• Құдс – илаһи діндердің бесігі (7)

Бұл бағдарламада Бейт ул-Мұқаддас жерлерінің тарихы мен араби болмысы және сионистік режимнің бұл болмысты жою бағытындағы әрекеттеріне тоқталамыз.

«Құдс – илаһи діндердің бесігі» атты бағдарламалар тізбегінде Бейт ул-Мұқаддастың тарихы мен бұл қаланың қасиетті мекендері, әсіресе, әл-Ақса мешітінің өткенін қарастырамыз. Бұл бағдарламалар тізбегі Дональд  Трамптың Бейт ул-Мұқаддасты Израиль режимінің астанасы ретінде тануы және АҚШ пен сионистердің қасиетті қаланы еврейлендіру талпыныстарына наразылық ретінде ұсынылып отыр. Өткен бағдарламаларда Палестина жерінің тарихы мен бұл жерлердің британиялықтардың көмегімен сионистер тарапынан басып алынуы және Израиль режимінің құрылуына тоқталдық. Осы өзгерістер барысында Құдс пен әл-Ақса мешіті ерекше орынға ие болды. Сионистер тарихты бұрмалау арқылы Құдсты өз ата-бабаларының жері ретінде көрсетуге күш салып жатқанымен, тарих олардың сөздеріне кері жағдайды көрсетеді. Тарихи кітаптар мен құжаттарда келтірілгендей, тарих бойында Бейт ул-Мұқаддастың тұрғындарының басым бөлігі арабтар болған. 13-14 ғасырларда қаланың араб тұрғындарының саны 40 мыңнан астам адамды құраған. Сондай-ақ, Хаттин шайқасында Бейт ул-Мұқаддас азат етілген кезде Құдс қаласының мұсылман халқының саны жалпы халықтың 70-80 пайызын құраған. 1181 жылы кресшілер Салахаддин Аюбиден жеңіліп, Құдс қаласы кресшілердің басқыншылығынан азат етілді. Тарихи дереккөздерде Бейт ул-Мұқаддас қаласындағы мәсиһилердің басым бөлігінің ұлты араб екені көрсетілген. Ислам дәуірінде Құдс қаласында еврейлердің саны өте аз болды. Олар бейбітшілік шартына қол қойып, екінші халифа дәуірінде амандық туралы кепілдік хатын алғаннан кейін осы қалаға келе бастады. Бұл шарт бойынша  еврейлердің Бейт ул-Мұқаддаста мекендеу рұқсаты болмаған. Алайда олар әл-Ақса мешітінде қызмет етуді сылтауратып, қалада ықпалын арттыра бастағаннан кейін Халифа Омар бен Абдолазиз еврейлердің осы қаладағы құзырына балта шапты. Арабтар Бейт ул-Мұқаддаста өткен дәуірлердің барлығында, тіпті бұл қаланы еуропалықтар басып алған кезде де мекендеген. Тіпті Құдста сақталып қалған барлық тарихи ескерткіштер арабтарға тиесілі. Бұл ескерткіштер Бейт ул-Мұқаддастың барлық аймақтары мен аудандарында кездеседі.

Ислам дәуірінде мұсылмандардың Бейт ул-Мұқаддастағы ғылыми, мәдени және өркениеттік құзырының ауқымды болғаны соншалықты, ғылым мен мағрифат іздеушілер барлық ислам аймақтарынан осы қалаға келіп жиналатын. Сионистердің еврейлердің Бейт ул-Мұқаддастағы құзырын тарихи тұрғыдан дәлелдеу үшін келтіріп отырған уәждерін зерттеу арқылы олардың Құдс тарихының маңызды кезеңдерін назарға алмайтынын, тіпті ұмытып кететінін көреміз. Әсіресе, 7 ғасырдан бастап 1967 жылға дейін Құдстың толығымен басып алынуына дейінгі бірнеше ғасырға созылған араби-исламдық билік дәуіріне көзжұма қарап отыр. Құдс қаласындағы исламдық билік шамамен он екі жарым ғасырға созылды. Бұл – Ислам пайда болғанға дейінгі Құдстың толығымен арабтарға тиесілі болған кезеңді қоспағандағы мерзім. Бұл кезеңде де түрлі өзгерістер орын алды. Сол себепті сионистердің 3 мың жыл бойы Құдстың еврейлердің астанасы болуы туралы уәжі негізсіз әрі тарихты бұрмалаушылық болып табылады. Құдсты басып алушы зорлықшыл режимнің құрылуынан бұрын сионизм қозғалысының басшылары бір күні Бейт ул-Мұқаддасты басып алу туралы армандаған болатын. Мысалы, 1922 жылы Британияның Еңбек министрі болған сионизм жетекшілерінің бірі Альфред Монд бір отырыста еврейлерге қаратып: «Сүлейменнің мүсінін қайта жасап, қоятын күн алыс емес. Мен болашақта өз өмірімді мүсінді әл-Ақса мешітінің қирандыларының үстінде орналастыру жолына құрбан етемін» деп уәде берген болатын. 1920 жылдың шілде айының жетісі күні Палестинаның әскери қолбасшысы британиялық генерал Больц Британия үкіметіне: «Палестина еврейлерінің беделді раввині Ибрахим Исхақ пен еврей дін қызметкерлерінің кеңесі және сионизм қоғамы төрағасының орынбасары британиялық үкіметтен Бейт ул-Мұқаддастың барлық жері мен әл-Ақсаны өздеріне беруді ресми түрде сұрап отыр» деп есеп берді

Әл-Ақса мешіті

 

