Jul 24, 2019 19:26 Asia/Almaty
  • Иран базары (62)

Халықаралық энергетика агенттігінің хабарлауынша, 2016 жылы Иран 190 млрд. текше метр газ өндіріп, әлем бойынша ең ірі үшінші газ өндіруші болды. Иран әлемде газ қоры бойынша бірінші орында тұр.

XX ғасырдың 70 жылдарының басынан бастап әртүрлі қуат көздері арасында табиғи газ энергетикалық экономика мамандарының назарына алынып, әлемде қолданылатын қуат көздері арасында айтарлықтай үлеске ие болды. Халық санының артуы, энергетикаға қатысты ғылым мен өндіріс салаларында технологияның дамуы, тұтыну нарығының кеңеюі – осының барлығы әлемдік энергия себетінде басты отын ретінде табиғи газға көңіл аударылуына себеп болды. Соңғы онжылдықтарда әлемде қоршаған ортаға зияны азырақ отын түрлеріне сұраныс арта түсті. Табиғи газдың көмір мен мұнай сияқты басқа қазба отындармен салыстырғанда ластау деңгейі төменірек. Табиғи газдан алынатын әрбір қуат бірлігінде шикі мұнаймен салыстырғанда шамамен 24 пайыз, көмірмен салыстырғанда 42 пайыз төменірек ластайтын газ өндіріледі, ал одан шығатын қуат (энергия) көбірек. Табиғи газ – электр қуатын өндіретін ең маңызды көздердің бірі. Осы таза қуатқа сұраныс артып келеді. Зерттеулер бойынша, электр қуатын өндіруде табиғи газды пайдалану 2007-2035 жылдар аралығында 1,2 пайыздан асатын болады. Табиғи газдың ластау коэффициентінің төмендігі мен салынатын инвестиция көлемінің аздығы, жұмыс істеу жеңілдігі мен тиімділігі оны тартымды қуат көзіне айналдырды. Зерттеулер көрсеткендей,  2015 жылы әлемде 3500 млрд текше метрден аса табиғи газ тұтынылған. Бұл көлем 2000 жылмен салыстырғанда 41 пайызға өскен. 

Ирандағы газ өнеркәсібі

Табиғи газ мыңдаған жыл бұрын анықталған. Тарихи деректерге сәйкес,  қытайлар б.з.д. 3000 жылы 300-600 метр тереңдіктен газ өндірген және суды буландыру үшін тұз пайдаланған. Тарихи деректер бойынша, ежелгі ирандықтар мұнай мен газды бастапқы күйде кездейсоқ пайдаланып отырған. Бұрынғы заманда кейбір жерасты каналдарының тереңдігі өте аз болғандықтан мұнай жер бетіне эрозия кезінде немесе техтоникалық саңылаулардан шығып, табиғи өрт тудырып отырған. Сүлеймен мешітінің жанындағы зороастр ғибадатханаларының қалдықтары мен Әзірбайжандағы Азар Горшасп отқа табыну орны зороастрлардың аташкаделерін-ғибадатханаларын сақтау үшін табиғи отты пайдаланғанын көрсететін жерлер болып табылады.

Табиғи газ немесе метан (CH4) көмірсутектер арасында ең қарапайым әрі ең көп тұтынылатын көмірсутек болып табылады. Газ – қайта қалпына келетін қуат көздерінен басқа қазба отындарға қарағанда қоршаған ортаға азырақ қатер төндіретін отынның түрі. Бүгінде газ өнеркәсіп пен тұрмыста кең түрде қолданылады. Алдағы жылдарда оны тұтыну одан ары арта түседі деп болжануда.  Ұлыбританияның «Бритиш петролеум» мұнай компаниясының «2017 жылдағы әлем энергетикасына статистикалық шолу» атты есебі бойынша, 2016 жылы әлемде газ өндірісі артып, орта есеппен алғанда 3500 млрд текше метрге жетті. Бұл көлем 2015 жылмен салыстырғанда әлемде газ өндірісінің 21 млрд текше метрге артқанын көрсетеді. Халықаралық энергетика агенттігінің хабарлауынша, 2016 жылы Иран 190 млрд текше метр газ өндіріп, әлем бойынша ең ірі үшінші газ өндіруші болды.  Айта кету керек, Иран әлемде газ қоры бойынша бірінші орында тұр. Әлемде расталған 188 трлн текше метр газдың шамамен 34 трлн текше метрі Иранға тиесілі. Бұл әлемдегі табиғи газ қорының 18 пайызы, Таяу Шығыстағы газ қорының 51 пайызы мен ОПЕК‑ке мүше елдердегі газ қорының 40 пайызын құрайды. Иранның газ қоры газ кен орындарында және мұнай кеніштерінде қосалқы түрде кездеседі.   

