• Имам Хусейннің (ғ.с.) серіктері 5

Зохеир – Исламның ұлық пайғамбары сахабаларының бірі Қайн Баджалидің перзенті. Зохеир денесіне қадалған жебелерге қарамастан қарсыласты. Намаз аяқталған соң Зохеир майданға оралып, шайқасын жалғастырды.

Алла елшісі дүниеден озғаннан кейін Ислам діні үнемі өзгеру қатерімен кезікті. Барлық саяси күштер өзгерістерді өз мүдделеріне қарай бұруға  талпынды. Сөйтіп, әмәвилер, аббасилер, османдықтар мен сафавилер исламы сияқты көптеген «исламдар» пайда болды. Олар халық тұтқындық пен қорлықты және зорлық-зомбылықты қабылдайтын негізсіз исламды қалыптастырғысы келді. Имам Хусейн (ғ.с.) сондай жағдайда Исламның ғиззат пен әділет мектебі екенін көрсетіп, ерлігімен дінді мәңгілікке қалдырды.

السلام علیک یا اباعبدالله الحسین

Имам (ғ.с.) мүмін мен кәпірдің, жақсы мен жаманның, дос пен дұшпанның үстіне жауып, береке әкелетін рақым жаңбыры сынды. Даму мен жетілу қабілетіне ие әр адам соның аясында алға ілгерілейді. Имам Хусейн (ғ.с.) тек өз серіктері туралы ғана ойламай, Язид бен Муавиенің әскерін де өлімнен құтқаруға талпынды. Имам Хусейн (ғ.с.) олармен көп рет сөйлесіп,  тіпті Убайдолла бен Зияд әскерінің басшысы Умар бен Саадты дұрыс жолға нұсқап, құтқарғысы келді. Мохаррам айының тоғызыншы түні имам Хусейн (ғ.с.) серіктерінің бірін кездесіп, сөйлесу үшін Умар бен Саадтың қасына жіберді. Имам Хусейн (ғ.с.) Умар бен Саадқа: «Уа, Саадтың перзенті! Менімен соғысқың келе ме? Алладан қорықпайсың ба? Менің кімнің перзенті екенімді білесің. Қасыңдағыларды тастап, менің қасыма кел. Солай істесең, Аллаға жақындап, көңілінен шығасың»,- деді. Умар бен Саад имамның шақыруына әртүрлі сылтау айтып, мейірім мен рақымға толы ұсынысты қабылдамады. Ол имам көрсеткен бақытқа жеткізетін жолды өзінің алдынан жапты. Имам Хусейн (ғ.с.) халықты өз перзенттеріндей жақсы көрді. Сондықтан  халықты дұрыс жолға нұсқау үшін күшін аямай: «Мені мен сендер –бірсіңдер. Сендердің перзенттерің мен отбасыларың – менің перзенттерім мен отбасым»,- деген болатын. Ол өзінің дұрыс жолға нұсқау міндетін орындау жолында көптеген адамдармен қарым-қатынас орнатты. Солардың бірі Зохеир бен Қайн Баджали болды. Зохеир Куфе ақсақалдарының әрі арабтардың танымал тұлғаларының бірі еді. Оның жиһад алаңдарындағы ерлігі баршаға белгілі болды.

Зохеир – Исламның ұлық пайғамбары сахабаларының бірі Қайн Баджалидің перзенті. Бірақ, пайғамбар дүниеден озған соң Муавиенің кең ауқымды үгіт-насихаттарының ықпалына түсіп, хазірет Әлиді (ғ.с.) үшінші халифа Османның қанының төгілуіне қатысты деп ойлады. Сол себепті хазірет Әли (ғ.с.) мен хазіреттің перзенттерін жақсы көрмеді. Имам Хусейн (ғ.с.) Куфеге қарай бет алған кезде Зохеир әйелімен бірге қажылықтан Куфеге оралып келе жатқан болатын. Зохеир Куфеден шығып, Меккеге кірместен бұрын имам Хусейннің (ғ.с.) билігін мойындамағаны туралы көптеген хабар естігенімен имаммен бетпе-бет келгісі келмеді. Сондықтан қажылық рәсімдерін орындап, Куфеге қарай асықты. Зохеир ешбір үйде имаммен кездесіп қалғысы келмеді. Бірақ, талпыныстары пайдасыз болды. Зохеир мен оның кішкентай керуені имамның керуеніне жақын жердегі Зарудтың үйінде тоқтауға мәжбүр болды.

Зохаир жақындары және серіктерімен дастарханның басында отырған кезде имамның елшісі келіп, оны шақырды. Зохеир не істерін білмей, үнсіз қалғанда әйелі Долһам бент Амру: «Алла елшісінің перзенті саған адамын жіберіп тұрғанда, сен бармайсың ба?! Сұбхан Алла! Қасына барып, сөзін тыңдап кел!»- деп оның есін жиғызды. Зохеир орнынан тұрып, имамға барды. Қайтып келгенде Зохеир өзге адам болды. Ол имамның оған не айтқаны және өзінің не естігені туралы еш нәрсе айтпады. Алайда, қалай болғанда да оның тағдыры өзгерді. Зохеир шатырын жинап, оны имам Хусейн (ғ.с.) мен хазіреттің серіктерінің шатырларының қасына апарып тігуді бұйырды. Содан соң әйеліне қарап: «Сен азатсың, отбасыңа қосыла аласың. Өйткені, мен саған мен тарапымнан жақсылықтан басқа нәрсенің қалғанын қаламаймын»,- деді. Содан кейін серіктеріне бұрылып: «Араларыңда кім шәһид болғысы келсе, маған ерсін. Болғысы келмесе, кете берсін»,- деді.

