Қаз 19, 2021 04:26 Asia/Almaty
  • Қазақтың батыр қыздары

Елдің ерлігі қашанда оның ірі тұлғаларымен айқындала түседі. Тарих көшінде миллиондардың атын шығаратын бірегей біртуар тұлғалардың да қажеттігі осыдан шығар.

Кеңес Одағының батырлары Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанова көрінген ер шыдас бермес сұрапылда қан майданның қақ ортасында жүріп ерлік көрсеткен қазағымның қаһарман қыздары. Жарты әлемге ықпалын жүргізіп келген Кеңес Одағының барлық ұлттары жас ұрпағына қайсарлықтың, жігерліктің, отансүйгіштіктің өнегесі ретінде ұсынылып келген қаһармандар. Жанкешті ерлігінен соң қазақтың аяулысына,аруақтысына айналып, есімдерін мыңдаған сәбиге сыйлап, өздеріне тірі ескерткіш қойып кеткен қазақ қыздары.
 

Олар Қарақыпшақ Қобыландының, Асанқайғы мен Абыздың, Есет батыр мен Әйтекенің,Әбілқайыр мен Бөгенбайдың, Ботагөз ару мен Исатай Махамбеттің, Асау Барақтың рухы сіңген топырақ-құнардан өніп шықты. Бұл қасиетті қазақ жерінің қай тұсында да бір құнар. Еліміздің тәуелсіздік туын көтеріп, оңы мен солын тани бастаған шақта, дәуірлер алмасып, құндылықтар таразыға түскен кезде кейбір тұлғалар қайта тіріліп, өшіп те қалып жатады. Бірақ бір нәрсе өшпейді. Ол - ерлік ізі. Ерлік елдің рухын асқақтатып, айбының асырады.Қаһарман ерлік иесі Әлия бар болғаны 19 жыл өмір сүрді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел сүйенерлік ерлік жасап,артына аңыз қалдырды. Қаңды жекпе-жекте қаршадай қазақ қызының қол бастап, қан майданға шығуы қайран қалатын ерлік, кескілескен ұрыста Әлияның дауысы жауынгерлерге өлімді ұмыттырып, намыс жалыны болып шарпыды. Оның бейнесі көкейімізде сол кездегі қалпында ұялап, жадымызда мәңгілік сақталмақ.
 

Әлия мен Мәншүк – халық үшін егіз есім, бір ұғым. Бұл есімдер халқымыздың қадір-қасиетін, ұлттық мінезін, патриоттық тәрбиесін аласартпайтын тұлғаларға тиесілі. Қыз болып бұлаңдап бой жете алмай, ақ желек жамылып босағаны аттап келін болып түсе алмай арманда кеткендер байтақ елдің бостандығы жолында шыбын жанын пида етті, ал тарих оларға өз төрінен орын берді. Ендеше Әлия мен Мәншүк рухында, ерлігінде тарихи әрі табиғи құрандардан келе жатқан құдірет бар. Қазақтың барлық ардақтылары мен аяулылары сияқты олардың есімдері де тәуелсіз отанының тамаша болашағына беттеген жас ұрпақтың және бір құбылнамасы, аяулы өнегесі ретінде халықпен бірге жасай береді. Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің ерлігі – көзіңе жас алып тұрып мақтанатын, кеудеңді рух кернеп, көкірегіңді намыс оятатын ерлік. Екі тағдыр, екі аяулы ғұмыр. Кіндік Азия республикаларынан соғыста қару ұстанып, жаумен айқасқа түскен 500 қыз-келіншектің арасында қос қазақ-Әлия мен Мәншүк қана Кеңес Одағынын Батыры атанды. Екі өрімдей қыздың қысқа да мәңгілік ғұмыры өнеге толы. Рас, екі ер жүрек қыздың жер бетінде сүрген өмірі, жарығы аз. Десек те өшпес өнегеге толы қос тағдырды әрбір жас өскіннің жүрегінде тәрбиенің темірқазығы, отансүйгіштіктің, шынайы патриотизмнің, елді, жерді сүюдің нағыз үлгісі ретінде, ата мен ананы, халықты, туған жерді құрметтеудің өнегесі ретінде қалдыруға тиіспіз. Бұл ұлт тұтастығын, ел ішіндегі бірлікті, халықтың бейбіт тірлігін, ұрпақтың кемел болашағын ойлайтын қазақтың мұраты һәм міндеті болуға тиіс. Өйткені Әлия мен Мәншүк – тәрбиенің діңгегі болуға лайық аяулылар. Әлия мен Мәншүкті, осы аяулы қыздарымыздың қатарында қару ұстап жаумен айқасқан азаматтардың ерлік істерін жастарға үлгі етсек жарасады. Мәселен, мына естелікке қараңыз: «... Ең бастысы , біздің жігіттер намысшыл еді ғой. Намысын жігері жанығандай шетінен тастүйін, кеудесіне кек қайнап, ең қиын тұста тұрды, соғыс өнерін жетік меңгеріп алды»,-деп жазады Мәншүкті өз қолымен жерлеген Ұлы Отан соғысының ардагері Ахметқазы Болатов. Қазіргі қазақ жігіттері мен қыздарының бойында осындай намыс көргіміз келсе, неге осы азаматтарды үлгі етпеске... Олар ең бастысы елін, жерін, отанын сүйе білді. Сол махаббат оларды ғаламат ерлікке жетеледі. Олар ақ мамықтың үстінде бой күтумен емес, ат үстінде азамат қатарында өсті. Екі елді, екі халықты біріктірген аяулыларымыздың, солармен бірге қан майдан даласында етігімен қан кешкені бізге мәлім де беймәлім боздақтарымызды танытуда ел тұтқасын ұстар ертеңгі жастар үшін көп жұмыс жасаған болар едік. Әлия мен Мәншүк ерлігі әлі талай ұрпақтың тәрбиесіне өнеге болары лайық. Қазақтың « ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Бүгін бесікте жатқан ұрпақ Әлия мен Мәншүктің ерлігін естіп өссе, ертеңгі ұлттыңң, ертеңгі қоғамның отансүйгіш, ұлтжанды, өр рухты боларына күмән жоқ. Ал өнеге болар батырлардың ерлігін паш етіп, тәрбиенің діңгегіне айналдыру - баршамыздың міндетіміз.

