Feb 13, 2019 21:36 Asia/Almaty
  • Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 54

Мешіт – халықтың иманын нығайтатын ең жақсы мекен әрі мұсылмандардың қоғамдық, саяси, экономикалық, мәдени, тіпті, психикалық саулығы салаларындағы жұмыстарын кеңейтетін ең маңызды орталық.

Жасалған зерттеулер мешітке барудың адамға жалғыздықты, уайым-қайғы мен көңілсіздікті жоюға көмектесетінін көрсетті. Өмірге үміт, дұғаның қабыл болуы, сенім мен Аллаға сүйену, жамағатпен дұға оқып, Жаратушының махаббатына ие болу, басқа мұсылмандармен қарым-қатынас орнату арқылы жақсылық пен достықты нығайту мешіттің жұмыстарына қатысудың оң нәтижелері болып табылады. Негізінде  адамның мешітте мүміндердің арасында болуы және олармен мейіріммен рухани қарым-қатынас орнатуы адамның көңіл-күйінің көтерілуі мен тыныштығына себеп болады.

Ауғанстанның Мазар Шариф қаласындағы Көк мешіт

Бүгінде рухтың саулығы, тыныштық, алаңдаушылық пен қиындықсыз өмір сүру адамзаттың негізгі қажеттіліктеріне айналған. Психологтар адамдардың психологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін ауру мен алаңдаушылықтарға себеп болатын қате наным-сенімдер мен сезімдер және әркеттермен таныстыруға талпынады. Олар осы факторларды өзгертіп, тұрмысты жақсартатын ережелерді тапқысы келеді. Құран Кәрім өзінің мағынаға толы қысқа сөйлемімен тыныштыққа жету үшін Алланы еске алу керектігін қуаттап: «...Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» («Рағыд» сүресі, 28-ші аят), сондай-ақ, «Фатх» сүресінің 4-ші аятында: «Ол сондай Алла, мүміндердің иманын арттыра түсу үшін олардың жүректеріне тоқтау салды...»,- деді. Тыныштыққа ие болудың ең сенімді жолы – Алланы еске алу.

Мешіт – адамның рухани  және психикалық тыныштығына маңызды әсер ететін мекендердің бірі. Мешіт – Алланың алдында сәжде жасап, ғибадат ететін мекен. Сондықтан, мешіт – Аллаға жақындатып, менмендік пен қараңғылықтан алыстататын орталық. Адам мешітке келген кезде Алладан кешірім сұрап, нәпсісін тазартуға талпынады. Бұл қасиетті мекенде намазхан өзінің ішкі және сыртқы дүниедегі қайшылықтарын шешуге талпынады. Рауаяттарда мешітке жиналатын намазхандардың көптеген ерекшеліктері айтылды. Мұндай рауаяттарда дүниелік сыйлар мен ақыреттегі тыныштық, Алланың зияратшыларын құрметтеуі, қиямет күнгі нұрлану, күнәларды кешіру, барзақта періштелермен бірге болу туралы уәде етілді.

 

Мазар Шарифтегі Көк мешіт

Мешіт – ғибадат жасап, Алланы еске алу үшін ең жақсы мекен. Мешіттің кеңістігі илаһи кеңістік, сондықтан адамның рухына әсер етеді. Исламның ұлық пайғамбары: «Мешітті өз үйіне айналдыратын адамды Алла Тағала рухани және психикалық тыныштықпен қамтамасыз етеді»,- деген. Бұл хадисте айтылғандай, мешітпен қатынаста болу біріншіден, адамның дүниелік тыныштығын қамтамасыз етеді, екіншіден ақыреттегі сыйға себеп  болады. Бұл туралы: «Мүмін мешітте судағы балық секілді»,- деп айтылған. Исламның ұлық пайғамбары хадистерінің бірінде: «Тыныштық пен илаһи рақымға ие болмаса, ешбір топ кешірім сұрап, Құран оқу үшін мешітке жиналмайтын еді»,- деген.   

  

Көк мешіттің іші

Бұл рауаяттардың барлығы мешітке жиналудың психикалық және рухани тыныштыққа бөлейтінін жақсы көрсетеді.

Күнделікті қиындықтар адамдарға көп қысым жасап, әртүрлі психикалық ауруларға жағдай тудырады. Психикалық аурулармен қарсыласып, олардан алыстау туралы имам Садық (ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Бұл дүниенің қайғысы бастарына түскен кезде, вузу алып, мешітке барып, екі рекет намаз оқыңдар. Екі рекет намазда Алладан көмек сұраңдар. Алла Тағаланың «Сабыр мен намаз арқылы көмек сұраңдар» деген сөзін естімедіңіздер ме»,- деген болатын. Бұл хадис адамды мешітті паналап, Алладан психикалық аурулармен күресу үшін көмек сұрауға шақырады.

