Oct 17, 2016 22:11 Asia/Almaty

Әлем әдебиеті мен парсы халық ауыз әдебиетіндегі «Мың бір түн» кітабының маңыздылығы мен жоғары орнына және ондағы ертегілердің негізгі сюжеттерінің әралуандығына байланысты бірнеше бағдарлама барысында осы кітапты қарастыратын боламыз. Осы жолы «Мың бір түн» кітабындағы ертегілердің мазмұнына тоқталамыз.

«Мың бір түн» кітабындағы ертегілердің мазмұндары әралуан. Солардың  бірі – ғажайыптар. Кейбір ертегілерде өмір бір сәттік ғажайыптан соң пайда болады. Мысалы, «Саудагер мен құбыжық» ертегісінде құбыжық саудагердің басын шапқысы келеді, алайда бір қария кешіруін өтініп: «Ей, құбыжықтардың сұлтаны, егер сен таңқалатындай бір ертегі айтып берсем, мына саудагердің жанын маған қиясың ба?»,-дейді. Ертегінің осы жерінде таразының екі басы теңеседі. Оның бір басында адамның өмірі, ал екінші басында ертегінің таңғажайыптығы тұрады. Құбыжық келіскен соң, қария ертегісін баяндағанда ғажайыптар таразының басын басып кетеді. Құбыжық саудагерді аяғының астынан босатып, ойға батып: «Өмірімде мұндай оқиғаны естімеппін, ертегі шынымен-ақ ғажап екен» деп ойлайды. Саудагер босатылуы тиіс болады, өйткені құбыжықтың таңқалысы басым түседі. Ғажайып бұл жерде адамды өлімнен құтқарып қалады.   

Өмірді бір сәттік таңданысқа айырбастау – «Мың бір түн» кітабындағы ойынның ережесі. Бұл ережені басқа ертегілерден де көруге болады.  Ертегілер бізге өмірдің мақсатқа ие екендігін,  оның мақсатының қуаныш пен шаттық тудыру екенін үйретеді. Бұл ақиқат тіпті «Мың бір түн» кітабының басты кейіпкері Шахризаданың өмірімен астасып жатыр. Шахризада осы ақиқатқа қатысты күнде кешке сұлтанмен өмір мен өлім ойынын ойнайды.  Ол әр түні бір сәттік қуаныш пен шаттықтың есесіне бір күндік өмір алады.

«Хасан Басридің оқиғасы» атты ертегідегі ақылды да абыройлы шах Хандемир өзінің ертегішісі Абуәлиді шақырып алып, оған: «Сені маған ешқашан естімеген ғажайып ертегі баяндап беруің үшін шақырдым. Егер өзіңнің шебер тіліңмен мені баурай алсаң, саған кең жер, сарай мен қамал беремін, тіпті уәзір етіп тағайындаймын. Егер қаласаң, өзімнен кейінгі орынбасар ретінде таңдаймын. Ал егер жұлдызың оңыңнан тумай, менің тілегімді орындай алмасаң, қазірден бастап туыстарыңмен қоштаса бер, басыңа бәле төнеді»,-дейді. Малараманың «Мың бір түн» кітабы жайлы «Бұл кітап мені таңданыстың шегіне жеткізді» дегені бекер емес. 

Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Саудагер мен құбыжық» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Өмірдің ыстығы мен суығын көріп, ащысы мен тұщысын татқан саудагер алыс қалалар мен теңіздерге сапар шегеді екен.  Бір жолы тағы да үйден шығып, сапарға аттанады. Жүріп отырып, жүріп отырып ауаның ыстығы мен жүрген жолының ұзақтығынан  шаршаған соң демалып, тамақтану үшін бір ағаштың түбіне отырады. Дорбасынан нан мен құрма алып шығып, жеп болған соң құрманың сүйегін жерге лақтыра салады.  Осы кезде пышақ ұстаған құбыжық бас жағынан пайда болып: «Құрманың сүйегін жерге лақтырғанда менің баламның кеудесіне тиді. Содан ол өліп қалды. Осы істеген ісің үшін мен де сені өлтіремін»,-дейді. Саудагер: «Ей, құбыжықтардың жомарты, менің байлығым көп, бірнеше ұлым бар. Маған үйіме қайтып оралып, байлығымды балаларыма бөліп беріп, өсиет жазып, қайтып оралуға мұрсат бер. Бір жылдан кейін қайтып келуге уәде беремін»,-дейді. Құбыжық келіседі.  