Еврей энциклопедиясында сионизмге қатысты тарауда былай деп жазылған: «Еврейлер өз күштерін жұмылдырып, дұшпандарын Бейт ул-Мұқаддастан қуып шығуды және бұл қаланы өздерінің басшылық орталығына айналдыруды көздейді». Пырақ қабырғасының сақшылары қоғамының төрағасы «Палестина» апталығының 1939 жылы тамыз айының тоғызы күні жарық көрген алтыншы санында: «Қасиетті Құдста орналасқан мұсылмандардың әл-Ақса мешіті  хазірет Сүлейменнің қабірінің үстінде салынғандықтан еврейлерге тиесілі» деп ашық жазды. Осылайша, еврейлер Палестинада өздерінің үкіметін құрмас бұрын әрдайым мұсылмандардың алғашқы құбыласы әл-Ақса мешітін басып алуды көздеп келгені байқалады, себебі еврей раввиндерінің пайымдауынша, Әл-Ақса мешітінің қирандыларының үстіне Сүлейменнің кесенесін салып, осы мешіттің астында жатқан Тауратты алып шығу керек. Сионистік режим 1948 жылы құрылғаннан бері Құдс Шәріпке қатысты бірнеше мақсатты алға қойған болатын. Бұл мақсаттардың қатарына Бейт ул-Мұқаддас қаласын толығымен басып алу, қаланың исламдық бейнесі мен сипатын өзгертіп оны еврейлендіру және бұл режимнің астанасын Тель-Авивтен Бейт ул-Мұқаддасқа ауыстыру жатады. Сионистік режим осы мақсаттарына жету үшін араб жерлерін басып алу және тәркілеу, ислам және араб әлеміне тиесілі ескерткіштер мен тұрғын үйлерді қирату, араб тұрғындардың үрейін тудыру, саяси, экономикалық, құқықтық және қоғамдық салларда қысым көрсету сияқты әрекеттер жасап жатыр. Бейт ул-Мұқаддаста сионистік қалашық салу бағытындағы алғашқы талпыныстар 19 ғасырдың ортасынан басталып, 1930 жылы бұл жерлерде 24 қалашық салынып үлгерді. Британия да Палестинадағы мандаты кезінде Бейт ул-Мұқаддасқа қарасты көптеген жерлерді еврей агенттігіне беріп, осы мерзім ішінде Бейт ул-Мұқаддастың шығыс бөлігінде кез келген ғимарат салуға тыйым салып келді.

Сионистердің Құдс Шәріпте еврей қалашықтарын салуы

 

1967 жылғы соғыстан кейін сионистік режим Бейт ул-Мұқаддасты басып алып, арабтарды бұл қаладан шығару және қалашық салу, әсіресе, Бейт ул-Мұқаддастың шығыс бөлігінде қалашық салу арқылы бұл қаланы еврейлендіру үшін бар күшін салды. Себебі, тарихи әрі қасиетті ескерткіштер Бейт ул-Мұқаддастың шығыс бөлігінде орналасқан. 1987 жылдан бастап, Құдс жерлерін тәркілеу және қалашық салу талпыныстарының жаңа кезеңі басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл кезең сионистік режимнің сол кездегі премьер-министрі  Ариэль Шарон Бейт ул-Мұқаддастың исламдық аудандарында орналасқан арабтарға тиесілі бір ғимаратты басып алу әрекетінен басталды. 1967 жылдан бері арабтардың 32 ауылы жойылды. Оның қирандыларының үстіне сионистік қалашықтар салынды. Осы кезеңде Құдс Шәріпте еврейлерге арналған 38500-ден астам тұрғын үй салынды. 1917 жылы Британия Палестинаны басып алған кезде арабтардың Құдс жеріндегі иелігі 90 пайыз болатын. Ал еврейлер бұл қала халқының тек 4 пайызын құраған. Сионистік режим экспансистік саясаты негізінде Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторын 1967 жылы басып алғаннан кейін еврейлендіру бағдарламасын қалашық салу арқылы жүзеге асыра бастады. Сол себепті, еврейлер палестиналықтардың жерін басып алғаннан кейін Бейт ул-Мұқаддасты Иордан өзенінің батыс жағалауынан бөлу үшін 3 белдеуге еврей қалашықтарын салды. Бірінші белдеу көне қала мен оның атырабынан басталып, қаланың батыс бөліктеріне қарай созылып жатыр. Бұл белдеу қаланың тарихи бөлігінде орналасып, еврей аудандары мен ұлттық парк және оның шығыс пен оңтүстік бөліктеріндегі сауда орталықтарын қамтыды. Екінші белдеу қаланың қабырғасынан тысқары жатқан араб аудандарында, Құдс қалалық әкімшілігінің аумағында иорданиялықтардың билігі кезінде салынды. Доға қалыбында салынған бұл қалашықтар Құдс қаласын солтүстік пен оңтүстіктегі арабтар қоныстанған аудандардан бөліп тұр. Осы белдеу ішіндегі қалашықтардың саны 11-ге жетеді.  

Сионистік режим салған доға пішіндес Құдстағы қалашықтар

Үшінші белдеу Құдс қаласын басып алу және оны еврейлендіру мақсатында Израильдің ұсынған жобалары негізінде салынды. Бұл жобаның мақсаты – араб аудандарын тұрғындарынан тазарту және олардың орнына сионистерді қоныстандыру. Осылайша, 1996 жылы Құдс Шәріптің аумағының 71 пайызы басып алынды. 40 пайызы қоғамдық ғимараттар, ал қалған 31 пайызы жасыл кеңістік құру мақсатында тәркіленіп, бұл аймақтарда ғимарат салуға тыйым салынды. Алайда біраз уақыттан кейін бұл аймақтарда ғимарат салу рұқсаты еврейлерге беріліп, арабтар бұл жерге ғимарат салу құқығынан айырылды.

 

 

Тегтер

Feb 04, 2018 14:09 Asia/Almaty
Сараптама