Әли ибн Абуталиб, яғни Бағер әл-улум",- деп жауап береді.

Имам (ғ.с) осындай халықпен байланыс орнату арқылы халыққа имаматтың жоғары орнын көрсетіп,  сондай-ақ, Әмәви әулетінің озбыр билеушілерінің қоғам мен илаһи жетекшілер арасында орнатқан жікшілдік пен алшақтықты жойып, өзінің ғылыми және рухани ықпалының арқасында таза мұхаммадтық исламның тағылымдарын тарату үшін негіз қалыптастырды.

 

 

Sep 10, 2018 15:11 Asia/Almaty
Сараптама