Маусым 01, 2020 17:23 Asia/Almaty
  • Рухани: Иран әрдайым Ауғанстан үкіметі мен халқының жанынан табылады

ИИР Президенті көршілес елдермен, соның ішінде Ауғанстанмен достық әрі бауырластық қатынас пен ынтымақтастықты дамытуды Теһранның саясаты деп атап: «Иран Ауғанстанда бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік орнату үшін әрдайым осы елдің үкіметі мен халқының жанынан табылады»,-деді.

Хасан Рухани дүйсенбі күні Ауғанстан Президенті Мұхаммад Ашраф Ғанимен телефон арқылы сұхбаттасып, осы елдегі саяси топтар арасында жасалған келісімге қуаныш білдірді. Рухани Иранның Ауғанстанда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің дамуын аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің дамуы санайтынын айтты.

Рухани, сондай-ақ, Иранда ауған мигранттарға тегін медициналық қызмет көрсетілетініне тоқталып: «Коронавируспен күрес жолында ауған бауырларға медициналық қызмет көрсету бұрынғыдай жалғасады»,-деді.

Иран Президенті Чабаһар-Заһедан темір жол жобасын іске қосудың аймақтағы қарым-қатынас пен тауар тасымалдауға үлкен өзгеріс енгізетініне тоқталып: «Иран мен Ауғанстан арасындағы маңызды экономикалық жобалардың бірі Хаф-Герат темір жолын салу жобасы мен басқа да келісімдерді орындауды тездетуге талпыныс жасалуы керек»,-деді.  

Ашраф Ғани ауған мигранттарға көмектесіп, медициналық қызмет көрсетуді өте құнды деп атап, Иран үкіметі мен халқына алғыс айтты.

Ауғанстан Президенті, сондай-ақ, ИИР-ның аймақ тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы сындарлы рөліне тоқталып, Теһраннан Ауғанстандағы бейбітшілік үдерісі мен диалогқа қолдау білдіруді сұрады.

 

Тегтер

Сараптама