Ауғанстан, Мазар Шарифтегі Көк мешіт:

Көк мешіт, ​​​​2012ж.

Бұл жерде тұратын кейбір адамдардың пікірі бойынша, хазірет Әли бен Абиталеп Мазар Шариф қаласындағы Көк мешітте жерленген. Бірақ сенімді дереккөздер бойынша, хазірет Әли (ғ.с.) Наджаф қаласында жерленген, ал Мазар Шарифте хазіреттің немерелері бірінің жерленуі ықтимал.

Мазар Шарифтегі Көк мешіт

Балх халқының қисса-дастандарына сәйкес, «Тел Әли» деп танымал төбенің үстінен темір есігі мен күміс құлыбы бар кішкентай күмбез табылған. Бұл күмбездің ішінде маралдың терісіне «куфи» стилінде жазылған Құран мен үлкен қылыш және тас болған. Тастың бетінде: «Бұл қабір Әлиге тиесілі» деп жазылған. Ауыл мен аймақ тұрғындары бұл тақырыптан хабардар болған кезде қуанышқа бөленген. Хабар Хорасанның басшысы сұлтан Санджар Салджуқиге жеткен кезде ол Балх қаласына келіп, сол жердің тұрғындарына 50 мың алтын динар сыйлаған. Сұлтан Санджар сандықты өзімен бірге билік орталығы Мервке әкетіп, сол жерде қосын тұрғызғысы келген. Бірақ Балх ақсақалдарының кейбіреуі келіспей, сандықтың орнында қалуын сұраған. Сұлтан келісіп, дәл соның орнында балшықтан кішкентай ғимарат салған. Бірақ Шыңғысханның кезінде ғимарат қиратылып, бұл аймақ қайтадан бұрынғыдай «Тел Әли» деп аталды. 

 

Көк мешіт

Хиджри шамси күнтізбесі бойынша 859 жылы сұлтан Хосейн Байқара осы тақырып жазылған құжатты тапты. Жасалған зерттеулерден кейін бұл жерде сандықтың бар екені дәлелденді. Содан соң сұлтан Хосейн күмбездің құрылысын бастап, кесене тұрғызды. Ол мекенді абадтандыру үшін базар салып, Гераттың үлкендерінің көптеген отбасыларын бұл аймаққа жіберді. Содан соң Балх өзенінің бір тармағын бөліп, осы аймаққа жеткізді. Бұл әрекеттен кейін қала үлкейіп, «Мазар Шариф» деп танымал болды.

Көк мешіттің басында Джамидің өлеңі жазылған

Өткен ғасырларда мешіт көптеген оқиғаны бастан өткерді. Балх шаһтары кезеңінде мешіт пен зират кеңейіп, басқа да ғимараттар салынды. Шейбанилердің 11-ші басшысы Абдолмүмінхан Өзбек оның үстіне күмбез орнатты. Мұхаммадхан – шамамен 1014-1017 ж.ж. патшалық еткен Додманның екінші басшысы. Ол ғимараттардың ішін безендіріп, оның айналасына бақ екті.

Көк мешіт

Хазірет Әлидің (ғ.с.) зиратын плиткамен қаптау ісін 1287 жылы Аламханның басшылығы  кезінде Самиғ Самарқанди бастады. Ауғанстанның соңғы патшасы Мұхаммад Захиршаһ 1319 жылы кіреберістегі аркалары мен басқа бөлімдерін жаңартты.

Көк мешіт

Бұл мешіттің үлкен алаңы бар, оның төрт үлкен есігі плиткалармен қапталған. Төрт есіктің әрқайсы көшеге қарай ашылады.  Олардың бетіндегі суреттер Захиршаһтың бұйрығымен салынған. Көк мешіттің қарамағанда жүздеген шәкіртке білім беретін діни оқу орындары белсенді жұмыс істеп жатыр.  Мешіт кітапханасының іргетасы 1365 жылы қаланған. Кейбір кітаптары бахтари, кианилер, селджуқтер, теймурилер мен әртүрлі исламдық кезеңдерге тиесілі. 

Көк мешітіне шамси күнтізбесі бойынша жыл сайын жаңа жыл басталған кезде ондаған мың қонақ зиярат етіп келеді. Жыл сайын наурызға бірнеше күн қалған кезде Ауғанстан халқы елдің әртүрлі аймақтарынан Мазар Шарифтің Көк мешітіндегі "Қызыл гүлдер" тойына жиналады. Бұл кезеңде Балхтың даласы қызыл гүлге толады. Ауғанстан даласы мен тауларында, олардың етегі мен бақтарында, тіпті үйлердің қабырғалары мен төбелерінде қызыл көкнәр гүлі жайқалады.

 

Қызыл гүл тойы

 

 

     

 

 

Тегтер

Сараптама