Саудагер қалаға қайтып оралып, болған оқиғаның барлығын балаларына баяндап береді. Арада бір жыл өтеді. Саудагер құбыжыққа берген уәдесі бойынша әлгі далаға барып, өткендегі ағаштың түбіне отырып, өзінің жағдайына налып жылайды. Осы кезде бір киікті жетектеген бір қарт адам сол жерден өтіп бара жатады. Ол саудагермен амандасып: «Кімсің? Мұнда не үшін келдің? Бұл жердің құбыжықтардікі екенін білмеуші ме едің»-дейді. Саудагер қартқа болған оқиғаның барлығын баяндап береді. Қария: «Бұл қатерден құтыла алмайсың»,-деп, өзі оның жанына ағаштың түбіне отырып: «Осында бол, істің аяғы не боларын көрейік»,-дейді.

Саудагер қайта жылай бастайды. Осы кезде әлгі жерге екі қара иті бар бір қария жетеді.  Ол да амандасып, саудагерден бұл жерде не үшін отырғанын сұрайды. Саудагер оған болған оқиғаның барлығын баяндап береді. Әлгі қария отырмай жатып, салт атты бір қария келеді. Ол да амандасып, алдындағы екі қария сияқты саудагердің әлгі жерде отыру себебін сұрайды. Саудагер оған да болған оқиғаның барлығын баяндап береді. Кенет шаң  көтеріліп, оның арасынан қолында пышағы бар әлгі құбыжық пайда болып, саудагерді өлтіру үшін қолынан шап береді. Әлгі үш қарт саудагерге жандары ашып, көздеріне жас алады. Киік жетектеген қарт орнынан тұрып, құбыжықтың қолынан сүйіп: «Ей, құбыжықтардың әмірі, мен мына киік жайлы тыңдауға тұрарлық хикая білемін. Оны саған айтып беруге рұқсат ет. Егер көңіліңе жақса, мына саудагердің қанының үштен бірін маған қи»,-дейді. Құбыжық келісіп: «Айт»,-дейді.

Қарт сонда былай деген екен: «Ей, құбыжықтардың әмірі, мына киік – менің ағамның қызы. 30 жыл бойы менімен өмір сүрді, бала көтермеген соң, мен бір қызметшіге үйлендім, әлгі қызметші маған бір ұл тауып берді. Ұлым 15-ке келгенде сауда жасау үшін басқа қалаға кетуге мәжбүр болдым. Киікке айналған мына менің ағамның қызы бала кезінде сиқыршылықты үйренген екен. Соны пайдаланып, қызметші мен ұлымды сиыр мен бұзауға айналдырып жіберіп, бір малшыға тапсырыпты. Сапардан қайтып келгенімде қызметші мен ұлымның жоқ екенін байқап, әйелімнен себебін сұрадым. Ол: «Қызметші мен ұлың қашып кетті»,-деді. Мен мұны естігенде қатты көңілім түсіп, жыладым. Бір жыл қайғырдым. Содан Құрбан айт болған кезде малшыға барып, құрбандыққа шалатын семіз сиыр беруін сұрадым. Малшы семіз сиыр алып келді. Ол шын мәнінде әлгі қызметші болған еді. Ал мен ештеңеден хабарсыз болғандықтан, жеңімді түрініп, пышақты сиырдың мойнына кезеп, құрбандыққа шалмақ болдым. Сиыр мөңіреп, жылай бастады. Оған жаным ашып, өз қолыммен оны өлтірмедім. Малшыдан бауыздауын өтіндім. Малшы сиырды сойып, терісін алып жатқанда еті жоқ сүйек екенін көрдім. Сиырды өлтіргеніме өкініп қалдым, алайда өкінгеннен пайда жоқ еді. Сойылған сиырды малшыға беріп, семіз бұзау әкелуін өтіндім. Бұл бұзаудың өз балам екендігінен хабарсыз едім. Бұзау мені көргенде жібін үзіп, менің құшағыма бір-ақ кірді. Сосын жерге домалап, қатты дауыспен мөңіреді. Жаным ашып, малшыға: «Мынаны босат, басқа сиырды алып кел»,-дедім. Қазір киікке айналған мына менің ағамның қызы сол күні менімен бірге еді. Ол тура осы бұзауды бауызда деп қоймады. Бірақ мен оны малшыға сыйладым. Ол бұзауды алып кетіп қалды.

Тегтер

Сараптама