Иранның ұлттық газ компаниясы әлемдегі газ өнеркәсібіне қатысты белсенділіктерде беделді компаниялардың бірі әрі елдің басты тасымалдаушысы ретінде х.ш.ж.с.б. 1344 жылдың дей айында, сәйкесінше 1966 жылы құрылды. Бұл компания елдің энергетика саласындағы макро саясаттарын назарға ала отырып, өзінің мақсаттарын даму өзегі ретінде табиғи газды оңтайлы пайдалану, халықтың тыныштығы мен әл‑ауқатын қамтамасыз ету, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, ұлттық инвестиция ретінде табиғи газды сақтау және елдің энергетикалық себетінде оның үлесін күнбе күн арттыру деп белгілеп отыр. Иран ұлттық газ компаниясының міндеттерінің бірі – кәсіпорындар, электр стансалары, сауда орталықтары мен тұрғын үйлерді отынмен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Иранда 73 мыңнан аса кәсіпорын қажетті қуатты газбен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл тұрғындарының 70 пайыздан астамы және қала тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтылған. Иранда күніне 800 млн текше метрден аса газ өндіріліп, мұнай-химия зауыттары, электр стансалары, ішкі өнеркәсіп салалары, мұнай ұңғымаларын құю, тұрмыста тұтыну, көршілес елдер мен халықаралық нарықтарға экспорттау үшін қолданылады.

2011 жылғы есеп бойынша,  Иранда 42-ден аса газ кеніші мен 92 газ багы тіркелген. Иранның газ кеніштерінен Ағаджари, Солтүстік Парс, Табнак, Хайям, Хангиран, Далан, Рохам, Сархун, Сефид Бағун, Шанул, Фару, Каманкух, Канган, Киш, Мобарак, Нар, Халкан, Хенгам мен Хамунды атауға болады. Иранның мұнай-газ кеніштері Парсы шығанағының таяз суларында және Каспий теңізінің терең суларында, сондай-ақ, құрғақ өңірлерде де кездеседі.

Қазіргі таңда Иран әлем бойынша кең таралған қуат көздері тұрғысынан мұнай мен газдың ең үлкен қорына ие. Әрине әдеттен тыс көздер (мұнай-газ тақтатастары мен газ гидраттары) туралы қажетті зерттеулер жүргізілген жоқ.  Иранның кейбір жерлерінде газ гидраттары қоры табиғи газдан да көп деп айтылады.   

Оңтүстік Парс газ кеніші

Иранда көршілес елдермен ортақ мұнай және газ кен орындары көп. Иранның көршілес елдермен ортақ 28 мұнай және газ кен орнының ішінде 18 мұнай кеніші, 7 газ кеніші мен 6 мұнай-газ алаңы бар. Иранда Кувейт, Катар, Әзірбайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ирак пен Түркіменстанмен ортақ мұнай және газ кен орындары бар. Иранның ортақ газ кеніштерінің бірқатары мыналар: Салман (Сауд Арабиясы), Мобарак (БАӘ), Хенгам (Оман), Би Фарс (Сауд Арабиясы), Гонбадли (Түркіменстан), Оңтүстік Парс (Катар). Оңтүстік Парс газ кеніші Иран мен Катардың Парсы шығанағындағы шекаралық аймағында орналасқан әлемдегі  ең ірі тәуелсіз газ кен орны болып табылады. Бұл кен орны Жер шарындағы халықтың 10 пайызының  қажеттілігін қамтамасыз етуге қабілетті деседі. Катар бөлігінде "Солтүстік күмбезі" деген атпен танымал Оңтүстік Парс газ кен орны 9700 шаршы километр ауданды алып жатыр және әлемдегі бүкіл газ қорының шамамен 8 пайызын құрайды. Бұл кен орнының 3700 шаршы километр ауданы Иран территориясында жатыр. Ол Ирандағы газ қорының жартысына жуығын құрайды. Оңтүстік Парс газ кенішінің Иранға тиесілі бөлігіндегі газ қоры 14 трлн текше метр газ және 18 млрд баррель газ конденсатынан тұрады. Иран жылына Оңтүстік Парс газ кенішінен 500 млн текше метрден аса газ өндіріп, оны күн сайын артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге, мұнай ұңғымаларына құюға, LNG өндіруге, сондай-ақ, мұнай-химия кәсіпорындарының шикізаты ретінде газ бен газ конденсатын экспорттауға жұмсайды.

Иран газы құбыр және LNG арқылы экспортталатындықтан елдің газ экспорттау саясаттарында басты басымдық көршілес елдерге беріледі.  Бұл басымдықтың себебі газды тасымалдау тәсілі және оның экономикалық тиімділігін назарға алудан туындап отыр. Қазіргі таңда Түркіменстан, Түркия мен Армения Ираннан газ импорттайды. Кувейт, БАӘ, Грузия, Үндістан мен Ауғанстан сияқты аймақтық елдер де Иран газын тұтынушылар қатарына жатады.

Тегтер

Сараптама