Sep 28, 2019 13:40 Asia/Almaty
  • Иран базары (64)

Иран 150 млрд баррельден астам мұнайымен әлемде расталған бүкіл мұнай қорының шамамен 10 пайызын иеленіп, мұнай қоры тұрғысынан әлемдегі төртінші ел болып табылады.

Қуат көздері экономика салаларының басым бөлігінің қозғаушы күші ретінде елдің дамуында айрықша орынға ие. Әлем елдерінде экономикалық және индустриалды дамудың қарқынды үдерісі көп жағдайда қуат көздерін тұтыну деңгейіне байланысты. Жаһандық энергетикалық себет оны әралуандандыру үшін жасалған көптеген талпыныстарға қарамастан мұнай мен газдың әлі күнге дейін әлемдегі ең маңызды қуат көздері болып табылады деген шындықты көрсетеді. ExxonMobil компаниясы «2017 жылғы энергетикалық перспектива» атты есебінде 2040 жылға дейін мұнайдың әлемдегі бүкіл қуат көзінің 32 пайызын қамту арқылы бұрынғыдай әлемдегі ең маңызды қуат көзі болып қалатынын мәлімдеді. Мұнай – стратегиялық тауар. Ол индустриалдық әлеуеттердің жандана түсуіне немесе жаңа әлеуеттер мен өнеркәсіп салаларының пайда болуына септігін тигізіп, дамуда өзекті рөл атқарады.

 

 

BP компаниясының мәліметі бойынша, әлемдегі мұнай қоры 2016 жылдың соңында 1 трлн 700 млрд баррельден асқан. Әлемде расталған мұнай қорының жартысына жуығы Батыс Азия аймағында орналасқан. Осы есепке сәйкес, Иран 150 млрд баррельден астам мұнайымен әлемде расталған бүкіл мұнай қорының шамамен 10 пайызын иеленіп, мұнай қоры тұрғысынан әлемдегі төртінші ел болып табылады. Иранда 170 мұнай-газ кеніші бар. Оның 120-сы мұнай кеніші, 50-і газ кеніші.  Сонымен қатар, 170-тен астам дамытылған және дамытылу үстіндегі мұнай-газ алаңы бар. Сондықтан Иран  әлемде ерекше орынға ие. Бұл елде 200-ден аса мұнай-газ алаңында өндіру және дамыту жұмыстары басталған жоқ. Иранның шикі мұнай қорының 70 пайызға жуығы жағалауда, қалғаны Парсы шығанағының түбіндегі жер қыртыстарында орналасқан. Бұл елдің, сондай-ақ, Каспий теңізінде расталған мұнай қоры да бар.

Әлемде мұнай ежелгі заманнан бастап қолданыс тапқан. Тарихи деректер және археологиялық қазба жұмыстары ежелгі заманда Қос өзен аймағын (Месопотамия, қазіргі Ирак) мекендеген өркениетті қауымдардың 4 мың жылдан астам уақыт бұрын кейбір мұнай өнімдерімен, соның ішінде битуммен таныс болғанын көрсетеді. Олар битумды ылғал өткізбейтін материал ретінде изоляция үшін пайдаланған. Римдіктер мен гректер де битумды кемелердің қаңқасын изоляциялауға, сондай-ақ, от жағып, жарық пен жылу алу үшін де қолданған. Иранда Ахеменилер заманында мұнай медицина саласында қолданылған. Грек тарихшысы Геродот өзінің жазбаларында ирандықтардың мұнай мен битум өндіретіні жайлы сөз қозғаған. Алғашқы мұнай барлау ұңғымасы 1745 жылы Францияда, ал алғашқы мұнай өндіру ұңғымасы 1859 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатында қазылды. Таяу Шығыста ұңғыма қазып, мұнай өндіру жұмыстары 20 ғасырдың басында Иранның оңтүстігіндегі Масджед-е Сүлеймен қаласында мұнай табылумен басталды.

Х.ш.ж.с.б. 1290 жылы Масджед-е Сүлейменнің №1 ұңғымасынан күніне 500 баррель мұнай өндірілген. Мұны Иранда мұнай өнеркәсібінің қалыптасуының бастамасы санау керек. Масджед-е Сүлейменде мұнай табылғаннан кейін Иранның оңтүстігінде басқа мұнай алаңдарын барлау жұмыстары жалғасын тапты. Содан кейін Хафткол (1306),  Ағаджари (1315), Ахваз (1337), Бинак (1328), Биби Хакиме (1340), Марун мен Карандж (1342), Парси мен Раг-е сефид (1343) сияқты мұнай алаңдары табылып, өндіріске енгізілді.

 

 

Масджед-е Сүлеймендегі алғашқы мұнай ұңғымасы

Уақыт өте келе әлем экономикасында мұнайдың рөлі артқан соң 1960 жылы мұнай экспорттаушы елдердің қатысуымен Ирактың астанасы Бағдат қаласында конференция өтті. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) осы ұйымға мүше елдер, яғни Иран, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт пен Венесуэла арасында мұнай өндірушілерге тұрақты баға белгілеп, нарықты бақылау үшін мұнай саясаттарын үйлестіру мақсатында құрылды. Уақыт өте келе Катар, Ливия, Индонезия, БАӘ, Алжир, Нигерия, Эквадор мен Ангола да осы ұйымға қосылды. Мәліметтер бойынша ОПЕК мүшелері әлемдегі шикі мұнайдың 40 пайызға жуығын өндіріп, әлемде расталған мұнай қорының үштен екісіне ие. ОПЕК-тің 2017 жылғы мұнай өндірісі күніне 31 млн баррельден асқан. Иран ОПЕК бойынша мұнай қорының 13 пайызына ие болғандықтан мүше елдер арасында үшінші орында тұр.

Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін Иранның мұнай өнеркәсібі көбіне шетелдік мамандар тарапынан басқарылатын. 18 мыңға жуық шетелдік кеңесші Иран мұнай өнеркәсібінің әртүрлі салаларында жұмыс істеген. Ислам революциясы жеңіске жетіп, шетелдік мердігерлер елден шығарылған соң ирандық басшылар мен қызметкерлер елдегі мұнай алаңдарын барлау, қазу және өндіру жұмыстарын өз қолдарына алды. Х.ш.ж.с.б. 1358 жылы Ислам революциясы жеңісінен бір жыл өткен соң елдің Мұнай министрлігі 4 компаниямен мұнай, газ, мұнай-химия, өңдеу және мұнай өнімдерін тарату саласында жұмыс істей бастады.

Иран  Мұнай министрлігінің ең үлкен құрылымы ретіндегі Ұлттық мұнай компаниясы – әлемдегі ең ірі мұнай компанияларының бірі. Ол Иранның мұнай-газ саласын жоспарлау, өндірісті басқару, өндіру, өңдеу, тарату және экспорттау міндетіне ие. Иранның Ұлттық мұнай компаниясы – мұнай-газ өнеркәсібін басқаратын сенімді құрылым. Оның құрамында бірнеше еншілес компания бар. Олардың бәрі Иранда шикі мұнай, газ және газ конденсатын өндіру міндетін атқарады. Ұлттық мұнай компаниясына қарасты маңызды еншілес компаниялар ретінде «Оңтүстіктегі мұнайлы өңірлер» ұлттық компаниясын, «Иран құрлығы үстірті» компаниясы мен «Иранның орталық  өңірлері» мұнай компаниясын атауға болады.  

«Оңтүстіктегі мұнайлы өңірлер» ұлттық компаниясы – Иранда шикі мұнай өндіретін ең ірі компания. Ол Иранның экономикалық айналымы мен энергетикамен қамтамасыз етуде айрықша орынға ие. Бұл компания 400 мың шаршы шақырым ауданда 50-ден аса ірілі-ұсақты көмірсутек кенішіне ие болғандықтан Ирандағы шикі мұнайдың 80 пайыздан астамын өндіреді. Осындай ауқымды мұнай алаңында Ахваз, Гячсаран, Марун, Карандж пен Парси сияқты кеніштер орналасқан.

 

 

Иранның мұнай өнеркәсібі мұнай өндіру бағасы жөнінен салыстырмалы артықшылыққа ие. Өйткені Иранда мұнай өндіруге кететін шығын төмен. Мұнай өндіру қаражаты инвестиция мен өндіріс жұмыстары деген екі фактормен байланысты. Инвестициялық қаражатқа мұнай нысандары мен құбыр желілерін салу және жаңа ұңғымаларды қазуға жұмсалатын қаражат жатады. Өндіріс жұмыстарына жұмсалатын қаражатқа мұнай өндіру, қызметкерлердің жалақысын төлеу мен тағы басқа атқарушы жұмыстардың шығындары жатады. Мұнай өндірісінің қорытынды бағасы осы өнеркәсіптің табыстылығын белгілеудегі маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.  Соңғы жылдары әлемдегі шикі мұнай бағасы барреліне 30 доллардан төмен түсті. Мұнай өндіру бағасы оның нарықтағы бағасынан жоғары болған кейбір елдер оны өндіруді тоқтатты. Иран – арзан мұнайға ие елдердің бірі. Статистика бойынша, Иранда бір баррель мұнай өндіру шамамен 12 доллар 60 центті құрайды. Осы негізде Иран әлемде ең арзан мұнай өндіретін бесінші ел саналады. Әлемде мұнай өндіретін маңызды 20 елдің 15 мыңнан астам мұнай кенішінен алынған мәліметтер бойынша, Ұлыбританияда  бір баррель мұнай өндіру бағасы 52 доллар 50 центті құрайтындықтан ең қымбат ел саналса, Катар 8 доллар 50 цент жұмсайтындықтан әлемде ең арзан мұнай өндіреді. Ангола 35 доллар 40 цент жұмсайтындықтан ОПЕК-тегі ең қымбат мұнай өндіруші саналады.

Иран 2017 жылы Азия және Еуропа елдеріне 770 млн-нан артық баррель мұнай экспорттады. Оның 60 пайыздан астамы Азия елдеріне, шамамен 40 пайызы Еуропаға жөнелтілді. Қытай мен Үндістан Иран мұнайының ең ірі сатып алушылары болса, Оңтүстік Корея мен Жапония да Иран мұнайын импорттайтын азиялық елдердің қатарына жатады. Еуропада Италия, Ұлыбритания, Венгрия мен Нидерланды Иран мұнайын сатып алады. Иранның Ұлттық мұнай компаниясы 2017 жылы мұнай экспорттаумен қатар, 17 млн тонна пеш отыны мен шамамен 2 млн-ға жуық дизель отынын көбінесе көршілес елдерге экспорттады. Ирандағы мұнай өндірісі статистикасы көрсеткендей, қазіргі таңда елде мұнай өндіру көлемі күніне 3 млн 500 мың баррельден асады.

 

 

Тегтер

Сараптама