Jun 12, 2019 04:15 Asia/Almaty
  • Иран базары (61)

Бүгінгі бағдарламада Иранның мұнай-химия өнеркәсібі мен оның ерекшеліктеріне тоқталамыз.

Мұнай-химия өнеркәсібі (Petrochemical industry) – химия өнеркәсібінің бір бөлігі. Онда әртүрлі кезеңдер барысында мұнай немесе табиғи газдан алынатын шикізаттан химия өнімдері өндіріледі. Мұнай мен мұнай өнімдері адам өмірінде қолданысқа енгенге дейін қажетті химиялық заттар өсімдік және жануарлардан алынатын өнімдерді өңдеу арқылы жасалатын. 20 ғасырдың басында шикі мұнай мен табиғи газ адамға қажетті өнімдердің көбін жасауға қажетті шикізат ретінде қолданыла бастады. Ғылым мен технология күн санап дамып, көмірсутектерді пайдалану кеңінен таралғаннан кейін мұнай мен табиғи газдан мыңдаған өнім алынды. Бүгінде күнделікті тұтынатын және өнеркәсіптік өнімдердің көбін мұнай-химия өнеркәсібінің өнімдері құрайды. Бұл өнеркәсіп химия, электр және электроника, текстиль, медицина, көлік жасау, үй жабдықтарын жасау және тамақ жасау салаларын қажетті заттармен қамтамасыз етеді.

Мұнай-химия өнеркәсібі

Мұнай-химия өнеркәсібін шикі мұнай мен табиғи газға қарағандағы ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – онда өте жоғары қосылған құн салығының болуы. Экономикалық құндылық тұрғысынан мұнай-химия өнімдерінің құны әлемдік нарықтарда шикі мұнай мен табиғи газдан жоғары. Әсіресе осы сала өнімдерін бастапқы шикізаттан (шикізат өндіруден) қорытынды өнімге (өңдеу өнеркәсібі) дейін қолдап, инвестиция салған елдер үшін аса табысты. Бұл өнеркәсіптің ерекшеліктерінің бірі – ондағы өнімдердің әралуандығы. Қажетті шикізат басқа мыңдаған шеберхана мен зауытты қамтамасыз етеді. Мұнай-химия өнеркәсібінде әдетте бір негізгі шикізат өндіру зауытының өнімдері басқа өңдеу зауыттарына шикізат болады. Басқа сөзбен айтқанда мұнай-химия өнеркәсібі басқа өнеркәсіп салаларын қамтамасыз ететін басты сала саналады. Ол даму үстіндегі елдердің экономикасын қозғалысқа түсіретін мотор ретінде негізгі рөл атқара алады. Мұнай-химия өнеркәсібінің экономикалық ерекшеліктерінің тағы бірі – жұмыссыздықты азайтуы мен жұмыс орындарын арттыруы. Яғни мұнай-химия өнімдерін өндіру тізбегінде тауар тұтыну нарығына жақындаған сайын бұл өнеркәсіпте шығыны азырақ жұмыс орындары көптеп ашылады. Мысалы, егер мұнай өнеркәсібінде жұмыс орнын ашу үшін кемінде 500 мың доллар инвестиция қажет болса, мұнай-химия өнімдерін өндіру саласына 360 мың доллар қаражат жеткілікті. Әрине пластикалық бұйымдар жасау сияқты мұнай-химия өнімдерін өңдеу салаларына азырақ қаражат жұмсап, жұмыс орындарын ашуға болады.  