Сонан кейін: «Баланджар аймағындағы соғыста Алла Тағала бізді жеңіске жеткізді. Салман Бахели бізден: «Алланың сыйлаған жеңісі мен әскери олажаларына ризасыңдар ма?»- деп сұрады. Біз: «Ризамыз»,- деп жауап бердік. Ол: «Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) әулеті жастарының басшысын түсінген кезде олармен бірге соғысып, қолға түскен олжаларға екі есе қуанасындар»,- деді»,- деген оқиғаны айтып береді. Зохеир бұл сөздердің мағынасын осы күні түсініп, барлық нәрсесін тастап, Алла елшісі мен Исламның кеңістігін қорғауға аттанды.

Зохеир имамның керуеніне қосылды. Ол керуеншілермен бірге Хиджаз бен Куфенің арасындағы шөл даладан өтті. Керуен Иракқа жетпей имамға (ғ.с.) Мүслім бен Ақил мен Хани бен Урвенің шәһид болғаны туралы  хабар жетеді. Имам Хусейн (ғ.с.) серіктерін жинап, сөз сөйлеп, Мүслім мен Ханидің шәһид болғаны туралы хабарлады. Содан соң әмәвилердің исламдық қоғамда тудырған жағдайы туралы: «Шындыққа сай ғамал етілмей, жалғандықты орындаудан ешкімнің бас тартпайтынын көрмейсіңдер ме? Сондықтан мүмін мұндай өмірден гөрі  өлім мен Жаратушысын көруді армандау құқығына ие. Сондықтан мен өлімді бақыт санаймын. Мен үшін залымдармен бірге өмір сүру қорлық болып табылады»,- деді. Сол кезде Зохеир орнынан тұрып, имамға қарап, дауысы дірілдеп: «Уа, Алла елшісінің перзенті! Біз сіздің сөзіңізді естідік. Алламен ант етеміз, егер бұл дүниедегі өмір мәңгі-бақи болып,  біз мәңгі болып, тек сізге ергеніміз үшін дүниеден кететін болсақ, сізбен бірге күресуді дүниеде қалудан артық көретін едік»,- деді. Бұл Зохеирдің ішндегісін сыртқа шығарғаны соңғы рет болмады. Ашура қарсаңындағы түнде имам Хусейннің (ғ.с.) серіктерімен өткізген соңғы жиынында Зохеир қайтадан орнынан тұрып, имамға қарап: «Алламен ант етемін, егер Алла Тағала сіз бен Алла елшісі әулетінің жастарын аман сақтаса, өліп, содан соң тіріліп, қайтадан өліп, қайта тіріліп, мың рет өліп-тірілуге дайынмын»,- деді.

Ашураның таңында имамның серіктері хазіреттің соңынан тұрып, намаздарын оқып, сауыттарын киді. Әрбіреуінің міндеті белгілі болды. Имам әскерінің сол жағының басшылығын Хабиб бен Мозахерге, оң жағын Зохеирге тапсырды. Әскери киімін киіп, атқа мінген Зохеир бен Қейс Баджали дұшпанның әскеріне қарай шықты. Бұл жолы имамның адал серігі дұшпанның ортасына барып, олардың естерін жиғыздырғысы келді. Не айтса да, дұшпаннан балағаттан басқа еш нәрсе стімеді. Олар Зохеирдің шындық сөзін тыңдағылары келмеді. Сол кезде бір адам: «Уа, Зохеир! Қайт! Имам «Өміріммен ант етемін, егер пайдасы болса, сен адасқандарға насихат жүргізіп, оларды тура жолға шақыру міндетіңді орындадың» деді»,- деген  жолдауды жеткізді. Зохеир имам Хусейн (ғ.с.)-ның басқа серіктері секілді сенімдерін қорғап, барлық уақытын басшысы мен мақсатын қорғау үшін пайдаланып, түске дейін шайқасты. Имам Хусейн (ғ.с.) намаз оқуға тұрды. Зохеир Саид бен Абдолла Ханафидің қасына тұрып, имамды қорғады. Имамның намаз оқып тұрған серіктерінің үстіне куфеліктердің жебелері жауды. Көзіне жебе қадалып, Саид жерге жығылды. Зохеир денесіне қадалған жебелерге қарамастан қарсыласты. Намаз аяқталған соң Зохеир майданға оралып, шайқасын жалғастырды. Куфеліктер Зохеирдің: «Мен, Қейннің перзенті – Зохеирмін. Қылышыммен сендерді Хусейннен алыстатамын»,- деген өлеңін естіді. Соңсоң Зохеир имамға арнап: «Бүгін сіздің атаңызды, сондай-ақ Хасанды, Әли Мұртаза мен батыл Джафар Тайорды көремін»,- деп өлеңін жалғастырды.

Соңында Зохеир дұшпанның көптеген жебелері мен жарақаттары салдарынан жерге құлап, шәһид болды. Зохеир шәһид болған соң имам Хусейн (ғ.с.) оның қасына келіп: «Уа, Зохеир! Алла сені өз мейірімінен алыстатпайды. Сені өлтіргендерді өзінің мәңгілік лағынетіне душар етеді»,- деді.

 

 

Тегтер

Oct 11, 2018 02:00 Asia/Almaty
Сараптама