Батыс өңірден шыққан қазақтың батыр қызы екеу еді: Ақтөбеден-Әлия, Оралдан- Мәншүк болатын. Енді осыған Атыраудан –Хиуаз есімі қосылды. Әрине, біздің көпшілігіміз батыстың үшінші батыр қызы туралы біле бермейміз. Хиуаз – аңызға айналған ұшқыш. Оның ерлік мектебі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, ұлттық мақтаныш. Ендігі жерде бұл апамыздың есімі де Әлия мен Мәншүкпен қатар аталуға тиіс. Аспанды күшті жарықпен тіміскілеп, зенитшілер іске кіріседі. Содан аман құтылып, ұшақтан бомбаны тастап үлгергенде ғана штурманның мәртебесі аспақ. Хиуаз тастаған бомбалар діттеген жеріне дәл түсіп, жаппай отқа орап талай жау бекінісінің үнін өшірді. Жазылып қалған деректерге сүйенсек, қазақтың қайсар қызы Хиуаз осындай тапсырмамен 300-ден астам мәрте аспанға көтеріліпті. Соның бәрінде де жаудың төбесіне жасын ойнатып, аман оралып отырған. Ұлы Отан соғысында майданға кірген әйел ұшқыштардың арасында теңдесі жоқ ерлік! Соғыстың аты-соғыс. Осындай ұрыс кезінде өзінің де жараланған кезі, тіпті ауыр жарақат алған шағы аз болған жоқ. Жанындағы құрбысының оқ тиіп опат болғанын да көрді. «Ертөстігі бір бөлек» дегендей, қазақтың қаракөз қызы Хиуаздың жөні бөлек болатын. Батыр қыздың майдандағы ерлігін сипаттайтын әңгімелер көп. Оның бір сыпырасы өзінің, замандастарының естеліктері, журналистердің зерттеулері арқылы орталық басылымдарда жарияланды. Қаһарман қыздың жасаған ғаламат ерлік оқиғалары одан да молырақ жылдарды қамтиді. Жиырма жасында ерлік даңқымен әлемді таңдандырған. Соғыс шежіресін жазып келген апамыздың бейбіт күндегі қызығы ұзаққа созылмайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда, Елбасымыздың жарлығымен батырлығы кезінде еленбей қалған Хиуаз Доспановаға 2004 жылы Халық Қаһарманы атағы берілді. Бір қуантарлығы, Хиуаз Қайырқызы марапатының оралғанын көзі тірісінде көріп кетті, кеудесіне тақты. 2008 жылы 86 жасында өмірден өтті.

Таулары тарих, даласы дастан қазақ елінің ерлігін тану үшін оның әйгілі тұлғаларымен анықталатын асуларына үңілесің. Тарих қойнауында көптеген адамдардың атын шығаратын бірегей біртуар тұлғалардың қажеттігі осыдан шығар. Қазақ халқының тарихы сан алуан оқиғаларға толы. Осы сан алуан оқиғалардың басында болмыс-бітімі ерекше тұлғалар болғандығы мәлім. Тарихтағы қилы кезеңдерде ерлігімен, өжеттігімен, қаһармандығымен өшпес із қалдырған қыздарымыз аз емес. Қазақ батыр қыздарының барша болмысы халық өмірімен кіндіктес. Тарих сахнасында ғасырлар бойы азаттық үшін аттан түспеген, халқын жаудан қорғау үшін қасық қаны қалғанша жауға қарсы тұра білген небір батырлармен арыстардың болғаны белгілі. Солардың қатарында батырлығымен әлемді таңқалдырған қазақ батыр қыздарының есімдері де ескерусіз қалған жоқ. Ұмай ана, Томирис, Ай-қаған, Гүлайым, Айша бибі, Ботагөз, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты аяулы қыздарының есімін халқымыз мәңгі ардақ тұтады. Қазақ даласында миллион жыл бұрын белгі қалдырған адамдар тіршілігі бір сәт үзілместен бүгінгі өмірмен жалғасып жатыр. Олар жусан иісі аңқыған қазақтың кең даласында халықтың терең жадында сақталмақ.

Идрисова Гүлжан Асанқызы

Алғаязова  Дариға Серікқызы

 

Ескерту: Мәтін түзетіліп берілді.

Тегтер