Иранда мұнай-химия өнеркәсібінің тарихы 50 жылдан аса уақыт бұрын басталған. Х.ш.ж.с.б. 1342 жылы, сәйкесінше 1963 жылы толықтай Иран үкіметіне тиесілі Ұлттық мұнай-химия компаниясы осы елдің Ұлттық мұнай компаниясының қолдауымен өз жұмысын бастады. Бұл орталықтың бірінші шарасы Иранның оңтүстік-батысындағы Шираз қаласында химиялық тыңайтқыш шығаратын зауыт ашу болды. Иранның ұлттық мұнай-химия компаниясының Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін (1979 жыл) атқарған шараларының қатарына Рази, Абадан, Корбон, Харак және Фараби мұнай-химия зауыттарын салуы және Шираз мұнай-химия зауытын дамыту жобаларын орындауы жатады. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін және Ирак Иранға қарсы соғыс ашқан соң Шираз мұнай-химия зауытын дамыту сияқты жартылай атқарылған жобаларды орындағанына қарамастан Иранның мұнай-химия зауыттарының жұмысы минимумға жетті. Таңылған соғыс аяқталғаннан дейін (х.ш.ж.с.б. 1367 жылы) Иранда Бандар Имам кешені сияқты мұнай-химия орталықтарын қайта жөндеу және толықтыру қайта басталды.  Бұл орталықтар қайта іске қосылған соң  он жылдың ішінде елдің мұнай-химия өнеркәсібі сапа және сан стандарттарын сақтау тұрғысынан әлемдік стандарттар деңгейіне жетті. Бұл кезеңнің ерекшеліктерінің бірі ретінде өндіріс артып, өнімдердің экономикалық құндылығы жоғарылауымен қоса, ұлттық экономика мен мұнайдан тыс тауарлар экспортында мұнай-химия өнеркәсібінің орнының жоғарылағанын айтуға болады. Бұл өнеркәсіп аймақ пен әлем нарығында Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейінгі кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай рөл ойнап, әсерлірек шаралар атқарды.  ARVOS Group неміс компаниясының сауда қарым-қатынасын дамыту бөлімінің директоры Вольфганг Клекер (Wolfgang Klecker)  2017 жылы Иранда өткен 13-ші халықаралық мұнай-химия көрмесі аясында Иранның мұнай-химия өнеркәсібі туралы: "Иран ондаған жыл бойы химия өнеркәсібі нарығында басты рөл атқарды және осы позициясын әлі де сақтап отыр. Менің сенімімше, алдағы жылдарда Иран бұдан да жоғарырақ позицияға ие болады. Мұнай және мұнай-химия өнімдерін өндіру сияқты салаларда жаңа технологияларды пайдалану Иран өндірісінің басқа халықаралық компанияларға қарағанда бәсекеге қабілеттігінің нығая түсуіне себеп болды",-деді.

Бандар Имам мұнай-химия компаниясы Парсы шығанағының солтүстік батысындағы Хузистан облысында шамамен 270 га аумақты алып жатыр.

Иран экспортының статистикалық кестесінде мұнай-химия өнімдері елдегі мұнайдан тыс экспорттық тауарлардың ең көп бөлігін құрайды. Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының 40 пайыздан астамы мұнай-химия өнеркәсібіне тиесілі. Елдің мұнай-химия өнімдері әлемнің әртүрлі аймағындағы ондаған мемлекетке экспортталады. Иранның мұнай-химия өнімдерінің 13 пайызы Үндістанға, 23 пайызы Оңтүстік‑шығыс Азия елдеріне, 22 пайызы Қытайға, 18 пайызы Қиыр Шығысқа, 5 пайызы Еуропа елдеріне, 19 пайызы Батыс Азияға экспортталады. Айта кету керек, соңғы жылдардағы санкциялар барысында елдегі мұнай-химия өнімдерінің алуандығы экономиканың әртүрлі салаларының қиыншылықтарға қарамастан өз жұмыстарын жалғастыра беруіне себеп болды. Иран мұнайын сатуға қарсы санкция салынып, мұнай экспорты азайғанына қарамастан, әлемдік нарықтардың Иранның мұнай-химия өнімдеріне қажеттілігіне байланысты санкциялар қысымы мұнай-химия өнімдерінің экспортын тоқтата алмады. Тіпті санкция кезінде Иранның валюталық табысының бір бөлігі мұнай-химия өнімдерін экспорттаудан түсіп отырды.  

Иранның мұнай-химия өнеркәсібі отандық және шетелдік инвесторлардың назарын өзіне аударған айрықша ерекшеліктерге ие. Бұл саланың ең маңызды артықшылығы – елде мұнай-химия өнеркәсібін қажетті шикізатпен қамтамасыз ететін мұнай мен газ қорының мол болуы. Иран әлемде мұнай қоры тұрғысынан төртінші, газ қоры тұрғысынан екінші ел болып табылады. мұнай-химия өнеркәсібі өте көп мөлшерде шикізатқа, әсіресе газ шикізатына негізделгендіктен әлемнің көптеген жерлерінде осы шикізаттың тапшылығы Иранның шетелдік инвесторлар үшін тартымды елдердің бірі саналуына себеп болды. Өйткені бұл ел газға оңай қолжетімділікке, мұнай-химия өнеркәсібінде терең тарихқа және қолайлы инфрақұрылымға ие.

