Қыр 30, 2022 02:02 Asia/Almaty

Иран Президенті Батыс тарапы келісімді қайта бұзып, саяси сылтаулармен Иранға қарсы қарар қабылдамас үшін сенуге тұрарлық кепілдік берілуін жəне қорғаныс мəселелерінің шешілуін талап етуі керегін айтты.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ибраһим Раиси сəрсенбі күні кешке тікелей эфирде халықпен сұхбаттасып, ядролық келіссөздердегі қазіргі жағдай туралы сұраққа жауабында Франция Президенті Эммануэль Макронмен жуырдағы кездесуіне тоқталып: "Бұл кездесуде Иран халқының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында қорғаныс мəселелерін шешіп, санкцияларды тұрақты түрде жою жайлы айтылды",-деді.

Раиси АҚХА-ның саяси қатынасын сынап: "Агенттіктің басшылары Иранның ядролық нысандарын аралағаннан кейін ресми түрде ауытқушылық жоқ деп мəлімдейді, бірақ Еуропаға қайтқан соң немесе сионистік режимнен біреу оларға телефон шалса, сөзін өзгертіп шыға келеді. Осы ұстаным өзгерісі агенттіктің техникалық мəселеге саяси тұрғыдан қарайтынын көрсетеді",-деді.

Раиси сондай-ақ БҰҰ Бас ассамблеясында қажы Қасым Солейманидің суретін көрсеткендегі мақсаты туралы: "ДАИШ-ты құрған америкалықтар екенін, ДАИШ-пен күрескен қажы Қасым Солеймани екенін айтқым келді. Лаңкестікке қарсы күрескен қаһарман адам АҚШ-тың бұрынғы басшысының қолынан қаза тапты",-деді.

Иран Президенті ШЫҰ-ның саммитіне қатысу үшін Самарқанға сапары мен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке сапарының жетістіктеріне тоқталып: "Иранның ШЫҰ-ға мүше болуы - маңызды оқиға",-деді.

Раиси ШЫҰ-ға мүше болу арқылы Иран инфрақұрылымының Азияның экономикалық инфрақұрылымдарына қосылғанын айтып: "Бұл ұйым əлем халқының айтарлықтай бөлігін қамтиды. Мүше елдер əлем экономикасының маңызды бөлігін ұстап отыр",-деді.

Иран Президенті сондай-ақ Махса Амини ханыммен болған оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін орындалған шаралар туралы сұраққа жауабында: "Махса Аминидің қазасына қатысты істе басты принцип - ашықтық пен əділеттік. Егер осы оқиғаға кінəлі адамдар болса, жазаға тартылатынын біліңіздер",-деді.

Тегтер