Бандар‑Аббас мұнай өңдеу зауыты Парсы шығанағының солтүстік жағалауында Бандар‑Аббас қаласына жақын жердегі шамамен 700 га ауданды алып жатыр. Бұл зауыт Иран мен Батыс Азия деңгейінде шикі ауыр мұнайды өңдейтін ең заманауи жалғыз зауыт болып табылады.

Аймақ елдері өздерінің мұнай-химия өнеркәсіптерін қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін жобалаудан өңдеуге дейінгі әртүрлі бөлімдерде жергілік емес кадрларды жалдауға мәжбүр болып отыр. Ал Иранның мұнай-химия өнеркәсібінің артықшылықтарының бірі – ирандық кәсіби мамандарының болуы. Бұл елдегі осы саланың мықты тұстарының бірі. Бұл жағдай шетелдік инвесторлардың назарынан тыс қалмады. Atlas Copco компаниясының директоры Оскар Шнабл өткен жылы Иранда өткен 13-ші халықаралық мұнай-химия көрмесі (IPF) аясында сөйлеген сөзінде осы жайтқа тоқталып: «Шикізатпен қамтамасыз етуде мол газ қорына ие болу Иранның мұнай-химия өнеркәсібінің жалғыз артықшылығы емес. Білікті кәсіби мамандардың болуы да осы елдің тағы бір маңызды артықшылығы саналады. Иранның Батыс Азиядағы позициясы үміт сыйларлық. Бұл біздің осы конференцияға қатысып отырғанымыздың басты дәлелі болды»,‑деді.

Иранның өте қолайлы географиялық жағдайы және Азия мен Еуропаның нарықтарына қолжетімділігі, экспорттау жеңілдігі мен тасымал шығынының аздығы тұрғысынан халықаралық суларға қолжетімділігі Иранның мұнай-химия өнеркәсібі ерекшеліктерінің қатарын құрайды. Иран – өзіне қажетті жабдықтардың басым көбін ел ішіндегі шеберханаларда жасайтын Батыс Азиядағы жалғыз ел. High-Tech санатындағы кейбір құрал‑жабдықтардан басқа, Иранда жабдықтардың көбін жасауға мүмкіндік бар. Оқыған жас мамандар мен іргелі ғылымға негізделген компаниялардың болуы Иранның мұнай-химия өнеркәсібінде жарқын болашақ боларына үміт берері анық.  

Бушердегі «Каве» компаниясы күніне 7 мың тонна метанол өндіретіндіктен әлемде осы өнімді шығаратын ең үлкен зауыт саналады.  

Global Data Energy институтының жаңа сараптамасына сәйкес, Иран алдағы жылдарда әлемде метанол (ағаш спирті) өндіру көлемі бойынша ең жоғары деңгейге жетеді. Метанол – әлемде ең көп қолданылатын үшінші химиялық материал. Ол мұнай‑химия өнеркәсібінде, соның ішінде бояу шығару, дәрі жасау және ауыл шаруашылығы тыңайтқыштары мен таза отын өндіру салаларында көп қолданылады. Қазіргі таңда Иранның мұнай‑химия өнеркәсібінде орташа алғанда жылына 5 млн тоннадан аса метанол өндіріліп, әлем нарықтарына, әсіресе Азияның шығысы мен Еуропа елдеріне экспортталады. Аталмыш институттың хабарлауы бойынша,  2022 жылға дейін  Иранда метанол өндіру көлемі 30 млн тоннаға жетеді. «Иран базары» атты бағдарламамыздың осы аптадағы бөлімін «Эйрликуид» атты франциялық компанияның химиялық өнімдер нарығы бөлімінің басшысы Матиас Штайнның сөзімен аяқтаймыз. Ол: «Қазіргі таңда Иран халықаралық сахнада әртүрлі мұнай‑химия өнімдерін экспорттайтын ең ірі елдердің бірі әрі басты ойыншылардың бірегейі саналады»,‑деді.  

Тегтер

Сараптама